Үкімет • 06 Маусым, 2023

Үкімет басшысы су қоймаларындағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаз мезгілінде су қоймаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы су қоймаларындағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды

«Қазгидромет» РМК болжауынша, биылғы жаз маусымы жылдағыдан ыстық болады. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық көпке дейін сақталады. Яғни, суға барып демалушылардың саны да арта түсері сөзсіз.

«Жаз енді басталды, ал еліміздің су айдындарында қаза тапқандардың саны ұлғайып барады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша жаздың бірінші күні ғана 4 адам суға кетіп, қайтыс болды. Алдыңгүні бір күнде 9 адам, кеше тағы 4 адам суға кеткен. Қайғылы жағдайлардың барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде орын алған. Бұл – шынымен де алаңдатарлық жағдай», деді Әлихан Смайылов.

Қазіргі уақытта шомылу маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірлерде шомылуға қажетті арнайы орындар жабдықталып, жаңадан жағажайлар салынып жатыр. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларын сақтауға қатысты профилактикалық жұмыстар да жүргізілуде.

Үкімет басшысы республикада жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп, қайтыс болатынын, олардың 100-ге жуығы балалар екенін айтты. Бұл қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді.

«Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында осы уақытқа дейін шомылуға рұқсат етілген арнайы орындар белгіленбеген. Ал Қызылорда облысында бүкіл өңір халқы үшін арнайы белгіленген 4-ақ орын бар. Алматы облысында Қапшағай су қоймасының маңындағы көптеген жеке меншік жағажайлар ресми тіркелмеген», деді Премьер-министр.

Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, суға шомылуға арналған қауіпсіз орындарды белгілеу жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары туралы халықты белсенді түрде хабардар етіп отыру тапсырылды.

Сонымен қатар Үкімет басшысы профилактикалық жұмыстар негізінен қалалар мен аудандарда ғана жүргізілетінін айтып өтті. Ауылдық жерлерде бұған көңіл бөлінбейді.

«Сол себепті суға батқандардың басым көпшілігі, яғни 60-70%-ы ауыл тұрғындары болып отыр. Осы бағытта жергілікті жерлерде ауқымды жұмыстар жүргізу қажет. Судағы қауіпсіздік талаптарын, алғашқы көмек көрсету ережелерін, арнайы жағажайлар мен қауіпті орындар туралы ақпаратты халыққа үнемі жеткізу керек», деді Әлихан Смайылов.

Одан бөлек Премьер-министр оңтүстік өңірлердегі суару каналдары да адамдарға қауіп төндіріп отырғанын айтты. Олардың көбі қоршалмаған.

«Бұл – бірінші кезекте балалар үшін өте қауіпті. Каналдарда балалар өлімі көп жағдайда Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеледі. Бұл ретте Түркістан облысының оң тәжірибесін атап өткім келеді. Онда арыққа түсіп, құлап кеткен жағдайда өз бетінше сыртқа шығуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар орнатылып жатыр. Өңір әкімдіктері осы тәжірибені зерделеп, каналдар мен арықтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін пысықтауы қажет», деді Әлихан Смайылов.