Халық • 06 Маусым, 2023

Қайта жанданған көш

1464 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алағай да бұлағай замандарда босып кетіп, бөтеннің босағасында жүрген қазақ­тарды Қазақстанға көшіру – мемлекеттің қашанда мін­деті десек, артық айтпағаны­мыз шығар. Шетте жүрген қан­дас­тарды елге тарту жұ­мыс­тары облысымызда қайта жанданып, Самар ауданында бірқатар жұмыс баста­лып та кетті. Қайта деп отыр­ғанымыз, елді дүрліктірген «ковид» кезінде шекаралар жабылып, барыс-келіс тоқтап қалған.

Қайта жанданған көш

Самар ауданында жұ­мыс­шы күшін тарту бағытын­да бірқатар жұ­мыс қолға алынды. Халықты ерікті түрде көшіру қағидаларына сәйкес, Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрінің №515 бұйрығымен және қандастарды қабыл­даудың өңірлік квотасы бойынша 2023 жылы Самар ауданына қоныс аударуға мүм­кіндіктер, бірқатар жеңілдік бар. Айта кетер­лігі, аудан бас­­­шы­лығы қандастарға ғана емес, сонымен қатар Алма­ты, Жамбыл, Маңғыстау, Түр­кістан, Қызылорда облыста­рынан, Жетісу облысынан және Астана, Алматы, Шым­кент қалаларынан көшіп келем деушілерге әлеуметтік қол­даудың барын айтып отыр.

Аудан әкімдігінен түскен ресми ақпаратқа сүйенсек, қан­дастардың өңіраралық қоныс аударуы шеңбе­рінде жаңа тұр­ғылықты жеріне келгеннен кейін қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ отбасылық жағ­дайына қарамастан, жалғыз­басты адамдарға материалдық көмек төленеді. Тарқа­тып жаз­сақ, Қазақстан Республи­ка­сының Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама шең­берінде тұрғын үй сатып алу, үй салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыз­дары бойынша бастапқы жарна үшін ақшалай төлем жасалып, мате­риалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу кезінде сату шартына сәйкес екінші деңгейдегі банк сатушының дербес шотына тұрғын үй құ­нының 50%-ы төленеді. Алайда төлем сомасы 4 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй құ­нының жартысынан аспайды. Одан бөлек, көшуге арналған шығындарды өтеу үшін бір уақытта отбасының отағасы мен әрбір мүшесіне 70 АЕК, яғни 241 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек беріледі. Егер көшіп келе сала үй сатып алуға мүмкіндік болмаса, баспана жалдауға, коммуналдық қызметтерді төлеуге ай сайын бір адам үшін 15 АЕК (51750 теңге) мөл­шерінде ақша белгіленген. Егер отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болса, 18 АЕК (62100 теңге), бес және одан көп адам болған кезде 21 АЕК (72450 теңге) мөлшерінде төленеді. Айта кетерлігі, бір жылдан кейін бұл төлем тоқтайды. Сондықтан да он екі ай ішінде үй сатып алған абзал.

Жыл басынан бері жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар бас­қармасы 20 адам­нан тұратын қандастарды қоныс­тандыру квотасы бойынша жоспарлы көрсеткіштерді бекітті. Бү­гін­гі таңда қандастар арасынан Самар ауданына 9 адам келді. Олардың екі отбасы Mон­ғолиядан қоныс аударды: Әуез Тілегеннің отбасы бес адамнан тұрады. Жұбайы 3 жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отыр. Әуез Тілеген «Елемес Сапарбек» ЖК-да тұрақты жұмыс орнына шебер ретінде жұмысқа орналасты. Әсет Амандықтың отбасы төрт адамнан тұрады. Оның мектеп жасына дейінгі балалары бар. Ол да «Елемес Сапарбек» ЖК-да қолөнерші болып жұмысқа орналасты. Сондай-ақ ауданға 11 қандасты көшіру жоспарланып отыр.

Қандастарды көшіру жұ­мыс­­тары бойынша Дүниежүзі қазақ­тар қауымдастығының өкілдері Моңғолияның Баян-өлгей аймағын­да болып, қан­дастармен жолықты. ДЖҚҚ-ның Баян-өлгей аймағы бойынша төрағасы Хабсаттар Омар­ұлының айтуынша, Қазақ­станға бет түзегелі отырған 130 отбасы болса, оның 15-20-сы Шығыс Қазақстанды көздеп отыр.

– Биыл буынып-түйініп, көшуге бел буып отырған отбасылар көп. Бір жағынан жұт та себеп болды ғой деймін. Екінші жағынан неше жыл жабылып тұрған шекара ашылды. Біз өз тарапымыздан еш кедергісіз атамекен асып кетулері үшін қолдан келген көмекті аямаймыз, – деді Хабсаттар Омарұлы. 

Әлеуметтік қорғау және жұмыс­пен қамту орталығы мамандары да көшіп келген ағайынды жұмыспен қамту үшін де жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Әлеуметтік келі­сім­шарт Жұмыспен қамту орталығы мен өтініш беруші арасында 5 жыл мерзімге жасалады. Демек, көшіп келген азаматтар қайта көшкен жағдайда алған соманы кері бюджетке өтеуге тиіс. Жалпы, әлеуметтік келісімшарт жасалғаннан кейін қоныс аударушылар бес жыл бойы осы жерде тұруы керек.

– Самар ауданы – тоғыз жол­дың торабында тұрған ауыл­шаруашылық ауданы. Әлеу­меттік потенциалы жоғары. Бұқтырма су қоймасын жаға­лай жатқандықтан, туризм саласы да қарқын алып келеді. Сондықтан да еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады. Мемлекеттен әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Көшіп келеміз деген қандастарға қашанда қолдау көрсетеміз, – дейді Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев.

2023 жылдың сәуір айында Түркістан облысында бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, Самар ауданынан да делегация қатысты. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде ауданға келуге ниет білдір­ген қатысушылардың бар­лық сұрағы бойынша ақ­па­рат ұсынылды. Нәти­жесінде, 4 от­басы маусым айының басында Самарға көшті. Бұған дейін 2021 жылы Түркістан облысынан бір отбасы келген. Олар ірі қара мал сатып алуға өтеусіз грант алды, жұбайы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Көшуге арналған шығындарды өтеуге бір уақытта отбасының отағасы мен әрбір мүшесіне 70 АЕК (204 190 теңге) мөлшерінде материалдық көмек көрсе­тілді. Жұмыс осы қарқынмен жүр­гі­зілетін болса, жақын жылдары аудан халқы еселене берері сөзсіз.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Самар ауданы