Экономика • 08 Маусым, 2023

Басты бағыт – экономиканы әртараптандыру

242 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Кеше Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңы­нда өңірдің әлеуметтік-экономика­лық дамуы туралы баяндап, журна­листердің сауалдарына жауап берді.

Басты бағыт – экономиканы әртараптандыру

Төрт айдың табысы қомақты

Осы жылдың 4 айындағы көрсеткіш бойынша облыста әлеуметтік-эконо­мика­лық дамудың оң динамикасы байқалды. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 1,9, ауыл шаруашылығы саласының өнімі – 1,6, инвестициялар тарту – 42,1, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 2,4, құры­лыс жұмыстары – 44 және сауда көлемі – 2,5 пайызға артты. Былтыр облыс бюд­жеті 387,3 млрд теңге болса, биыл 53 пайыз­ға артып, 593 млрд теңгеге жетті. Оның дені әлеуметтік салаға жұмсалады.

Өңірдегі өнеркәсіп өндірісі үлесінің 70 пайызын құрап отырған тау-кен секторында 10 жылдан бері қордың азаюынан мұнай өндіру жыл сайын төмендеп келе жатқаны белгілі. Мысалы, 2013 жылы 10,5 млн тонна мұнай өндірілсе, былтырғы көрсеткіш – 4 млн тонна. Экономикадағы негізгі саланы жандандыру үшін Шу-Са­рысу бассейнінде басталған геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқ­тал­ды, осы күні мұнай қорын бекіту жұ­­­мыс­­тары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Арал бассейнін де зерттеу жалғасуда. Са­рап­­тама қорытындысы келер жылы бел­гілі болады.

Шикізатқа тәуелділіктен арылудың бір жолы – экономиканы әртараптандыру. Индустрияландыру аясында өңірде құны 607 млрд 700 млн теңге болатын 34 жоба жүзеге асырылуда. Бұл болашақта 6 мың 300 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Ірі жобалар қатарында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін «Қармақшы құс» ЖШС бар. «Айғасар» серіктестігі қолға алған 36 мың тонна бие сүтін өңдейтін цех пен 700 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін «Qazaq Camel» зауыты, «Арал кварц» ЖШС-нің 172,8 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін кәсіпорны аймақ экономикасының даму бағытына жаңа леп береді деген үміт бар.

Былтырғы жылдың қазан айынан бастап облыста шыны зауыты жұмы­сын бастады. Өңірдегі өңдеуші өнеркә­сіпке серпін беретін өндіріс орны өткен жылдың соңына дейін құны 4,5 млрд теңге болатын 32 мың тоннадан аса өнім шығарды. Шыныны елімізбен қатар Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейге экспортқа шығаратын зауыт биылғы 4 ай­да 3,5 млн текше метр өнім өндірді. Осы күні зауыт жанынан ілеспе кәсіпорындар құру бағытында бастама көтеріліп отыр. Бастапқы кезеңде 32 млрд 800 млн теңге болатын 3 зауыт салу жоспарланған.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – Шалқия кен орнында салынатын тау-кен байыту комбинаты. Құны 235 млрд теңге болатын комбинат құрылысы үшін қазір Еуропалық қайта құру және даму банкі платформасында тендер өткізіліп жатыр.

Қойнауы құт Қаратауда Бала-Сауыс­қандық деп аталатын кен орны бар. Қазір мұнда қара тақта тасты автоклавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс істеп, былтыр 454 тонна, биылғы 4 айда 81 тонна аммоний метаванадаты мен ферромолибден өндіріп, Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспорттады.

 

Жұмыссыздар қатары азаяды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, оған құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілді.

– Өткен жылы құны 5 млрд 100 млн теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Ал биыл құны 13 млрд 400 млн теңгеге 9 жо­баны жүзеге асырамыз. Осылайша, өңір­де инвестиция көлемін арттыруға күш са­ламыз. Аймағымыз инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінгенін білесіздер. Биыл да осы қарқынды түсірмейміз, 424 млрд теңге көлемінде инвестиция жеткізу жоспарда тұр. Өңірді дамытуға ниетті инвесторларға барлық жағдайды жасаймыз, деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Кәсіпкерлікті дамыту мықты эко­но­­ми­каға негіз қалайтыны белгілі. Осы жы­лы өңірде саланы қаржылай қол­дау­ға әртүрлі көздерден 23 млрд теңге­ге жуық қаржы қаралып отыр. Жыл басы­нан бері 1700 жобаға қолдау көрсе­тіліпті. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында несие портфелі 8 млрд 600 млн теңге болатын 168 жоба субсидияланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіп­керлік бастамаларына 1 млрд 300 млн теңге 2,5% пайыздық жеңілдетілген несие берілді.

