Спорт • 05 Маусым, 2023

Бейбіттің бағы жанды

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Арканзас штатының орта­лығы – Литл-Рок қаласында теннистен «Челленджер» санатындағы турнир аяқталды.

Бейбіттің  бағы жанды

Жүлде қоры 75 мың долларды құраған жарыста Бейбіт Жұқаев табысты өнер көр­сетті. АТР рейтингінде 325-орында тұрған Бейбіт іріктеу сынынан іркілмей негізгі турнирдегі тұсаукесер кез­де­суін гер­маниялық Петер Гоевчикпен (333) өткізді. Бұл тартыс 6:2, 6:2 есебімен қан­да­сымыздың пайдасына шешілді. Екін­ші кезеңде ол осы доданың басты фа­ворит­терінің бірі америкалық Николас Мо­рено Альбораннан (№182) басым түсті – 6:2, 6:7, 7:6. Одан кейін өзінің командалық әріптесі Михаил Кукушкинмен (№286) күш сынасты. Аса шиеленісті өткен сайыста жас дарын 35 жастағы сақа спортшыны сан соқ­тырып кетті – 6:7, 6:4, 7:5. Жартылай финалда Жұқаев аустралиялық Адам Уолтты жо­лынан ығыстырды – 6:7, 6:4, 7:6. Бірақ финалда Марк Лаялуға (311) әлі жетпеді. Бұл тартыс 4:6, 5:7 есебімен Эстония тен­нисшісінің пайдасына шешілді.

22 жастағы Ақтау қаласының тумасы қазіргі кезде өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Оның Литл-Роктағы жарыста финалға дейін жетуі – спорттық мансабындағы әзір­ге ең ірі табыс. Осы жетістігінің арқа­сында Бейбіт Жұқаев әлемдік рейтингте 254-орынға кө­терілді.