Сұхбат • 08 Маусым, 2023

Аслан ШЫМБЕРГЕНОВ, бокстан әлем чемпионы: Рингте босаңсуға болмайды

750 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында атой салған саңлақтарымыздың арасында ең тәжірибелісі – команда капитаны Асланбек Шымбергенов. 71 кило салмақта күш сынасып жүрген бұл боксшының жанкүйерлер назарына іліккеніне 10 жылға жуықтады. Сол кезден бері ол бірқатар аса ірі халықаралық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Бірақ Асланбекке көпке дейін дүниежүзілік додаларда даралану бақыты бұйырмады. Соған қарамастан, қазақтың өр мінезді ұлының жігері жасыған жоқ. Ол өзінің жұлдызды сәттері әлі де алда екеніне кәміл сенді. Ақыры табандылығының арқасында көздеген мақсатына қол жеткізіп, әлем чемпионы атанды.

Аслан ШЫМБЕРГЕНОВ, бокстан әлем чемпионы: Рингте босаңсуға болмайды

– Асланбек, біраз боксшы 20 жастың ар-жақ бер жағында әлем чемпионы атанып, төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырып жатса, бұл белес саған 30 жасқа таяған шағыңда ғана бағынды. Сондықтан да Ташкенттегі жеңістің дәмі де ерекше шығар?

– Рас, дөп басып айттыңыз. Бұл менің спорттық мансабымдағы ең зор табыс болғандықтан, ерекше шаттанып отырған жайым бар. Бірақ мен тек өзім үшін ғана емес, Ташкенттің төрінде атой салған барша қазақ боксшылары үшін де қатты қуандым. Тіпті, жеңіс тұғырына көтеріле алмаған жігіттерге де еш өкпе айта алмаймын. Олар рингте барын салды. Расында да, Қазақстан құрамасының 4 алтын мен 1 күміс медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленуі өте керемет көрсеткіш. Мұны тарихи оқиға десек те болады. Сөз орайы келгенде, қазақтың қарадомалақ балаларын осындай дәрежеге жеткізген ең бірінші Аллаға, одан кейін ата-анамыз бен бапкерлерге зор алғысымды білдіргім келеді.

– Өзің, отбасың жайында және боксты не себепті таңдағаның туралы айтып берсең.

– Мен 1993 жылдың 9 қазанында Жамбыл облысының Байзақ ауданында дүниеге келдім. Әлі де ата-анаммен бірге ауылда тұрамын. Әкем әскери адам болған. Қазір – зейнетте. Анам балабақшада жұмыс істейді. Зайыбым – мұғалім. Өзімнің үш балам бар. Ал бокспен шұғылдануыма тікелей себепші Бақтияр Артаев десем де болады. Атағы алысқа жайылған жерлесіміздің 2014 жылы Афинада Олимпиада чемпионы атанып, Баркер кубогін иеленгенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Соның бар­лығын теледидардан көре отырып, сондай дәрежеге жетсем ғой деп арман­дадым. Балалық қиял мені 12 жасымда бокс үйірмесіне жетектеп әкелді. Алғашқы бапкерім Еламан Қазыбеков, одан кейін Болат Жарымбековтің қол астында жаттықтым. 2011 жылдан бері Тараз қаласына қоныс аударып, Ермек Ертаевтың шәкірті болдым. Қазіргі жат­тықтырушым да сол кісі.

– Сені жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда көр­медік қой.

– Иә, оныңыз рас. Мен тек ересектер дуына қосылғаннан кейін ғана көзге түсе бастадым. 2013 жылы Атырауда өткен ел чемпионатында алғашқы елеулі табысыма қол жеткіздім. Аталған жарыста 64 кило салмақ дәрежесінде күш сынасып, күміс медаль иелендім. Финалда Азия чемпио­ны Алмасбек Әлібековке әлім жетпеді.

– Ересектер арасында енді ғана өнер көрсете бастағаныңда өз салма­ғың­дағы басты фавориттер кімдер еді?

– Ол кезде 64 кило салмақта Алмасбек Әлібеков пен Айдар Әмірзақовтың қар­қыны күшті болды. Одан кейін 69 кило салмақ дәрежесіне ауысқанымда кіл мықтылармен күш сынасуға тура келді. Барлығынан Данияр Елеусінов дара тұрды. Бірақ ол 2014 жылы Таразда өт­кен республикамыздың басты додасына қатыспады. Ал мен Манат Өмірзақов, Бекзат Халметов, Сағадат Рахманқұлов және тағы басқа танымал боксшылардан басым түсіп, бас жүлдені олжаладым. Соны­мен қоса, ең үздік былғары қолғап шебе­ріне тиесілі арнайы сыйлық та маған бұйырды.