 Осы күні Сыр өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды көрсетіп тұр. Халық­ты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу басты міндеттің бірі екенін атап өткен облыс басшысы Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес былтыр өңірде 12 мыңнан аса жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 пайызға орындалғанын жеткізді. Осының нәтижесінде, жалпы жұмыссыздық дең­гейі 4,9 пайыз, жастар арасындағы көрсет­кіш 4 пайызға төмендеген.

 

Тамшылатып суару тығырықтан шығарады

Аграрлы өңір саналатын Сыр бойын­да бүгінде 265,3 мың гектар суармалы жер бар. Оның 178,6 мың гектары – ин­же­нерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егіс­тік. Осынша алқапқа дән себетін диқан­дарды жыл сайын дария арнасының төмен­деп бара жатқаны алаңдатады. Осы жылы өңірдегі егіс алқабын 7 мың гек­тар­ға ұлғайтып, жалпы 196 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп отыр.

Ендігі амал – егін шаруашылығын әрта­раптандыру. Осының аясында мала­зықтық дақылдар көлемі – 2300, картоп, көкөніс және бақша дақылдары егіл­ген алқап 222 гектарға ұлғайды. Сыр бренді – күріш егілген аумақ та 5400 гек­тар­ға артып отыр. Облыста тұрғындар үшін әлеуметтік маңызы бар дақылдарды егіп алуға жағдай жасайтын жақсы бастама бар. Былтыр шаруашылықтар қарығы мен арығын дайындап, су да жеткізіп бергенде біраз тұрғын бел байлап шыққан. Биыл осындай талаптыларға қала мен аудандарда 3 мың гектардан аса жер беріліп отыр. Қазір 5488 отбасына жер телімдері табысталып, аяқ су жүргізілді.

Жаз бойы атыз жағалайтын диқанды демеу үшін биыл «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» бірлесіп, күзде күрішті форвардтық сатып алу жұ­мыстары қолға алынды. Бүгінде 6000 тонна ақ күрішті сатып алуға 1,2 млрд теңге қаржы бөлініп, облыстағы 4 шаруашылық «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-тан келісімшарт арқылы қаржы алды. Оны көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыш, жанармай, гербицидтер сатып алуға жұмсады.

Су тапшылығынан құтылудың тағы бір жолы ретінде өңір шаруашылықтарының Украина ғалымдарымен бірлесіп жаңбыр­латып, тәжірибе ретінде тамшылатып суару әдістерімен соя, күнбағыс, жүгері, бидай дақылдарын, күріштің бірнеше сұрыпын егу бастамасын айта кеткен жөн.

Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, бүгінде мақсатқа сай пай­да­ланылмаған ауыл шаруашылығы жер­лерін қайтарып, оны қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүруде. Былтыр 157 мың гектар жер қайтарылды, биыл 200 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне өтеді.

– Өңірдің тыныс-тіршілігі дария ар­насына тікелей байланысты. Су­дың азаюының экономикамен қатар, эко­ло­гияға да әсері орасан. Соңғы 12 жыл­да Кіші Арал теңізі ауқымындағы су 27 млрд текше метрден 18,5 млрд текше метрге азайып кеткен. Біз бұл мәсе­лені Парламентте, Үкімет алдында үнемі көтеріп келеміз. Биыл қыста Сырдариядағы су молайып, теңізге тас­талар көлем көбейді. Кеуіп бара жатқан көлдер жүйесіне су жеткізуге мүмкіндік туды. Өткен жылы Кіші Аралға жыл бойы бар болғаны 816 млн текше метр су келсе, биылғы 5 айда 1 млрд 600 млн текше метр жетті. Екі теңіздің арасын бөліп тұрған Көкарал бөгетінің ахуа­лы да алаңдатарлық еді. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен өткен жылы 4 млрд 500 млн теңге болатын жоба іске аса бастады. Келесі жылы аяқталатын жобаның арқасында Көкарал бөгетінің бұзылу қаупі жойылып, теңізде су айналымы қалыптасады, деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.

