Президент • 07 Маусым, 2023

Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулені қабылдады

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулені қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулені қабылдады

Кездесу барысында Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени және тарихи мұраларды сақтау, білім және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту ісіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азулеге ілтипат білдіре отырып, оның ЮНЕСКО Бас директоры ретіндегі көшбасшылығын жоғары бағалайтынын, сондай-ақ ұйымды одан әрі нығайтуға бағытталған қызметіне қолдау көрсететінін атап өтті.

Президент Бас директорға Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барғаны үшін алғысын айтты. Сондай-ақ оның Түркістанға сапарын азаматтарымыз оң қабылдағанын және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғанын айтты.

«Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін аса маңызды. ЮНЕСКО біз үшін ерекше ұйым әрі басымдыққа ие. Біз осы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», деді Президент.

лд

Мемлекет басшысы климат, биоалуантүрлілік және су ресурстары салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға Қазақстанның ниетті екенін жеткізді.

Жақын арада Өңірлік көпсалалы кеңсе болып қайта құрылатын Алматы қаласындағы ЮНЕСКО бюросының қызметі – Қазақстанның осы ұйыммен табысты байланысының жарқын мысалы.

Одрэ Азуле қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Сондай-ақ ол ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған кезде алған әсерін бөлісті.

ЮНЕСКО-ның Бас директоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға, соның ішінде азаматтық қоғамды нығайтуға, білім және мәдениет саласын дамытуға қатысты бастамаларына жоғары баға берді.

«Менің Қазақстанға жасаған сапарым Сіздің еліңіздегі маңызды стратегиялық кезеңмен тұспа-тұс келді. Сіз ауқымды реформа жүргізіп жатырсыз. Бұл істе сіздің президенттік мандатыңыз шешуші рөл атқаруға тиіс», деді Одрэ Азуле.

о