Қоғам • 06 Маусым, 2023

Елдос Баялышбаев: Адамдарға көмектесу – менің ең үлкен жетістігім

604 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Қазір шексіз мүмкіндіктер заманы. Жетістікке жетуге қалау болса болды, қалған мүмкіндіктің бәрі бар», деп ұрандатқанымызбен, іске келгенде желкеміз жар бермейтін жалқаулық, еңсемізді  басып тұратын енжарлық, әрісі үмітсіздік арман-тілегімізді алып жығатыны рас. Десе де, шектеулі мүмкіндікке қарамай, шексіз арманның жетегінде қаншама амал жасап жүрген адамдарға қарап өмірді жақсартуға құлшынысың артса ғажап емес. Сондай кейіпкерлердің бірі – талдықорғандық белгілі кәсіпкер Елдос Баялышбаев. Жол апатынан кейін төсекке таңылған жерінен аяққа тұрғанымен қоймай, басқаларды да артынан ілестірген Елдостың оқиғасы көпке үлгі.

Елдос Баялышбаев: Адамдарға көмектесу – менің ең үлкен жетістігім

– Елдос, сіздің оңалту ортылығын басқаратыныңызды білеміз. Қандай адамдармен жұмыс істейсіздер? Нәтижесін көріп, аяққа тұрғандар бар ма?

– Ең алғашқы кәсібімді 2014 жылы 3 миллион теңгемен кішігірім фитнес клуб ашудан бастадым. Адам саны көбейгеннен кейін спорттық оңалту орталығына айналдырдым. Мүмкіндігі шектеулі жандармен, омыртқасынан зақым алған, ДЦП, инсульт алған адамдармен жұмыс істейміз. Оңалту орталығы жақсы нәтиже көрсетті. Келушілердің саны да артып келеді.

– Алакөлден мүгедектерге арналған шипажай аштыңыз. Бизнесіңіздің ерекше жандармен байланысты болу себебі неде?

Әкем – Алакөлдің тумасы. Алакөлге демалуға барамын. Жалғыз өзім өзгелерден ерекшеленіп жүретініме ыңғайсызданатынмын. Сонда «неге мен сияқты ерекше жандар мұнда келмейді? Өзім сияқты адамдар жанымда болған кезде басқалар бұлай тесіліп қарамас еді ғой» деген ой жиі мазалайтын. Сонымен қатар көптеген демалыс орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған. Осыны ескеріп маған бірден мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған демалыс орнын ашу идеясы келді. Бұл кәсіпті 2016-2017 жылдары қолға алған едім. Шамамен 15-16 миллион теңге қаражат жұмсадым. Қазір осы кәсіптің арқасында 37 адамды жұмыспен қамтып отырмын.

– Кәсіпкер болу да оңай емес. Бастан түрлі қиын жағдайлар кездесіп тұрады. Мұндай қиындақтарды қалай еңсересіз?

– Ең бастысы адамда мінез болу керек. Қасқайып қарсы тұрып қиындықтан қорықпай, оны жан-жақты зертеп батыл шешім қабылдау қажет. Кәсіпкер үнемі ізденісте болып, білім алып, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылғаны дұрыс. Себебі алған білімі әр түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алады. Жас кәсіпкерлерге айтарым, жаңа қадамдардан қорықпай, идеяларды тартынбай жүзеге асырыңыздар. Сонымен қатар кәсіп бастағысы келетін адам мықты кәсіпкерлердің ортасында жүргені абзал.

f

– Жапонияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған «Шөп тамыры» атты байқауға қатысып, 26 млн теңгенің грантын ұтып алғаныңызды естідік. Жоба не туралы?

– Иә, 160 мемлекеттің өкілдері қатысқан байқауда Жапонияның грантын ұтып алдым. Өте қиын болды. Өтінім берудің өзіне төрт ай уақыт кетті. Құжаттардың барлығын өткізгеннен кейін бір жарым жылдан соң грантты жеңіп алдық. Қомақты қаржыға Америка, Германия, Польша, Италия, Ресей секілді шет елдерден арнайы құрылғылар сатып алдық. Қазір олардың пайдасын көріп отырмыз.

– Сіздің ойыңызша, табысты болудың құпиясы неде?

– Адамға пайдаңды тигізіп, өмірін жақсы жаққа өзгертуге себеп болсаң, содан артық бақыт жоқ. Адам саған шын жүрегімен алғысын айтып тұрғанда, табыс көзі өзінен-өзі арта береді. «Қазақтың қарғыс алма, алғыс ал» дейтіні содан. Басқаларға көмектесу табысты адамның тынысын ашады.

– Мықты кәсіпкер ғана емес, мықты спортшы екенсіз. Қай спорт түрімен айналысасыз?

