Елорда • 07 Маусым, 2023

«The National Interest» журналы: Қазақстанның жаһандық дипломатиясы

1737 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осы аптада елордада «Астана халықаралық форумы» өтпек. Іргелі іс-шара барысында көптеген маңызды тақы­рып талқыланады. Соның бірі дипломатия мәселесіне арналады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның бәсі жоғары. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бейбітсүйгіш, әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға мүдделі екенін талай мәрте халықаралық ареналарда көрсетіп келеді.

«The National Interest» журналы: Қазақстанның жаһандық дипломатиясы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Әңгімені әріден бастасақ, ең әуелі ойға Семей полигоны оралады. Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң, ядролық қару арсеналының біраз бөлігі Қазақстанға мұраға қалғаны мәлім. Мұндай алапаттың қаупін түсінген еліміз 1991 жылы 28 тамызда Семей полигонын жабу туралы шешім шығар­ды. Ғасырдың зұлмат қаруына қарсы күрес мұнымен тоқтаған жоқ. Қазақстан халықаралық аренада ядролық қаруға байланысты өз ұстанымын нақ­ты білдіріп, шартарапты одан бас тартуға шақырып келеді. Сондықтан болар бүгінде дөңгеленген дүние Қазақ елін ядролық қаруға қарсы күрестің көшбасшысы санайды.

Тоғызыншы территория атом бомбасының азабын аз тартқан жоқ. 1949 жылы 29 та­мызда кеңес өкіметі Семей ядро­лық полигонында атом бомбасын алғаш рет сынақтан өткізіп, соңғы «саңырауқұлақ» аспанда қалықтағанға дейін Ұлы даланың төсіне 456 мәрте жара түсіпті. Соның 116-сы жер бетінде не әуеде сыналған. Осы аралықта тәжірибе жасалған ядролық қарудың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған «Little boy» атом бомбасынан 2,5 мың есе артық.

чямсс

Осылайша, азаттықпен бірге келген ізгі саясаттың жемісі кейінгі жылдары да жалғасты. Қазақстан көпвекторлы сая­сат ұстанып, ешкімнің ығына жығыла қойған жоқ. Төрткүл дүниенің алпауыт державаларымен тең дәрежеде келіссөз жүргізіп, дипломатияның озық үлгісін көрсетіп келеді.

Бұдан қала берді, дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде еліміз ауыз толтырып айтатын талай жетістікке қол жеткізді. Қазақстан – шекарасын шегендеп, демаркация және делимитация жұмысын табысты аяқтаған ТМД-дағы санаулы мемлекеттің бірі. Бертінге дейін шешілмей келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі де уағдаластық арқылы анықталды. Қытай мен Ресей секілді екі державаның ортасында орна­ласқанына қарамастан, тоғызыншы территория бейбітсүйгіш ел, жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті ілгерілетуші мемлекет ретінде танылды.

Төрткүл дүниеде бүкіл ел көшбасшы болуы мүмкін емес. Біреуінің экономикалық әл-ауқаты жақсы, келесісі қару-жарақ саласына басымдық берген. Осы орайда, кейінгі жылдары Қазақстанды алпауыт держава болмаса да, оның ізін басып келе жатқан мемлекет ретінде санайтындар бар. Әсіресе, сарапшылық ортада Ұлы даланың дипломатиялық қызметін жоғары бағалайтындар жетерлік.

Мәселен, «The National Interest» журналына мақала жариялаған Харун Карчич елімізді Еуразияның келесі күші деп санайтынын алға тартады. Автордың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің дипломатиялық бағытын ағылшынша «middle power» деп аталатын ұғымға қарай бұрғанын жазады. Аталған термин қырғи-қабақ соғыс кезінде әлемдік саясатта негізгі держава саналмаса да, айтар ойы, шешім қабылдауға қосар үлесі бар мемлекеттерді сипаттау үшін қолданылған. Әлемде мұндай «middle power», яғни ізбасар держава қатарында Канада мен Аустралия секілді мемлекеттердің аты аталады.

«Ізбасар державалар көбіне эконо­микалық маңызға ие (мысалы, энерге­тикалық ресурсымен). Ғылыми ортада оларды «қалыпты кәсіпкерлік» деп атайды. Мұндай елдер әдетте дау-жанжалды әскери күшпен емес, негізінен дипломатиялық құралдар арқылы шешуге назар аударады. Қазақстанға ізбасар державаға лайықты бүкіл классикалық сипаттама тән. Геостра­тегиялық орналасуы, мол табиғи ресурсы, халықаралық қағидаттар мен ынты­мақтастыққа адалдығы – осының дәлелі. Қазақстан халықаралық дипломатияда көпжақтылықты қолдап, жанжалдарды шешуге үнемі көңіл бөліп келеді», деп жазады Х.Карчич.

Халықаралық сарапшылардың мұндай пікір білдіруі бекер емес. Жоғарыда атап өткен ядролық қаруға қатысты ұстаным­нан бөлек, еліміз жаһандық түйткілдерді шешуге зор үлес қосқаны халықаралық қоғамдастыққа мәлім. Мәселен, 2017 жылдан бері елордада Сириядағы жағдай бойынша Астана келіссөздері өтіп келеді. Бұған дейін бір үстел басында отырмаған Сириядағы оппозиция мен үкіметтік күштер елордада бас қосты. Қазіргі таңда Астана форматы өзінің мақсатын орындап, Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға зор үлес қосты деп айтуға болады.

