Ғылым • 07 Маусым, 2023

Жол құрылысына да ғылым керек

364 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында дамыған елдердегі кәсіпорындардың жартысынан көбі бесінші технология­лық деңгейге, сондай-ақ 5 пайызы алтыншы деңгейге жеткенін айтып, елімізді үздіктердің қатарына қосу үшін ғалымдарға айрықша міндет жүк­теген болатын. Озық технология­лармен біте қайнасып жатқан бұл заманда кез келген кәсіпті ақылмен басқармасаң, ұпай түгендеу қиын. Бірақ бабын таба білсең, табыс сыры ғылымда жатыр. Елімізде ғылым мен өнеркәсіптің тығыз байланысы әсіресе жол құрылысында аса өзекті. Осы тұста Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты Жол құрылыс материалдары мен жаңа технологиялар бөлімінің басшысы, химия ғылымдарының PhD Салтанат ӘШІМОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

Жол құрылысына да ғылым керек

– Осыдан 1 айдай бұрын Мемлекет басшысы отандық ғалымдармен өткен кез­десуде кейінгі жылдары ғылым саласын­да біршама өзгеріс болғанын айта келе, шетелдік ғылыми орталықтарда білімін шыңдап, тәжірибе жинақтап жүрген мамандардың қатары көбейіп келе жатқа­нын жеткізген еді. Бұл ретте өзіңіздің Еуропада оқып, кәсіби қабілетіңізді арттырып келгеніңізді естідік.

– Иә. 2015 жылы магистратураны «Хи­мия» мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылы Қазақстан жол ғылыми-зерттеу инс­титутына қызметке қабылдандым. Тұтастай алғанда, тек біздің институтта ғана емес, жол құрылысы саласында да химия маманы аз. Айтайын дегенім, мысалы біз битум мен тас қиыршықтары арасындағы байланысты (адгезия) көп жағдайда физика-механикалық тұрғыдан зерттеп жатамыз. Оның нәтижесінде бұл шикізаттардың байланысы әлсіз екені анықталса, кемшілікті қолданылатын қосыл­ғыш заттардан іздейміз. Ал егер химиялық тұрғыдан зерттеп, құрылыста пайдаланылатын заттардың молекулаларына үңілсек, көп­те­ген шешім таба аламыз. Яғни жол құры­лысында химия бағытын дамытып, үлесін ұлғайту басты мақсатқа айналды. Сол себеп­ті 2016 жылы Қазақстан жол ғылыми-зерт­теу инс­титуты Италияның Калабрия уни­вер­сите­тімен меморандум жасасып, кон­курс­тық негізде аталған оқу орнының «Химия жә­не физикалық химия» кафедрасына оқуға түс­тім. Қуантарлығы, біздің инсти­тутта маман­дардың білімді жетілдіруге, ғылыми ізденіс­терін ынталандыруға ұдайы көңіл бөлі­ніп келеді. Өзімнен бөлек қаншама әріп­те­сім шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.

– Ғалым ретінде қазір елімізде салынып жатқан жолдарға көңіліңіз тола ма?

– Шындығына келсек, кемшіліктер әлі де бар. Оның себептері де белгілі. Еліміздегі бірқатар жолды алып қарасақ, ойдым-ойдым трассалар, бітпейтін жарықшақтар мен шұңқырлар секілді олқылықтар көзге көрініп тұр. Алайда бұл тек Қазақстанға ғана тән мәселе емес. Мұны «әлемдік дерт» деп те атауға болады. Егер әр маман өз міндеті мен істеп жатқан жұмысына немқұрайды қарамаса, бәлкім жолдарымыз әлдеқайда сапалы болар ма еді деген ойға қаласың?!

– Еліміздің климаттық ерекшелігін ескерсек, отандық жол құрылысында қандай материалдарды қолданған тиімді?

– Отандық жол құрылысы болған соң, бірінші кезекте өзімізде өндірілетін материалдарды (қосылғыштарды) пайдаланған дұрыс. Әлбетте, олардың көлемі аз немесе көп деуге келмейді. Өйткені қазір жарияланып жатқан отандық шикізаттар зерт­ханалық зерттеулерден өтеді. Демек олардың экономикалық тиімділігі, сапасы, санитарлық-эпидемиялық қадағалаудың қорытындысы бойынша бір-біріне сай болуға тиіс.