– Ұлттық команданың сапына қа­былданғаннан кейін бірден жолың оңғарылды ма?

– Республикамыздың бас командасы құрамында алғаш рет Мажарстанға сапар шектім. Иштван Бочкайдың турнирінде топ жарып, ең үздік боксшы атандым. Басқа да бірқатар ірі жарыста қанжығам майланды. «Астана арландары» сапында өнер көрсетіп, 2015 және 2017 жылдары Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасының екі дүркін жеңімпазы атандым. Жалпы бұл жобаның маған бергені көп. Бес раундтық бәсекеде Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Рио Олимпиадасының жеңімпазы және әлем чемпионы Роньель Иглесиас Сото­лонгомен үш мәрте кездестім. Оны екі рет жеңіп, бір рет есе жібердім. Сол кубалық қаблан Токиодағы ғаламдық додада да алдына жан салмады. Әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының кү­міс жүлдегері өзбекстандық Шахрам Гиясовты шаң қаптырып кеттім. Әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Пана­мерика ойындарының жеңімпазы, ве­несуэлалық Габриэль Маэстараны жеңдім. Одан бөлек, Бүкіләлемдік әскерилер ойындарында дара шыққаным бар. Бұл жеңістердің барлығы да мен үшін аса құнды әрі қымбат.

– 2018 жылы алғаш рет Жакар­та­да­ғы Азия ойындарында қатысып, кү­міс медальды мойныңа ілдің. Финал­да кім­нен ұтылған едің?

– Шешуші тұста өзбекстандық Бобо-Усмон Батуровпен айқастым. Бұл өте шие­леністі жекпе-жек болды. Бірақ төрешілер менің емес, қарсыласымның қолын көтерді.

– Сен 2021 жылы Белградта жалауы желбіреген әлем чемпионатын өте қарқынды бастаған едің. Өзбек­станның мақтанышы Шахрам Гия­совті жолыңнан ығыстырғаннан кейін жанкүйерлер «Шымбергеновті енді ешкім тоқата алмайды» десіп жатты. Бірақ олай болмады. Не себепті?

– Тұсаукесер кездесуімде ирандық Фархад Аташгаханы жеңген соң, келесі кезеңде Шахрам Гиясовпен күш сынас­тым. Ол кезде өзбек боксшысының дәуірі жүріп тұрған. Мен оны 5:0 есе­бімен ұттым. Сақа спортшыны сан соқ­­тырғаныма ерекше қуанып, өз-өзіме деген сенімім күрт артты. Менің бас­ты қателігім – осы болды. Өйт­кені рингте босаңсуға болмайды. Осы қарапайым ғана қағиданы қаперімнен шығарып алып, соның салдарынан оңбай опық жедім. Үшінші айналымда германиялық Магомед Ша­хидовты нокаутпен жеңгенімнен кейін, ширек финалда Украинаның жас дарыны Юрий Захариевке бір ғана ұпай айыр­машылығымен жеңілдім. Дәл осы жігіт Белградта әлем чемпионы атанды.

Сербиядағы сәтсіздіктен үлкен сабақ алдым. Алдына биік мақсат қойған боксшыға ондай қателікке бой алдыруға болмайтынын анық ұғындым. Содан кейін психологиялық тұрғыда өз-өзіммен жұмыс істедім. Бап­керіміз екеуміз барлық кемшіліктерді тү­зеттік. Бұл еңбек еш кеткен жоқ. 2022 жылы Аммандағы Азия чемпионатында алтын тұғыр­ға көтерілдім. Міне, енді әлем чемпионы атанып отырмын.

– Төрткүл дүниенің мықтылары бас қосқан Ташкенттегі жарыста жасындай жарқ етіп, бас жүлдені қанжығаңа байладың. Сол бәсекелердің қайсысы саған қиынға соқты?