– Кеудемді керіп «мен мынаны істедім» деп айта алмаймын. Менен де мықты кәсіпкерлер бар. Сыныптастарымның арты да болған жоқпын, алды да емеспін. Көштен қалмай ілесіп келе жатқаныма шүкір етемін. Спортты жаным сүйеді. Жүзуден спорт шеберімін. Бұл үшін арнайы шәкіртақы да аламын. Өзімді әлеуметтік кәсіпкер санаймын. Сондықтан адамдарға қолымнан келгенше көмектесіп жүргенім – менің үлкен жетістігім.

Көлікті де өзіңіз жүргізеді екенсіз. Қиындық тудырмай ма?

– Басында қорқыныш болды. Көлік апатынан кейін темір тұлпарды тізгіндеуге жүрексінесің. Қаланың шетіне шығып айдап көрдім. Содан кейін көлікті өзім үйге айдап келгенде ата-анам қатты таңғалған-ды. Қазір Алматыға өзім барып келіп жүрмін. Адам арбада отырса да, ешкімге тәуелді болмай көлік айдағанын дұрыс санаймын.

– Биыл Жетісу облыстық мәслихат депутаттығына үміткер болдыңыз. Неге мұндай қадамға бардыңыз? Саясатқа араласуға жоспар бар ма?

– Бағымды сынап көргім келді. Әйтпесе, мұндай қадамға атақ, абырой үшін қызығып барған жоқпын. Өзім сияқты ерекше жандарға жақсы жағдай жасайтын шешімдердің қабылдануына ықпал еткім келді. Олар да қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінсе екен деймін. Жастар идеяларын айтып, ақыл сұрап келеді. Соларға барынша көмектесіп, бағыт-бағдар көрсеткім келді. Ең басты мақсатым – жастарға қолдау көрсету.

– Жеке өміріңіз туралы айта кетсеңіз. Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?

– Жұбайыммен бір кеште билеп жүріп таныстым. Арбада отырсам да еш қысылмай барып сөйлестім. Уақыт өткеннен кейін бір-бірімізді жақынырақ тани бастадық. Арамызда сезім пайда болды, өмірге деген көзқарасымыз бірдей екенін түсіндік. Содан кейін қол ұстасып, шаңырақ көтеруге шешім қабылдадық. Әйелім – Алланың аманаты. Еркек деген атқа лайық болып, оның барлық жағдайын жасауға, түсінуге, қолдауға тырысамын. Жолдасым табиғатынан өте салмақты, білімді, кез-келген жұмысқа өте жауапты қарайтын жан-жақты адам. Маған бағыт-бағдар көрсетіп, ақылын айтып, үнемі қолдап, бар махаббатын аямайды. Алға қойған мақсаттарымызға біртіндеп қол жеткізіп келеміз. Осындай өмірлік жар кездескеніне шексіз ризамын. Өмірде екі дүниеден шатаспау керек дейді ғой. Бірінші жар таңдау болса, екіншісі мамандық таңдау. Менің екеуінен де жолым болған сияқты.

f

– Бала тәрбиесінде неге мән бересіз?

– Ең алдымен балаларыма сапалы білім бергім келеді. Өйткені білім – олардың болашағының іргетасы. Қазір екі баламды жүзуге, ой-санасын дамытатын орталықтарға апарамын. Уақыттарын пайдалы дүниеге жұмсағанын қадағалаймыз. Ысырап пен обалды үйретеміз. Бар махаббатымыз бен мейірімімізді төгіп өсіріп жатқан жайымыз бар. Қолымыз қалт етсе балалармен сырласып, ойнап, уақытты көңілді өткізуге тырысамыз.

– Алда қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

– Басты мақсат – оңалту орталығын дамыту. Еліміздің ең мықты оңалту орталығының бірі болсақ дейміз. Осыған қатысты көп жобамыз бар. Сол идеяларымды жүзеге асырғым келеді.

– Жігері құм болып, өмірден түңілген, сәтсіздіктерге тап болған жандарға қандай кеңес бересіз?

– Тағдырластарыма айтарым, қандай жағдай болсын сен өз ата-анаңа, аға-бауыр, іні-қарындасыңның алдында жауапкершілігің бар екенін ұмытпа. Өміріңдегі ең жақын адамдардың хақысын беруге міндеттісің. Қазір заман дамыған. Қандай іспен айналыссаң да, үнемі даму үстінде, ізденісте болуың керек. Сұраныста болу үшін мықты маман болуың шарт. Мысалы, мен арбада отырсам да магистратураны бітірдім. Өмірде кездескен әр мүмкіндікті кәдеңе жарату керексің.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Гүлшахра САНСЫЗБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»