Қоғам • 06 Маусым, 2023

Биыл 8 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 8 034 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 8 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 115,1 мың этникалық қазақ оралды.

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысы (54,2%) Өзбекстаннан, 20,1% – Қытайдан, 11% – Ресейден, 6,4% – Моңғолиядан, 4,9% –Түрікменстаннан және 3,3% басқа елдерден.

Елімізге келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,8%), Маңғыстау (12,8%), Түркістан (6,4%) және Жамбыл (4,8%) облыстарына, сондай-ақ Астана (10,7%), Алматы (8,8%) және Шымкент (7,1%) қалаларына қоныстанды.

Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 67,5%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 23,8%-ды және зейнеткерлер 8,7%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,3%-ы жоғары білімді, 37%-ы орта кәсіби білімді, 38,4%-ы жалпы орта білімді және 7,3%-ының білімі жоқ.

Министрліктің мәліметінше, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 787 қандас қоныс аударды. Қандастар ағыны ұлғайған кезде қоныстану аймақтарында қабылдау үшін квота мөлшері ұлғайтылуы мүмкін.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Соңғы жаңалықтар