Осы күні мемлекетіміздің елдігін айғақтайтын рәміздері ұлықталып, ол ту көтеру рәсімімен жалғасты. Ұлық мерекеге орай саябақтағы Рәміздер алаңында арнайы концерттік кеш өтіп, жиналған дүйім жұрттың көңіл күйін бір серпілтті. Жергілікті өнер ордасынан құралған әншілер құйқылжыта ән салып, мерекенің қызықты өтуіне үлес қосты. Әсіресе шырқалған патриоттық әндер халықтың рухын оятып, тұла бойын шымырлатты. Өнерпаздармен бірге ардагерлер де қосыла патриоттық әндерді орындап, айнала тегіс ән-жырға бөленді. Әскери оркестр музыканттарының да өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Мерекелік іс-шараның соңы автошеру мен велошеруге ұласты. 50 автокөлік пен 80 велосипедші Көк тумен бірге Ордабасы алаңынан Бәйдібек би ескерткішіне дейін қала көшелерімен жүріп өтіп, көпшілік қауымға мемлекетіміздің рәміздеріне деген құрметтің асқақ үлгісін паш етті. Бір айта кетерлігі, салтанатты кешке қатысқан әрбір қала тұрғынының қолында бір-бір көк тудан болды. Осының өзі халқымыздың мемлекеттік нышандарға сый-құрметінің бөлек екенін айғақтап тұрса керек.
Мерекелік шараны тамашалауға келген белгілі азаматтар мемлекеттік рәміздердің маңызына, ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне қатысты өз пікірлерін білдірген болатын. Соның ішінде есімін тегіс ел білетін әйгілі спортшы Махмұд Сабырхан да өз ойын ортаға салды.
«Қазақ халқының өз елінің нағыз патриоты екенін, мемлекеттік нышандарды ерекше қастерлеп, қадір тұтатынын кешегі өткен Ташкенттегі бокстан әлем чемпионатында анық байқадым. Сол кезде трибуна толған халық Әнұранды жалғай кетіп, жанды дауыспен бір кісідей қосыла шырқағанда бойымды алапат күш кернеп, көзіме ыстық жас келді. Өзімді осы сәт дүниедегі ең бақытты адамдай сезіндім. Қазақ елінің азаматы болып туғаным үшін тағдырға іштей ризашылығымды білдірдім. Ең бақытты шағым осы шығар деп қуаныштан жүрегім жарыла жаздады. Маған қолдау білдіріп, ұлттық сана-сезімнің жоғары екенін дәлелдеп, бүкіл әлемге тамашалатқаны үшін қазақ халқына мың алғыс айтамын. Елімнің ынтымағы мен бірлігі, ұйымшылдығы сол жерде анық көрінді. Ендігі ретте жастарға әсіресе спортшыларға айтарым, Әнұранымызды дүниежүзілік додаларда көпшіліктің алдында шырқатып, көк Туымызды желбірете берейік», деді былғары қолғаптан әлемнің талай додаларынан топ жарып келген батыр ұл.
«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің және қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Әлтеев те жиналған жұршылықты айтулы мерекемен құттықтап, бұл мейрамның расымен де жөні бөлек екені жөнінде пікірін білдіре кетті.
«Негізі, бүгін – біз үшін тарихи күн. Себебі ел боламын десең бірінші кезекте шекараны бекіту керек. Сонымен бірге Қазақстанның тәуелсіз, дербес ел екенін дәлелдейтін Құдайға шүкір Туымыз, Елтаңбамыз, басқа да рәміздеріміз бар. Осы нышандардың барлығы ұлттың бойында патриоттық сезімді оятатын дүниелер. Ендігі міндет осыларды өскелең ұрпаққа дәріптей беру керек. Ал бұл жауапкершілікті алып жүру аға буын ұрпақтың мойнындағы парыз деп білеміз. Әсіресе желбіреп тұрған көк туымызға құрмет ерекше болуға тиіс. Қай жерде болсын байрағымыздың төмен түсуіне, құрметсіз қалуына жол бермеуіміз керек. Осыны мектептерде, жоғары оқу орындарында шәкірттерге барынша түсіндірген жөн. Яғни Ту мен Елтаңба жай ғана мекеменің маңдайшасында, қабырғада ілініп тұрған зат емес. Ол біздің рухымыз, елдігіміздің нышаны екенін жас ұрпақ санасына сіңдіре білуіміз қажет. Тіпті балабақшаларда күнделікті таңертең Әнұранмен басталып, балалар тәрбиелейтін жайда Көк туымыз бен Елтаңбамыздың болуы ізімізді басып келе жатқан жас ұрпақтың патриоттық рухта тәрбиеленуіне мұрындық болары сөзсіз.
