Қазақ тілінде әзірленген «Phenomenal kids» жобасы арқылы балдырғандар әлеуметтік желіде ертегі, бесік жырын тыңдай алады. Сондай-ақ платформада балаларды дамытуға арналған контент жарияланды. Айта кетерлігі, жобаны әзірлеуге әртістер мен елге танымал белсенді азаматтар үлес қосқан. Мұның барлығын жобаның таныстырылымында идея авторы, продюсер Азат Абыкен тарқатып айтты.
– Біз бір топ белсенді азаматтың басын қосып, отандық балалар контентін әзірледік. Бұл дүниеміз ең әуелі қазақ тілінде, сосын ағылшын және орыс тілінде қолжетімді. Біздің өнімді елге танымал әртістер дыбыстады. Бірінші жинақта әуенге басымдық бердік. Екінші жинаққа қазақ ертегілерін топтастырдық. Біз жаңа дәуірдің технологияға бейім балалары ақпаратты жылдам қабылдайтынын білеміз. Сондықтан балақайларға түсінікті болсын деген ниетте таспаға жаңа нұсқада 12 ертегі енгіздік. Ертегілерді де елге есімі белгілі азаматтар дыбыстады. Үшінші жинақта әрине балаларды дамытатын контенттер әзірледік. Яғни мұнда балалар әуезді ән арқылы әріп танып, санауды, түстерді ажыратуды, тазалық сақтауды үйренеді. Жануарлар әлемімен танысып, тіпті жаңа мамандықтар жайында ақпарат ала алады. Біз балаларға сапалы контент ұсынуды міндетіміз деп санадық. Сондықтан жобаны өз күшімізбен, өз қаражатымызға бастадық. Жобаға қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтамыз. Бұл біз іске асыруға оқталған үлкен жұмыстың бірінші сатысы ғана деп ойлаймыз. Сондықтан жыл соңына дейін балалар контентіне бейжай қарамайтын серіктестеріміз пайда болар деген үміттеміз. Жаңа дәуірдің балалары бізден әлдеқайда дарынды, ширақ әрі мықтырақ. Солай болуы да заңдылық. Балалар біз жасаған өнім арқылы әуелі қазақ тілінде еркін сөйлеп, сосын орыс тілінен бұрын ағылшын тілін төте үйрене алады. Осы контентті пайдаланған балалар бәсекеге қабілетті болып жетілсе екен дейміз, деген жоба жетекшісі жобаны үйлестіруге үлес қосқан шығармашылық ұжымды көпшілікке таныстырды.
Осы тұста жобаның композиторы Әскер Абдрахманов қазақша балалар контентін әзірлеу идеясы қалай туғанын айтып берген еді.
– Пандемия кезінде менің тұңғышым дүниеге келді. Әрине отбасымыздың үлкен-кішісі түгел балаға көңіл аударды. Сол тұста баламызға қазақ тілінде контент керегін түсіндік. Осылайша, бірінші бесік жырын жаздық. Сосын дамытқышты дайындадық. Уақыт өте келе біршама сапалы дүние жиналды. Енді осыны неге елдегі барша балаға ұсынбасқа деген ой мазалады. Былтыр қарашада жобаны мықтап қолға алып, осы күнге дейін іске асырған жұмыстарды топтастырдық. Әзірге біздің өнім екі-үш жасар балаларға арналған. Келешекте мультфильмдерге көңіл аударамыз деп отырмыз, дейді ол.
Балалар қазақша контент арқылы қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін біліп, қоршаған ортаны ана тілінде танып өседі. Ол үшін бірінші кезекте қазақ тіліндегі контент әр алуан болса, оны тамашалған бала жалықпай, керісінше, қызықса игі. Балаларға сапалы дүние ұсынуды ойлаған «Phenomenal kids» жобасының авторлары бүлдіршіндердің талғамын елеп-ескергені қуантады. Мысалы, жоба үйлестірушілері дайын өнімді әуелі өздерінің балаларына ұсынған. Яғни сапалы дүниеге бірінші болып оң баға берген – ересектер емес, бүлдіршіндердің өзі. «Phenomenal kids». Көпшілік неге жоба ағылшын тілінде аталды деп ойласа керек. Мұның себебі, жоба жетекшілері отандық өнімді халықаралық деңгейде танытуды мақсат тұтып отыр. Қазақ тіліндегі балалар контентінің жанашырлары жыл соңына дейін бір ертегіні Мемлекет басшысы ана тілімізде дыбыстаса деген ниетте. Ендеше, біз де қазақ тіліндегі балалар контентін әзірлеуге үн қосқан белсенді азаматтарға табыс тілейміз. Құлаққағыс ретінде айтар болсақ, «Phenomenal kids»-тің балаларға арналған сапалы дүниелері әлеуметтік желідегі барлық платформада қолжетімді.