Аймақтар • 07 Маусым, 2023

Суға батқан жігітті құтқарып қалды

205 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордада суға түсу маусымы ашылғаннан-ақ полицейлер мен төтенше жағдай қызметкерлері үшін қауырт жұмыс басталады. Дария мен су айдындарын аралайтын олар тұңғиыққа батқан талай жанды құтқарып қалып жатыр.

Суға батқан жігітті құтқарып қалды

Бесінші маусым күні сағат 11:30 шамасында Жал­ағаш ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ержан Абдраманов пен патрульдік полиция тобының аға инспекторы, полиция лейтенанты Ернұр Өтеш өздеріне қарасты аймақты аралауға шыққан еді. Айналаға жіті көз салып келе жатқан олар жолға атып шыққан бейтаныс адамның тегін жүрмегенін сезіп, көлікті тоқтатады. Жанұшыра жеткен жігіт Бұқарбай батыр елді мекені аумағындағы «Северный» каналында бір азаматтың суға батып бара жатқандығын айтады.

Жағдайды тез бағамдаған Ержан Абдраманов ойланбастан суға секіріп, әл дәрмені кете бастаған жігітті жағаға алып шығыпты. Дер кезінде көрсетілген дәрігерге дейінгі көмектен кейін жас жігіт есін жиды. Оқыс оқиға­ның қалай болғаны анықталды.

Суға батқан азамат Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің студенті болып шықты. Канал жағасына күріштіктің суын тексеруге келген сәтінде аяғы тайып кетіпті.

Облыстық полиция департаментінің басшылығы жас жігітті ажал аузынан арашалап қалған қызметкерлерін марапатқа ұсынатынын айтып отыр.

 

Қызылорда