 

Баспаналы болғандар көбейеді

Брифингте Қызылорда облысының әкімі биыл өңірде аумағы 130 мың шаршы метр болатын 1 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы салынып жатқанын хабарлады. Осы жылы 1430 пәтерлік 30 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Өңірде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым жүйелерін дамыту жобалары да қарқынды жүзеге асуда. Облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. 2023-2026 жылдар аралығында «Байқоңыр қаласындағы сумен жаб­дықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау» жобасына 12 млрд теңге қарастырылуда. Өткен жылы 6 ауыл «көгілдір отынға» қосылса, биыл 12 елді мекенге газ жетеді.

Өңірде «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас от­басына жеңілдетілген ипотекалық несие берілмек. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн теңге бөлініп отыр. Он сегіз бен отыз бес жас облыс тұрғындары қатыса алатын бағдарламада «Отбасы банк» арқылы 19 жылға 5% үстемемен жеңілдетілген несие беріледі. Жолдама беру балдық жүйемен жүзеге асырылады.

Баспанамен қатар мемлекеттік бағдар­ла­малар аясында ондаған әлеуметтік нысан салынады. Облыс орталығында ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Қазір жоба-сме­та­лық құжаттары әзірленіп жатқан 200 төсектік перинаталдық орталық құрылысы да көп кешікпей басталуға тиіс. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 орындық 21 мектеп бой көтермек. Биыл 10 мектеп салына бастайды.

Өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Қы­зылорда облысына жұмыс сапары Қызылорда қаласында дарынды бала­ларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу мәселесі шешімін тапты. Бүгінде «Білімді қолдау қоры» қаражат бөліп, мектеп-интернат құрылысы бастау алды.

 Облыс орталығында салынып жатқан Неке сарайы тамыз айында пайдалануға берілмек. Осы жыл аясында 1000 орын­дық Өнер орталығы да қолданысқа беріледі. Сол жағалауда іргесі қаланған Қан орталығының құрылысы келер жылы аяқталады.

 

Сырда Сеултех филиалы ашылады

Жақында ғана облыс делегациясы Корея Республикасына сапарлап, өн­ді­ріс саласына шетелдік инвестиция тар­ту, жаңа өндіріс орындарын ашу бағы­тында біршама келісімдер жасады. Сапарда ғылым, биотехнология, медицина, жасанды интеллект салаларында әлемде жетекші орында тұрған Кореямен бірлескен жобаларға баса мән берілді.

Осындай кездесуде Сеултех пен Қор­қыт ата университеті арасында мемо­рандумға қол қойылды. Корея мен Қа­зақстан арасында жоғары білім сала­сын­дағы екіжақты ынтымақтастықты да­мыту үшін биыл халықаралық ынтымақ­тастық жөніндегі жетекші университеттік жоба әзірленіп отыр, оның аясында гранттық жоба ретінде 1 млрд теңгедей қаржы бөлінеді. Осы арқылы Қорқыт ата уни­верситетінде жасанды интеллект мектебін құруға мүмкіндік беріледі.

Сапарда Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырзамен өңірлер ара­сын­дағы байланысты өркендету үшін бауырластық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылса, Чоллабук-до провинциясының губернаторы Ким Гван Ён мырзамен кездесуде озық ин­но­вациялық технологияларды зерттеу­ге, «Ақылды фермалар» құруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өң­деуге қатысты нақты ұсыныстар айтыл­ды. Бастамалардың барлығын жүйелі іске асыру үшін Қызылорда облы­сы­ның ауыл шаруашылығы және жер қаты­наста­ры басқармасы мен Чоллабук-до провин­циясының халықаралық ынты­мақтастық орталығы арасында келісім жасалды.

Брифингте облыс әкімі Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы ТҮРКСОЙ аясында кеңінен аталып өтілетінін айтты. Халықаралық және рес­публикалық игілікті іс-шараға қайраткердің туған өңірі де белсенді атсалысады.

Биыл облыста Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктердің байқауы мен Кеңес Дүйсекеев атындағы әншілер конкурсы алғаш рет халықаралық деңгейде өтті.

Өңірден табылған сақтардың «Шірік-Рабат Алтын адамы» мен Алтын Орда кезеңіндегі «Сығанақ ханшайымының» қалпына келтірілген мүсіндері осы жылы жасалатын болды. Алғаш рет сала мамандарын қолдау үшін мәдениет және әде­биет өкілдеріне арналған облыс әкімінің «Тұран» сыйлығын табыстау басталды.

Брифингте облыс әкіміне медицина саласы, Сырдария өзеніндегі су дең­гейі, ауыл-шаруашылығы, балық шаруа­шылығын дамыту бағытындағы сауалдар қойылды.