Адамның ниетінен, арман-тілегінен, идеясынан көп жайтты аңғаруға болады. Бірақ олардың шынайы не жалғандығын айыру қиын. Осыдан келіп, «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген нақылды іштей еріксіз қайталайсың.
Ниет-пиғыл, арман-тілек, аңсар-идея жақсы не жаман болсын адам болмысында, санасында, жүрегінде қалыптасады. Өз алдына бөлек құндылық. Осы құндылық әркімнің қоғамдағы орнын, көзқарасын анықтауда өзіндік септігін тигізеді.
Жаманға, қараулыққа ниеттенгендер мен жақсыға пейілденгендер бір-біріне қарама-қарсы күш екені сөзсіз. Бірақ оларды белгісіздік белдеуінде тұрған тұманды қоғамда нақты ажыратып қарастыру қиын. Дәл осы жайт қоғамымыздағы бұзық пиғылдылар мен ниеті тазалардың сыртқы мазмұнын, сипатын бірдей етіп көрсетіп, халықтың көзін байлап отыр.
Көптеген адам жақсы көріну жолында жанталасып бағумен болады. Ішкі арам есеп пен бұзық пиғыл керемет көмкеріледі. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеу, шын жақсының жолын кесу – өмір үшін күрес, бәсекелестік орта құрудың талабы ретінде аярлықпен бүркемеленеді.
Басқасы басқа, халықтың алдындағы жауапкершілігі ерекше атқарушы билік пен өкілді органдарда елге деген ниеті оң, пейілі түзу азаматтар қызмет еткені дұрыс. Десек те, бұл тілегіміз орындала бермейді. Сырттай қарасаң, көп азаматтың сөзі де, ісі де дұрыс секілді. Бірақ ондайлардың бір күні айдай әлемге әшкере болып, түрлі себеппен ұсталып, қамалып жататынын көргенде бұрынғы сеніміңнің быт-шыты шығып, пұшайман болып қаласың. Іштей, «Е-е, мұның да пейілі таза емес екен ғой», дейсің.
Қазақта «О, Құдай, байлығымды алсаң да, пейілімді алма» деген ұлағатты сөз бар. Бұдан халқымыздың ниет-пейілді барлық құндылықтан жоғары қоятынын аңғару қиын емес. Ниеті оң, пейілі түзудің ісінде береке болады. Дүние-байлық, материалдық құндылық пейілдің жанында түк те емес. Пиғылың бұзылса, пейілің ортайса, жиған-тергеніңде мән-мағына қалмайды. Бірақ мұны ескеретіндер аз.
Адами құндылықтардың бірі ретінде адалдықты таңдау халықтық салт-сана, Ата заң мен моральдық-этикалық нормалар аясында өмір сүруге, еңбек етуге бағыттайды. Алайда қоғамдағы басқалардың тарапынан туындап жататын келеңсіз көрініс, талайлардың бейәдеп қылықтарға барып, ортақ мүддені жеке бастың қамынан төмен қойып, пасықтыққа баруы дұрыс бағыт ұстанғандардың көңілін бұзып, кері тартып, олардың ақ жолдан таюына азғыратыны қынжылтады. Шынайы пейілмен жүргендерді «қолынан келген соң қонышынан басатындар» кесірінен «шөміштен қағылуы», қызметте еленбеуі, қоғамда біліміне, қабілетіне сай орнын таба алмауы ойландырмай қоймайды. Оның да ойы бұзыла бастайды. Баяғы таза пейілі ол үшін кесір-кедергі болып көрінеді, өз құндылығын жоя бастайды. Сөйтіп, ол да «ұлы дүрмекке», пасықтық пен харам пиғылдың жетегіне ілесуді қолай көреді. Мұнысын іштей түрлі мысалдармен ақтап, өзін жаңа жағымсыз бағытқа түсуіне итермелейді. Алғашында ол іштей ыңғайсыз сезінгенімен, жүре келе бой үйрете бастайды, шынайы ниетіне қуат беріп келген энергиясының арналары жабылып, екінші тынысы – пасық пиғылына нәр беруші энергия көздері ашылады. Осыдан келіп оның ел, қоғам алдындағы жауапкершілігі төмендей түседі. Осылайша, бойындағы адалдығы қараулыққа, қараниеттілікке трансформацияланған адам ой еркіндігінен, таза еңбекпен күн көру ұстанымынан айырылады. Халықтық мүдде саналатын әділеттілікке қызмет ету оның санасынан ысырылып қалған соң, ол да қоғамдағы қара күштердің, керітартпалардың қатарына қосылып кете барады.
Еркін ой мен сындарлы ақылға, адал ниетке орын табылмаған қоғамда таза пейілмен қаруланып өмір сүру мүмкін емес немесе ауыр деген түсінік орныққан жерде ілгерілеу, даму, адами жақсы құндылықтарды ту ете өмір сүру қиын. Сондықтан осы қиындықты басынан өткеріп өмір сүргісі келетіндер сирек кездеседі. Өкініштісі сол, біздің қоғамда таза, адал пейілмен жүріп-тұру оңай емес деген түсінік сіресіп тұр. Оның сеңі қашан бұзылатынын әзірге ешкім болжай алмайтындай. Жастарымыздың шетелге қарай емініп тұратынының басты себептерінің бірі – ақ-адал ниетпен еліне қызмет ету мүмкіндігінің төмендігі.