Бұл ретте отандық ғалымдардың жетіс­тік­тері шетелдік инновациялардан кем түспейтінін айта кетейік. Мысалы, институт мамандары күкіртті битумға қосымша немесе алмастырғыш компонент ретінде қолдануға байланысты зерттеулерді қолға алды. Бұл қымбат битумның шығынын азай­туға септеседі. Сонымен бірге күкірттің көме­гімен еліміздің батыс өңірлеріндегі жол құрылысындағы өзекті мәселелерді де шешуге болады. Өздеріңіз білетіндей, Аты­рау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маң­ғыстау облыстарында қиыршық тас өндіріл­мейтіндіктен, жолшыларға қажетті шикізатты басқа өңірлерден тасуға тура келеді. Бұл тиімсіз. Сондықтан біздің ғалымдар жергі­лікті табиғи материалдарды, оның ішінде әктас пен теңіз қабыршығын қолдана отырып, оның негізінде жол құрылысына бе­рік және қолайлы күкіртті-қиыршық тас­ты жасап шығарды. Сондай-ақ битумның тұт­қыр­лығын жақсарту үшін өнеркәсіп қалдықтарын – жылу-электр орталықтары мен қазандықтардан шығатын көмір шаңы мен күлдің ұсақ бөлшектерін қолдану тәсілі зерттеліп жатыр. Наномодификацияланған материалды әзірлеу қоршаған ортаны ластанудан қорғап, ауадағы зиянды қалдықтарды азайтуға оң әсер береді.

Десек те егер жол салу үдерісін белгілі бір жердің климаттық ерекшеліктеріне байла­нысты қарастырсақ, онда сол өңірдің топырағынан бастап жолдың жұқа тозу қабатына арналған битумды, қиыршықтарды және арнайы қолданылатын қосылғыштарды химиялық, физикалық түрде зерттеуіміз қажет. Толық зертханалақ сынақтан кейін ғана жол құрылысына кірісуге болады.

Сонымен қатар жол құрылысының сапасын арттыру аясында өңірлердің климаттық ерекшеліктеріне назар аударылып келеді. Біздің институт көп жылдан бері климаттың жолдарға әсерін сынап, зерттеп жатыр. Осы мақсатта республиканың бүкіл аумағында түрлі тереңдікте жолдардың жабыны мен түбіне температура мен ылғалды өлшейтін 20 аспаптан тұратын 28 климаттық өлшеу стансасы қойылды. Қажетті нәтижелер интернет арқылы мәліметтер базасына жіберіледі. Заманауи климаттық өлшемдердің нәтижелері белгілі бір өңірге сай келетін жол-құрылыс материалдарын пайдалануға мүмкіндік береді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасы бойынша Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасын әзірлеп келеді. Онда Техникалық кеңеспен мақұлданған зертханалар мен тәжірибелік учаскелерде сынақтан өткізілген және әрбір климаттық аймақ бойынша ұсынылған барлық материал мен технологиялардың тізілімі болады.

Таяу болашақта жолдарды салып, жөн­деуге байланысты жобалау-сметалық құжат­таманы жасау кезінде жобалаушы ұйымдар жол-құрылыс материалдары мен технологияларды тек бірыңғай базадан ғана алуға міндетті болады. Бұл кемшіліктерді жойып, жолдарды жақсартуға оң ықпал етеді, сондай-ақ әр облыс пен ауданның ерекшелігіне сәй­кес келетін материалдарды қолдануға жол ашады.

Құрылыс материалдары жөнінде тоқтал­сақ, көп жағдайда өңірлерге жол сапасын жақсартуға пайдасы көп тың шешімдер тура­лы ақпарат жетпей жатады. Қазір озық технология дәуірі. Күн сайын небір жаңа өнімдер шығып жатыр. Мысалы, жол жабындарын қосылғыш заттармен өңдеу­дің, плиталардың шөгуі мен бұзылуын жөн­­деудің, деформациялық тігістердің гер­мети­зациясын қалпына келтірудің, жол таң­басы­ның сақталуын қамтамасыз етудің тиімді әдістері, сондай-ақ көктайғақ туралы ерте хабарлайтын және тағы да басқа тың тәсілдер мен өнімдер қарастырылған. Десе де бұл жаңашылдықты тек елордамен үлкен мемлекеттік маңызы бар қалалардың аймағындағы жолшылар ғана қолданып жүр. Сондықтан Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты ғалымдары әкімдіктер мен жол-құрылыс компанияларының қызметкерлері үшін арнайы семинарлар мен оқыту курс­тарын өткізуді қолға алды. Онда нақты өңірлерде қолданылуға тиімді жаңа материал­дар мен технологиялар көрсетіледі.

– Еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғаны мәлім. Бұл тұста жол құрылысы индустриясын экологиялық тұрғыда қауіпсіз дамыту үшін не істеу қажет және қандай мәселелерге назар аударған жөн?

– Докторлық диссертациямның тақы­рыбы – «Жасыл биоматериалдар және жол төсеміне арналған озық технологиялар». Атауға назар аударсаңыз «Жасыл биоматериалдар» ұғымын байқайсыз. Бұл дегеніміз дайындалып жатқан битумға арналған қосылғыштар адам денсаулығына қандай да бір зиян келтірмейтін, нақты айтқанда тамақ өнеркәсібінде қолданылатын қосылғыш заттарды пайдалануды аңғартады. Яғни тек битумның өзін қыздырғанда адам денсаулығына кері әсер тигізетін түрлі газ бөлінеді. Ал оған қосылатын материалдардан да сондай газ тараса, онда жолшы мамандарға зияны тиюі мүмкін. Мынаны түсінгеніміз абзал, біз тек жолды сапалы салуды ғана ойламауымыз қажет. Сол жолды төсеп жатқан қызметкерлердің де денсаулығын ескеруіміз керек.

– Уақыт жылжыған сайын цифрлық технологиялар қарқын алып, күнделікті өмірімізге қарқынды түрде еніп жатыр. Сіздіңше, таяу келешекте жол инфра­құрылымы саласында жасанды интеллект адамды алмастыруы мүмкін бе?

– Бұл мәселеде тепе-теңдікті сақтап, тың технологияларды тек белгілі бір үдерістерде қолданған тиімді деп ойлаймын. Мәселен, біздің институттың жас қызметкерлері қазір бірқатар цифрлық қосымшаны әзір­леп, пайдалануға ұсынып келеді. Оның ішінде GIS-картасында 639 отандық кеніш қамтылған жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы, көпірді пайдаланудың басқару жүйесі (ол бойынша паспорттық деректері бар еліміздің Көпірлер мен жол өтпелерінің электронды базасы құрылып, онда әрбір нысанның жай-күйін тексеру нәтижелері қамтылады), сонымен бірге барлық білікті жолшы туралы ақпаратты қамтитын жол саласы мамандарының цифрлы базасы сынды өнімдер бар. Әлбетте, бұл тың шешімдер адамды толығымен алмастырмайды. Әйтсе де қажетті мамандарды, материалдар мен ақпаратты табуға, жаңа жобаларды әзірлеуге көмектеседі. Озық идеяларды дамытуға мүмкіндік береді.

– Отандық ғылымды коммерциялан­дыру үшін оның ішінде Қазақстан жол ғы­лыми-зерттеу институты сынды орта­лық­­­тар­дың өнеркәсіптегі үлесін арттырып, ұлттық экономиканы нығайту жолында қандай амалдарды қолға алу қажет деп санайсыз?

– Ең алдымен көзінде оты бар, өз ма­ман­дығына бейжай қарамайтын жас маман­дарды даярлауға көңіл бөлген жөн. Жас ға­­лым­дарды қолдап, қажетті қондыр­ғы­­лар және материал­дармен, сондай-ақ әлем­­дік электронды кітапханаға толық қол­­же­­ті­лімділікті қамтамасыз ету қажет деп есеп­теймін. Бұл орайда өзім еңбек ететін ғылыми институттың материалдық-техни­калық базасы лайықты деңгейде жарақтал­ғанын айта кеткен орынды. Әр сала бойынша үздік шетелдік ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасуды үзбей жалғастыру керек. Осы айтылғандарды қолға алсақ, еліміздегі ғылым саласы жолға қойылып, оның экономикадағы рөлі де арта түседі.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»