Хоккей • 07 Маусым, 2023

Әділдің өнері жоғары бағаланды

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«The Hockey News» сайты өткен ай­да Фин­ляндия мен Латвияда ұйым­­дас­тырылған әлем чемпионатын­да ай­рықша көзге түскен жеті ой­ын­шының есімін атады.

Әділдің өнері жоғары бағаланды

Солардың қатарында Қазақстан құрама командасының қорғаушысы Әділ Бекетаев та бар. Ол 1998 жылдың 23 сәуірінде Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Бойы  194 сантиметр, салмағы 88 кило. Қандасымыз кезінде Нефтекамскінің «Торосы» мен Өс­кеменнің «Торпедосының» жастар командасында өнер көрсетті. 2018 жылы Бүкіл­ресейлік хоккей лигасында (БХЛ) ойнаса, 2021 жылы Астананың «Барыс» клубының жей­десін киді. Әділ арасында «Номадтың» да намысын қорғады. Биылғы маусымда «Ба­рыстың» сапында 64 рет мұзайдынға шыққан ол 21 ұпай жинады. Соңғы екі жылда Бекетаев ұлттық командамыздың құрамында әлем чемпионатының элиталық дивизионында айшықты ойын өрнегімен көзге түсті.

Жоғарыда аталған сайттағы мақала ав­торының пікірінше, солақай стильде ойнайтын дарынды қазақ қорғаушысына жуық арада Ұлттық хоккей лигасының (ҰХЛ) скауттары назар аударуы әбден мүмкін.