Аймақтар • 04 Маусым, 2023

Құндылыққа құрмет

1694 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыр өңірінде Мемлекеттік рәміздер күніне орай жүзге жуық іс-шара өтті. Атаулы күн аясында «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы мен «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері сап түзеді.

Құндылыққа құрмет

Байқоңыр қаласында жалпы­халықтық патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылып, барлық ауданда Елтаңба авторы, сырбойылық Жандарбек Мәлібековтің еңбегі кеңінен насихатталды. Мемлекет­тік Ту авторы, суретші Шәкен Ниязбековтің 85 жылдығына арналған іс-шаралар, патриоттық акциялар, көрмелер мен танымдық сағаттар өткізілді.

Атаулы күнге арналған ауқымды жиын облыс орталығындағы Рәміздер алаңында өтті. Қай мемлекеттің де мәртебесін айқындайтын басты құндылық – шекарасы, астанасы және Мемлекеттік рәміздері екенін атап өткен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналғандарды мерекемен құттықтады.

– Мемлекет басшысының «Қа­сиетті нышандарымызда қазақ­тың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Көк байрағымыз – мызғымас мемле­кеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», деген сөзінен еліміздің басты құндылықтары­на деген ерекше құрметті көреміз. Рәміздерімізді елдігіміздің ұраны, патриоттығымыздың бастауы, Отанымыздың мақтаныш символы ретінде таныту бәріміздің борышымыз, – деді облыс әкімі.

Патриоттық іс-шарада Отан, атамекен, туған жер туралы әндер орындалды. Мемлекеттік Туды желбіреткен жеңіл көліктер мен мотошабандоздар шеруі көше бойлап жүріп өтті.

 

БАЙҚОҢЫР