Құрылыс • 06 Маусым, 2023

Құрылысқа бақылау күшейтіледі

4486 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салуды қамтамасыз ету іс-шаралары қаралды.

Құрылысқа бақылау күшейтіледі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев алдағы жылдары 1 млн-нан аса отбасын жаңа бас­панамен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты. Қойылған міндетке қол жеткізу үшін 2029 жылдың соңына дейін республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беруді жыл сайын 200 мың шаршы метрге арттыру көзделген. Атап айтқанда, биыл 15,3 млн шаршы метр немесе 143 мыңнан аса пәтерді аяқтау жос­парланып отыр.

Сонымен қатар бүгінде республика бо­йынша үлестік қатысуы бар 44 про­­блемалық нысан бар. Министрлік үлестік құрылыс мәселелерін реттеу мақсатында ынталандырушы және қатаңдататын түзетулер пакетін дайындады.

Негізгі ынталандыру іс-шаралары құры­лыс са­лу­шыларға қойылатын талап­тар­ды жеңіл­­де­ту­­ді көздейді. Бұл құры­лыс комп­ания­л­ары­­­на Қазақстан тұрғын үй компаниясынан ке­­піл­дік және әкімдіктерден рұқсат алу ар­қы­лы өз қызметін заңдастыруға мүмкіндік береді.

Қатаңдату іс-шаралары үлескерлердің ақшасын тартудың ашық механизмін қалыптастыруға бағытталған. Олардың ішінде: салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға байланысты барлық шартты ХҚО-ларда тіркеу, құрылысты одан әрі тоқтата отырып, үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін айыппұл санкция­ларын ұлғайту, үлескерлердің ақшасын тартуға бағытталған рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу және басқалар.

Сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров баяндама жасады.

Премьер-министр Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу туралы міндет қойғанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы 130 мыңнан аса отбасы баспана жағдайын жақсарта алды.

«Бұл ретте, жоспар асыра орындалған өңір­­­лердің ішінде Астана, Алматы қала­ла­­рын және Алматы облысын атап өтуге бо­ла­­­­ды. Өз кезегінде, Ұлытау, Солтүстік Қа­зақ­­­­стан және Атырау облыстарында жос­­­пар орын­­далмай қалды»,  деді Әлихан Смайылов.

Ол биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстары жоспардан артта қалып келе жатқанын атап өтті.

Үкімет басшысы мұндағы ең өзекті мәселенің бірі құрылыстың жеткілікті деңгейде инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуі екенін атап өтті.

«Елорда қазір осындай проблемаға тап болып отыр. Астанада энергия ресурс­тары жетіспейді, сумен қамтамасыз ету мәсе­лесі қатты сезілуде. Осыған байланыс­ты тұр­ғын үйді пайдалануға берудің жоспар­лан­ған көлемі азайтылды. Басқа өңірлерде осын­дай жағдайларға жол бермеу үшін бар­лық әкімдік елді мекендердің перспек­тивалық дамуына тиісті талдау жүргізуі қажет», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Ол көбінесе, жоспарлау проблемалары тұрғын үйді пайдалануға беру кезін­де анықталатынын, сондықтан инф­ра­құрылым мәселелерін жер учаскесін бөлу және құрылысқа рұқсат беру кезінде шешу керек екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов сондай-ақ кейінгі уақытта халық тарапынан құры­лыс жұмыстарының сапасына және олар­дың ретсіз, бейберекет салынуына, объек­тілердің уақтылы іске қосылмауына қатыс­ты өте көп шағым түскенін айтты.

«Мәселен, Астанада «Будапешт» тұрғын үй кешенінің тұрғындары былтыр қыс басталардың алдында жылусыз қалды. Шымкентте осыдан бес жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салы­н­ған көппәтерлі тұрғын үйдің қабыр­­ғалары жарылып, лифтілері жиі істен шы­ғады. Алматыда таулы жерлерде, су­ға жақын маңдарда және ерекше қорға­латын аумақтарда құрылыс салу кезінде заңна­маны бұзудың 150-ден аса фактісі анық­талды», деп атап өтті Премьер-министр.

Оның айтуынша, өзекті проблеманың тағы бірі – құрылыс кезінде рұқсат құжат­тарының болмауы. Алматыда салынып жат­­қан «Төлеби Резиденс» тұрғын үй ке­ше­нінде құрылысқа қажетті құжаттар жоқ.

«Астананың бір өзінде тиісті құжаттары жоқ осындай 90-ға жуық тұрғын үй кешені салынып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, сот құжатсыз салынған «Дублин» тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарды», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы атап өткендей, Түр­кияда болған жойқын жер сілкінісінен де сабақ алуымыз керек.

Жиынды қорытындылай келе, ол тұрғын үй және инженерлік инфрақұ­ры­лымды іске қосу бойынша осы жылға арналған барлық жос­пар­дың толық және уақтылы орын­далуын қамтамасыз етіп, жоғарыда айтыл­ған кем­шіліктерді ескеру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бір ай мер­­зімде кезек­те тұрған­дар үшін үй бөле оты­­рып, кешен­ді құрылыс салуды қар­жы­лан­дыру меха­низмін іске қосу бо­йын­ша іс-ша­ралар қабыл­дауды және 1 қыр­кү­йекке де­йін кезек­те тұрғандардың тізі­мін белгі­лен­ген талап­тар­ға сәйкестігі тұрғысынан өзектендіруді тапсырды.