– Алғашқы екі кездесуде Тринидад Тобаго мен Израильдің өкілімен қолғап түйістірдім. Оларды ұту маған еш қи­ын­дық тудырған жоқ. Ширек финалда Макан Траоремен шеберлік байқастым. Соның алдында ғана француз жігіті Жа­понияның жұлдызы, 2021 жылғы әлем чемпионы Сэвон Окадзаваны сан соқтырған еді. Сол себепті бұл шиеле­ністі жекпе-жек болатын шығар деп ой­ладым. Бірақ Траоре түк істей алмады. Бәсеке басынан аяғына дейін менің ба­сымдығыммен өтті. Жартылай финалда Нишант Девпен шеберлік байқастым. Үндістанның өрені сәл қолайсыздау жұ­ды­рықтасады екен. Оның осал тұсын табу үшін біраз тер төгуге тура келді. Содан финалда Өзбекстанның үміті, екі дүркін Азия чемпионы Саиджамшид Жа­фаровпен жұдырықтастым. Бұл жекпе-жектің бірінші раундында 5:0 есебімен жеңіске жеткеніммен, екіншісінде 2:3 есебімен ұтылдым. Бірақ шешуші сәтте бүкіл күш-жігерімді бойыма жинап, намысымды қамшылап, ақыры азулы қарсыласымнан басым түстім.

– Өзбектердің өз елінде жеңіс­ті ешкімге оңайлықпен бере қоймай­тыны анық. Оның үстіне, көп жағ­дайда төрешілердің бүйрегі жарыс қо­жайындарына бұратыны да белгілі. Фи­налдық сайыстың алдында осын­дай сансыз ойлар сені мазалаған жоқ па?

– Жекпе-жектің қарсаңында біраз күдіктенгенімді жасырмаймын. Бірақ рингке көтерілгеннен кейін жаман ой­лардан арылдым. Шешуші тұста қо­лым­нан келгеннің барлығын жасадым. Не болса да аяғына дейін аянбай айқасуға бекіндім. Барша жанкүйерді қуантып, Ташкенттің төрінде Қазақ елі­нің әнұранын шырқатқым келді. Алла­ Тағаланың қалауы мен халқымның қолдауының арқасында ол арманым орындалды.

– Өте тамаша! Сенің және әлем чем­­пио­натына қатысқан басқа да бокс­­шыларымыздың толағай табысына барша Алаш жұрты шаттана қуан­­ды. Осы жеңісті жол Парижде де жал­ғасуына тілектеспіз.

– Көп рахмет.

– Асланбек, елішілік додаларда сенің басты қарсыласың Абылайхан Жүсіпов еді. Негізгі жарыстардың деніне сол қа­тысты. Ал сен ара-тұра ға­на бой көр­се­тіп жүрдің. Жалпы екеуің қанша рет күш сынасқан едіңдер?

– Ресми жарыстарда екі рет жолымыз қиысты. Бірінші рет жеңілдім. Келесі кездесуде жап-жақсы жұдырықтасып жатқан едік, менің қабағым жарылып кетті. Дәрігерлер бәсекені жалғастыруға рұқсат бермей, жеңіс тағы да Абылайханның уысында кетті.

– Талай рет байрақты бәсекелерден шет қалғаныңда ұлттық құрама тіз­гінін ұстаған бапкерлерге өкпе-назың болды ма?

– Мен ешуақытта өзгелердің табысына қызыға немесе қызғана қараған емеспін. Ондай жаман – әдет табиғатыма жат. Бұл өмірде әркімнің өз несібесі бар. Кезінде Абылайхан Жүсіпов те өте керемет өнер көрсетті. Ол – мықты боксшы, жақсы азамат. Қатарынан үш рет әлем чемпионатында жүлде алу екінің біріне бұйырмайтын бақ. Абылайханды мен әркез бауырым, командалық әріптесім, тіпті қарсыласым ретінде де ерекше құрметтеймін.

– Париж Олимпиадасынан кейін былғары қолғабыңды шегеге ілесің бе әлде тағы біраз уақыт шаршы алаңда атой салуды жоспарлап отырсың ба?

– Баяғыда Мұхаммед Әли өз бап­керінен: «Боксты қай кезде қойғаным дұрыс болады?» деп сұрапты. Сонда көпті көрген кәнігі маман: «Оны саған артыңнан өкшелеп келе жатқан жас­тардың өзі-ақ ұғындырады», деп жауап қайтарған екен. Мен де солай ойлаймын. Егер жалындап тұрған жастар мықтылығын мойындатса, жол беруге әзірмін. Олай болмаған жағдайда «өліспей беріспеймін». Алдымен Париж Олимпиадасына тыңғылықты даяр­лану керек. Сол жарыста атой салуды мақсат тұтып отырмын. Ал одан кейінгісін уақы­тында көре жатармыз.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»