Содан соң әрбір рәмізге бөлек бас иуіміз керек. Әрқайсысының өзінің бөлек құрметі бар. Соны ұмытпайық. Менің өз басым шетелге шықсам Қазақстанның мемлекеттік нышандары бейнеленген спорттық киімдерін киіп аламын. Тіпті жолға шығарда алып шығатын сөмкемде де көк Туымыздың суреті тұрады. Сонда мені көрген шетелдіктер елімізді танып, «Қазақстан» деп күлімсірей қарайды, мен «иә» деп марқая жауап беремін. Осының өзі менің патриоттық сезімімді оятып, рухымды көтереді. Сондықтан әрбір азаматымыз қайда жүрсе де өзінің қазақтығын танытып жүрсе, меніңше дүние жүзінің алдында еліміздің азаматтары қандай ұлтжанды, патриот екенін танытар еді. Осы ретте біздің спортшыларымызға үлкен рахмет. Аралас жекпе-жек, олимпиадалық спорт түрлері бола ма, жеңіс тұғырынан көрініп, әлемге Қазақстандай ел бар екенін танытып жүр. Өзге халыққа қазақтың кім екенін білдіру үшін де жеңіске ұмтылу патриоттық рухтың бір өлшемі деп ұғынамын. Өз басым әрбір халықаралық жарыста Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз биікке өрлегенін көргенде іштей көңілім толқып, бойымды керемет шаттық сезімі керней түседі. Бұдан асқан бақытты сәт бар ма?! Халқымыз аман болсын, Рәміздер күні құтты болсын!» деді ол.
«Бүгін барлық отандас үшін ерекше күн. Өйткені еліміздің барша жұрты Қазақстан Республикасының рәміздері күнін атап өтіп жатыр. Менің ойымша елім, жерім дейтін әрбір мемлекеттің патриот азаматы осы күні көк Туымызды көкке желбіретіп, Елтаңбамызды жоғары ұстап, Әнұранымызды бір шырқап қоюы қажет», деді жылы лебізін арнаған танымал опера әншісі Үралхан Сейілбекова. – Себебі өзіміздің мемлекеттік нышандарымызды өзіміз ұлықтап, қадір тұтпасақ, басқа ешкім оларды ұлықтамайды. Бір қуанарлығы бүгінде кішкентай баладан, еңкейген қарияға дейін маңызды жиындарда Әнұранымызды жатқа айтып тұрғанын көреміз. Мен өзім әнші болғандықтан көп жиындарда өнер көрсетемін. Сонда көптеген әнді орындаймын. Алайда жай әндерді шырқауда бөлек сезім де мемлекеттік Әнұранымызды қолымды жүрегіме қойып орындағанда басқаша көңіл күйде боламын. Жан дүнием елжіреп, мақтаныш сезімі бойымды кернеп, өзімді құстай самғап бара жатқандай сезінемін. Әсіресе сенімен бірге халық та қосыла кеткенде өзімді Қазақстанның ең қасиетті рәмізінің бірі Әнұранды үлкен сахна төрінен шырқау бақыты бұйырғанына Құдайға мың да бір тәубе деймін. Бұл жерде көрерменді де, мені де әнге бас идіріп тұрған өнердің жеке-дара өзі емес, еліміздің рухын асқақтатар Әнұраны мен соған деген құрмет.
Сонымен бірге осындай айтулы мерекеде әрбір ел азаматының қолынан кішкентай туды алып жүргенін көргенде еріксіз рахат сезімге бөленесің. Патриоттық рух барда мемлекет ешқашан қауіп-қатерге басын тікпейтініне, қандай қиын жағдай болса да халықтың ынтымағы мен бірлігі одан аман алып шығатынына кәміл сенімде жүресің. Мен үшін бұл мерекенің маңызы мен сыры осында жатыр деп ойлаймын. Яғни халыққа еліміздің рәміздерін құрметтеуді дәріптеу арқылы бойларына патриоттық сүйіспеншілік ұрығын себу, осылайша отансүйгіштік сезімді күшейтіп, елдің бірлігін бекемдеу ынтымағын арттыру мақсаты жатқанын аңғарамын. Сонымен бірге көптеген мекеменің қақ маңдайында көк Туымыз желбіреп тұрады. Күннің ыстығы мен суығы, желдің өті бар дегендей, уақыт өте келе сыртқа ілінген Ту да ескіріп тозады. Соның үшін әрбір мемлекеттік мекеме байрағымызды сәнін кетіп қалмауына ерекше ыждағаттылықпен назар аударып отырса деген ізгі тілегімді жеткізгім келеді».
Мемлекеттік рәміздер күнін тойлау мегаполисте бір күнін бұрын басталды десек қателеспейміз. Өйткені сол күні кешке Қажымұқан атындағы Орталық стадионында футболдан Қазақстан чемпионатының аясында «Ордабасы» мен «Атырау» командалары арасында кезекті ойын өткен. Сол жарыста көк Туымыз желбіреп, стадионға жиналған 23 мың футбол жанкүйері қолдарын көкірегіне қойып танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызымен бірге Әнұранды шырқады. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те өз командасына жанкүйер болып, қолдау көрсетті. Осылайша, жерлестерінен үлкен демеу мен қуат алған «ордабасылықтар» ойында шапшаңдық пен белсенділік танытып, Қазақстан Премьер-лигасындағы жарыста кезекті жеңістеріне қол жеткізді.
ШЫМКЕНТ