Владимир Набоков дәрістерінің бірінде айрықша тәжірибе жүргізеді. Студенттер отырған залдың барлық есік-терезесін жауып, жарықтарын сөндіреді. Кенет, залдың соңғы жағында орналасқан жарықты қосып: «Бұл орыс әдебиетіне түскен Гогольдің жарығы» дейді жазушы. Мұнан соң, тағы да бір шамды жағып: «Бұл – Чехов», соңғы лампаны қосып: «Бұл – Достоевский» дейді. Соңында есік-терезені ашып, бөлме ішін самаладай жарық еткен Набоков «Ал, енді мынау – Толстой» деген екен.
Суреткердің ойлау жүйесінің соншалық қоюлығы, байқампаздығы өне бойды шымырлатады. Жазушы адам жанына еніп, толық зерттеп, зерделеп, ойын оқып тұрғандай аңғарымпаздықпен қалам тартады. Ар мен нәпсінің қайшылығынан туған ішкі күрестерді алып майдан шебін жырға қосқандай шабыттана кестелейді. Шынында, үлкен соғыс дегеніміздің өзі нәпсімен күресу емес пе?
«Крейцер сонатасы» – жолаушы Позднышевтың баяндаған тағдыры арқылы суреттелген кең тынысты повесть. Онда бәрі бар, махаббат, ар-ұят, қызғаныш, өкініш, өмір мен өлім. Ромен Роллан атақты «Толстойдың өмірі» кітабында «Крейцер сонатасына» мейірлене тоқталады.
Повесть әп дегенде Позднышевтің бей-берекет жігіттік өмірінен бастау алады. Жас дәуренде жұрттың бәрі секілді өмір сүрген, ұждан мен ұятқа құлақ асып жатпаған ол аярлық әрекетін мақтан көреді. «Апиыншы, маскүнем, шылымқорлар да кісіліктен шығады ғой, ол бір әйелден соң бір әйелмен жүріп, әбден құнығып кеткен жүргіш те сол сияқты, адам санатынан шығып, біржола бұзылып, нағыз азғынға айналады». Толстойдың гуманизмінде, ар мен әділет жолына болған махаббатында шек жоқ. Мыңдаған адам үшін қалыпты саналған ұсақ пендешіліктер жазушы сүзгісінде барып тұрған ұятсыздық саналып, аяусыз әшкереленеді. Толстой сыртқы оқиғалардан гөрі кісінің ішіндегі аласапыран жайттарға көбірек назар аударады. Оқырман мұнан өз ниеті мен ойын тауып қайран қалады. «Иә, нағыз жексұрын, шошқа бола тұрып, өзімді періште деп шатасыппын». Барлық сорақылық пен оңбағандық жан дүние құрылымының дұрыс қалыптаспағандығынан. Ал «ұждан заңы бұзылса, сазайыңды тартқызбай қоймайды». Позднышев ақыры отау құрып, отбасылық өмір қызығын көреді. Балалы болып, олардың «бейнетті ғажабын» сезінеді. Повесть ортасында бас кейіпкердің әйеліне музыкадан сабақ беруші Трухачевский пайда болады. Ең күрделі шиеленіс те осы жерден басталады. Позднышевтің үйіне келіп, тұрақты дәріс беретін Трухачевский бара-бара әйелімен етене араласа бастайды. Басында бұған мән бере қоймаған Позднышев, кеудесіне жиналған қызғаныш оты мен ашу-ызадан толық босана алмайды. Мәселен, Толстой құдіретіне қол соғу үшін бас кейіпкердің әйелі мен оның ұстазы Трухачевскийдің дәрісіне төне келген кезіндегі ішкі арпалысына ден қоялық. «Шыны шөлмекті суға толтырып, кілт төңкере қойсаң, аузынан су төгілмейді, мен де сондай халде едім. Менің оны балағаттап-балағаттап қуып шыққым да келді, бірақ тағы да сыпайы, мейірімді болуым керектігін сезіндім. Солай жасадым да. Бәрін мақұлдап тұрған түр білдірдім, ұсқыным, көргім келмей жарыла жаздап тұрса да, соғұрлым мейірімді болуға көндірген баяғы тылсым сезімнің жетегіне еріп, оның талғамына әбден сенетінімді, анаған да осындай ақыл қосатынымды айттым. Мен есіктен сұп-сұр боп кіріп келіп, тіл қатпай тұрып қалған кезімде туған қолайсыздықты сейілтуге қанша уақыт керек болса, сонша ғана отырды да, енді ертең не ойнайтынымыз шешілді деген сылтау айтып жөней берді». Япыр-ай, адам жанының инженері деген осы екен-ау. Неткен психологиялық дәлдік, неткен шынайы сомдалған арпалыс. Шығармада оқиға желісімен қатар әйелдер жайлы соны пікірлер, музыка турасында толғамдар айтылады. Бұл жазушының кейіпкерлері арқылы берген қордалы ойлары екеніне дау жоқ. «Музыка адамның рухын көтеруге көмектеседі деседі, сандырақ, жалған! Оның әсері бар, әсері масқара күшті, ал бірақ ешқашан рух көтермейді». Шығармадағы пікірі дана қарттың күнделігіндегі «Музыка – адамды топастандырады» деген ойымен үндеседі. Жеке тәжірибеге сүйенсек, музыка ақыл-ойға нұқсан келтіретіні рас. Өйткені жөнсіз әуен санада құрылған рухани тізбектерді шатыстырып, реттіліктен тайдыруы ғажап емес.
Әлқисса, «Крейцер сонатасының» ақырғы бөлімі қайғылы жайтпен аяқталады. Бас кейіпкер Позднышевтің жан дүниесіне жинала-жинала жанартауға айналған қызғаныш дерті аласапыран күшке ұласып, сыртқа шығады. Ол түн қата үйіне оралғанда, мұғалімімен дәріс өткізіп отырған сүйікті әйелін мерт етеді. Қызғаныш атты қызыл иті тулап, қалаулы жарына қанжар сұғады.
«Ойлай-ойлай пашаның мойны түсті» дегендей, повесті оқып болған соң шұңғыма әсерден арыла қою қиын. Біздіңше, «Крейцер сонатасының» алар негізгі тағылымның бірі – байқалмай іште туатын кеселдің қауіптілігі. Ешкім мән бермейтін, жүрек пен ойда бүр жаратын сансыз ұсақ жағымсыз дүниелер түптің-түбі ақылымызды байлап, арымызды кетіріп, құбыжықтай өзімізді жұтары даусыз. Сондықтан іштегі кеселмен күрес – ұлы қылмыстардың алдын алу. «Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең!». Күн сайын жан дүниеге жауған қара күштермен тоқтаусыз қырқысу, жақсыны сүю, жаманға жаның күю – адамның күн сайынғы майданы. Бұл майданда жеңіске жеткендер ғана өмір атты алып мұхитта адамдық даңқын сақтап қала алмақ. Міне, ұлы шығарманың біз саралаған бір қыры осы, қадірлі оқырман.