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Қазақстанның бірқатар мемлекетке тән мәселелерден ада екенін алға тартады. Мәселен, бұрынғы кеңес одағының құрамында болған елдер анклав, сепаратизм секілді түйткілдерді әлі күнге оңтайлы шеше алмай келеді.

«Бұл тұрғыдан еліміз анклавтар жоқ, ешқандай сепаратистік аймақтарға ие емес. Бүкіл көршісімен келісімшарт жасас­қан. Шекараның әрбір шақырымы шегенделген. Осы орайда, Қазақстан Еура­зия құрлығында озық мемлекеттердің қатарына кіруге мүмкіндігі мол. Бұған аумақтық орналасуы да, экономикалық әлеуеті жеткілікті. Бұдан бөлек, дүние жүзінде Қазақстанның беделі жоғары. Көптеген іргелі жиындар өткіздік. ЭКСПО, әлемдік діндер саммиті, Астана келіссөздері, ЕҚЫҰ саммитін шартарап біледі. Сондықтан осындай іргелі іс-шараның бәрі оң әсерін береді. Ха­лықаралық қоғамдастық Қазақстанды бейбітсүйгіш мемлекет ретінде таниды», дейді С.Нұртаза.

Депутат «жұмсақ күш», яғни мәдени тұрғыдан да Ұлы даланың ұландары әлемге кеңінен танылып жатқанына назар аударады. Қазіргі таңда спорт сүйер қауымға Геннадий Головкин есімі жақсы таныс. Соққысымен қарсыласын жайпап түсіретін былғары қолғап шеберіне жанкүйерлік ететіндер дөңгеленген дүниеде жүз мыңдап саналады. Күміс көмей әнші Димаш Құдайберген шар­тарапты аузына қаратқаны күні кеше ғана. Жарты әлем Иманбек есімді қара­пайым қазақтың жасаған каверіне мың бұралып билегені әлі естен шыққан жоқ.

«Қазақстанның келесі дипломатиялық жеңісі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар маңызды жиында сөйлеген сөзін айтуға болады. Мысалы, Санкт-Петерборда, Мәскеуде кейінгі кездегі әлемде қалыптасқан геосаяси шиеленіске қатысты пікірін ашық білдіруі көп адамды таңғалдырды. Көршілес елдердің басшыларын былай қойғанда, Батыс елдері де Мемлекет басшысынан мұндай батыл сөз күтпегені анық.

Самарқандқа ұшып бара жатқан Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанаға арнайы ат басын тіреп, Қазақстанның аумақтық тұтастығын, тыныштығын сақтауға кепілдік береміз деп айтқан сөзі де көп адамды ойландырады. Мұның бәрі, әлбетте, дипломатиямыздың жеңі­сі. Сыртқы істер министрлігінің нақ­ты жұмысының жемісі. Осы орайда, Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі ерен екенін еске алған жөн. Себебі тәуелсіздік алған жылдары Қ.Тоқаев сыртқы істер министрлігінде еңбек етіп, көптеген маңызды іс-шараның басы-қасында жүрді. Сондықтан бүгінгі дипломаттар Тоқаевтың шәкірттері десек қателеспейміз. Яғни Қазақстанның ізбасар держава атануына мүмкіндігі жетерлік», дейді С.Нұртаза.

Қазақстанның жаһандық мәселелерді оңтайлы шешуге үлес қосып отырғанын мынадан да байқауға болады. Естеріңізде болса, АҚШ тарапы Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан кейін «Талибан» билікті басып алған-тұғын. Сол кезде аталған елде дағдарыс туындап, халықаралық қоғамдастық мазасыз күйге түскен. Тіпті, БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясын жедел көшіруге шешім қабылданды. Сол кезде таңдау Қазақстанға түсті. Мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, еліміз бен халықаралық ұйым арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Тәуелсіздік алғалы Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік Кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге тікелей шығатын жолы жоқ дамушы елдердің мүддесін қорғау се­кілді басымдықтарды дәріптеуге атса­лыс­ты. Сонымен қатар еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бүкіл бастамасына, тиімділікті, ашықтық пен айқындықты арттыру жөніндегі жұмысына қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанады. Әлемге әйгілі халықаралық ұйым үшін Қазақстан қашанда қауіпсіздік пен тұрақ­тылық мекені саналады.

Бұдан бөлек, Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына белсенді атсалысып жүргенін айта кеткен жөн. Жалпы, еліміздің бітімгершілік миссиясының тарихы ертеден басталады. Сонау 90-жылдары тәжік-ауған шекарасын күзеткен қазақстандық сарбаздардың есімдері ел жадында. Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік миссияларына қатысуы үшін құрылған «Қазбат» инженерлік-саперлік жасағы 2003 жылы коалицияның тұрақтандыру күштері құрамында Иракқа жіберілді. 2018 жылдан бастап Қазақстан бітімгершілік әлеуетін іске асырудың жаңа мүмкіндігін иеленді. Осылайша, бірінші бітімгершілік ротасы «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына аттанды. Қазіргі таңда UNIFIL миссиясы құрамында еліміздің бітімгершілері өз міндетін абыроймен атқарып жүр.

Бұдан бөлек, еліміздің Түркітілдес мемлекеттер ұйымындағы рөлі, ЕҚЫҰ саммитін өткізуі, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін­дегі төрағалығы секілді көптеген жаһандық дипломатияға қосқан үлесі жетерлік. Осы орайда, The National Interest журналында жарияланған пікірдің рас екені анық, Қазақстан ізбасар державаға айналып келеді.