Жақында университетінде өткен Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысында оқу орнының меншік құқығындағы бірқатар нысанды қайтару мәселесі қаралды. ЖОО басшылығы, құрылым жетекшілері, факультет декандары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысқан жиында 30 жыл ішінде университет балансынан шығарылған активтердің заңдылықтарын анықтау жұмыстарының алғашқы қорытындылары жарияланды.
Отырыста ҚазҰАЗУ басқарма төрағасы – ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев «Инфрақұрылымның даму мәселелері мен оларды шешу жолдары» туралы баяндама жасап, ғалымдар университет балансынан шығып кеткен ірі көлемді активтерді қайтару мәселесін көтерді. Отырыста ғалымдар да осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, ұсыныстарын жеткізген еді.
Оқу ордасының нысанындағы меншіктерге қатысты туындаған мәселелерге орай қойған сауалдарымызға ҚазҰАЗУ бірінші проректоры Пірімқұл Ибрагимов «Аталған оқу орнына тиесілі мүлікті қайтару жұмыстары өткен жылдан бері қолға алынып келеді», деп жауап берді. Проректор атап өткендей, Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес қазіргі кезде тексеру жүріп жатыр. Осы орайда Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет агенттігіне тиісті ақпараттар мен құжаттар берілген. Ендігі кезекте тексеру қорытындысына орай оқу орны меншігіндегі активтерді қайтару барысы анықталмақ. Сонымен бірге университеттің инфрақұрылымдық дамуын жеделдете отырып, студенттерге жағдай жасау мақсатындағы шаралар да жүйеленуде. Осы мақсатта оқу орнында эндаумент қор ашылып, үздік жобаларды қолдау, аудиториялар мен зертханаларды заманауи жарақтау ісіне де көңіл бөлініп отыр.
Қазіргі кезде университеттің мүлкіне қатысты мәселені «Amanat» партиясы да жіті бақылауда ұстап отыр. Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Саиров партия жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңес тиісті орындармен бірлесіп тексеру жүргізіп жатқандығын әрі оның нәтижесінің алдағы уақытта хабарланатындығын жеткізген болатын.
Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде университетте 12 оқу ғимараты, 7 студенттік және 2 отбасылық жатақхана, магистранттар мен докторанттар үйі бар. Алматы облысы аумағында «Саймасай» және «Байбұлақ» атты екі оқу-тәжірибе шаруашылығы жұмыс істейді. Бірақ оқу орнының бүгінгі материалдық-техникалық негізін дамыту жағы өзге жоғары оқу орындарынан артта қалып қойған. Шешілмеген мәселелер жеткілікті. Десек те ректор Ақылбек Күрішбаевтың басшылығымен оқытушылардың жалақысын көтеру, студенттердің сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мен инфрақұрылымдарды дамытуға басымдық беріліп отыр.
«Кейбір қызметкерлердің қызмет бабын асыра пайдалануынан жатақханалар бейтаныс адамдарға беріліп, жеке кәсіпке айналып кеткен. Осы орайда 65 жекеменшік колледж студенті мен тұруға мүлде құқығы жоқ 100-ден астам бейтаныс адам университет жатақханасынан шығарылған. Басқарма жатақханадағы тұру құнын нарыққа сай қайта қарастырып, белгілеген. Бүгінде студенттерді жайлы, ыңғайлы жатақханада тұрады деп айту өте қиын. Осы орайда келесі жылдан бастап жатақханалар мен оқу корпустарына кезең-кезеңімен күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр», деді Қ.Сұлтанғазиев.
Оқу орнының инфрқұрылымдық мәселелерін талқылай келіп, ғалымдар баланстан шығып кеткен ірі көлемді активтерге тоқталды. Атап айтқанда, 1000 төсектік орын, 3 студенттік жатақхана, жалпы ауданы 18828,5 шаршы метр 5 оқу-зертханалық ғимараттар, жалпы ауданы 1,8 га 1 стадион, оқу спорт кешенімен, жалпы ауданы 700 шаршы метр әкімшілік-шаруашылық ғимараттары мен өзге де жылжымайтын мүлік нысандары, университет ғимараттарына іргелес – жалпы ауданы 5 гектарға жуық жер телімдері, университеттің Алматы облысындағы Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан оқу-тәжірибелік шаруашылықтарындағы 12 га жер телімдері бар.
Ал оқу орны балансынан ертеректе жекеге шығып кеткен жылжымайтын мүліктер қатарында Алматы қаласы Назарбаев даңғылы, 176 мекенжайында орналасқан «Агрономия» факультетінің студенттік жатақхана тұрғын үйге айналса, Абай даңғылы, 30 мекен жайындағы «Зооинженерия» факультетінің жалпы аумағы 4047 шаршы метр студенттік жатақхана, сонымен қатар Абай даңғылы, 26а мекенжайындағы жалпы көлемі 10431 шаршы метр аумақтағы «Зооинженерия» және «Ветеринария» факультеттерінің лабораториялық оқу ғимараттары, Бостандық ауданы, Сәтбаев көшесі, 7а мекенжайындағы «Зооинженерия» факультетінің жалпы көлемі 1684,6 шаршы метр жатақханасының бір бөлігі, 0,3076 га жер телімі де бар көрінеді.
