Іс-шараға отандық анимация ардагерлері мен қазақ анимациясының дамуына елеулі үлес қосқан отандық мәдениет қайраткерлері жиналды. Көпшілік назарына 1967 жылы жарық көрген қазақ мультипликациясының алғашқы туындысы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінің цифрландырылған нұсқасы ұсынылып, арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге анимация атасының өзі тұтынған бұйымдары, шығармашылығына пайдаланған жеке заттары қойылды.
Әмен Қайдар – қазақ анимациясының негізін қалаушы. Ол Кинематографистер одағының хатшысы, кейін Суретшілер одағының төрағасы қызметін атқарды. «Құрмет белгісі», «Парасат» орденінің, III дәрежелі «Барыс» орденінің, «Алтын Адам» сыйлығының иегері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Қазақ мультипликациясының тарихы қоюшы-режиссер Әмен Қайдардың 1967 жылы түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш фильмінен бастау алды. Мультфильм 48 елде көрсетіліп, Ленинградтағы ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальдің лауреаты атанып, мультфильмдер кинофестивалінде құрметті орынға ие болды. Сондай-ақ Әмен Қайдардың танымал анимациялық жұмыстары қатарында «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы», «Күн шағылысы», «Сиқырлы кілем» мультфильмдері бар.
Өткен жылы қазақ анимациясына 55 жыл толды. Осы жылдар ішінде екі жүзге жуық мультфильм түсіріліп, отыздан астам анимациялық студия өмірге келді. 2018 жылы анимациялық киностудиялар қауымдастығы құрылып, өз кезегінде бұл ұйым рухани-мәдени маңызы бар игілікті іс-шаралардың басынан табылды. Соның ішінде жыл сайын ұйымдастырылатын Халықаралық «Amen animation film festival» айрықша орын алады.
Сонымен қатар қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдардың туғанына бір ғасыр, яғни 100 жыл толуына орай «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінде Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Әмен ағаның бәйтерегі» атты қысқаметражды мультфильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.
АЛМАТЫ