Бұл тізімді жер телімімен қоса 2001 жылғы 14 желтоқсандағы №2032 сату-сатып алу келісім шарты бойынша «Халықаралық бизнес университетіне» жекеменшікке өтіп Абай даңғылы, 8а мекен жайындағы «Ауыл шаруашылығын электрофикациялау» факультетінің оқу ғимараты толықтырады. Сонымен қатар Абай даңғылы, 8-8 мекенжайындағы «Ауыл шаруашылығын механизациялау» факультеті оқу ғимаратының бір бөлігі, жалпы аумағы 997,5 шаршы метр, (0,0388 га) жер телімімен қоса 2001 жылғы 6 маусымдағы «Үстел теннисі федерациясы» ҚБ-іне №1963 мемлекеттік меншікті сату-сатып алу келісім шарты бойынша жекеменшікке берілген. Абай даңғылы, 28 мекенжайындағы жалпы аумағы 1206,0 шаршы метр стадион (спорт залымен) және 1,8051 га жер телімі 2007 жылы, ал Абай даңғылы, 8 мекен жайындағы әкімшілік-шаруашылық ғимараттары (0,3083 га) жер телімімен қоса 2006 жылғы 20 қарашада, сондай-ақ Абай даңғылы, 28 мекен жайындағы Оқу және әкімшілік ғимараттары, құрылысы бітпеген нысан мен (0,9051 га) жер телімі «Ирида инвест» ЖШС-ның жекеменшігіне өтіп кеткен.
Ал қалалық әкімдіктің шешімімен университет аумағындағы «Рамс Қазақстан» ЖШС көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы да тоқтатылған.
Оқу орнының басшылығы қазіргі кезде жалға берілетін тұрғын емес жайлар мен алқаптардан түскен кірістерді зерттеуге де аса мән беріп отыр. Жалға алушылардың келісім шарты бойынша 2021 жылы бір жылда университет шотына 30 миллион теңгеден аса қаржы аударылса, 2022 жылдың қаңтар-қараша аралығында 40 миллион теңгеге жуық қаржы түскен. Сол мерзімде жаңа басшылықтың қолға алуының арқасында университет шотына жылдың соңына дейін аударылған қаржы мөлшері 68 миллион теңгені құрап, 35 жалдау шарты жасалып отыр. Биыл 4 айда 44 жалға алушыдан университет шотына 62 миллион теңгеден астам қаржы түскен. Бұған дейін коммуналдық төлем мүлде алынбай келген. Ендігі кезекте өткен жылдың төлемі талап етілген. Ал осы жылдың соңына дейін жалға алушылардан 350 миллион теңгеге жуық қаржы түседі деп жоспарланып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, биыл Алматы қаласы мен Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыратын Аграрлық несие корпорациясымен университет тарапынан кеңсені жалға беру туралы келісім шарт жасалды.
«Саймасай» және «Байбұлақ» оқу-тәжірибе шаруашылықтарындағы студенттер үйлері апатты жағдайда тұр. Қазіргі таңда жалпы сомасы 51 млн теңгеге күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, «Байбұлақ» оқу-тәжірибе шаруашылығында әкімшілік ғимараттар мен екі жатақхананың маңында орналасқан жер телімін заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Оқу орны басшылығының жоспарына сәйкес әкімшілік ғимараттар, жатақханалар заманауи реңкке енетін болады. Ал биыл «Айдарбаев» шаруа қожалығымен «Саймасай» учаскесінде жалпы көлемі 380 гектарға қатысты бірлескен қызмет туралы келісім жасалған. «Айдарбаев» шаруа қожалығы – егін және мал шаруашылығымен айналысатын, сонымен қатар 1000 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы бар, 350 гектар аумақта бау-бақша өсіретін ірі шаруашылық. Шаруашылық өз зауытында көкөніс өнімдерін өңдеумен айналысады. Университет басшылығы бұл компаниямен ынтымақтастық, ғалымдарға селекциялық және технологиялық жетістіктерді сынауға, бейімдеуге және тираждауға, сондай-ақ егіншілік, ауыл шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, тұқым шаруашылығы, селекция, мал азығын өндіру өндіріске енгізуге мүмкіндік береді деген сенімде. Бүгінде осындай бірлескен келісім шарттар нәтижесінде университет шотына жылына 50 млн теңге қаражат аударып отыратын болады. Қазіргі кезде студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне орай аталған шаруашылық университет жатақханасын жөндеуден өткізді. Бүгінде 300 гектарға жүгері дақылы себілген. Ал Байбұлақ ауылында орналасқан университет балансынан шығарылған 1,2 гектар жерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар университеттің спорттық-сауықтыру жұмыстарын жақсарту мақсатында 200 орынға арналған стадионды жаңғырту жоспарланған. Студенттерді жазғы демалыс кезінде жұмысқа орналасуын тиімді ұйымдастыру үшін «Жасыл ел» жасағы жұмысын бастап кетті.
АЛМАТЫ