Жабық форматта ұйымдастырылған іс-шарада Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева әйелдердің қоғамға араласуы тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ететінін айтты.
– Әйелдер мен қыздарды қолдау және дамыту жобасына инвестиция салу – елдегі азаматтардың жағдайын жақсартудың ең сенімді жолы. USAID қыздар 10 пайызға көбірек мектепке барса, ІЖӨ орта есеппен 3 пайызға өседі деп есептейді. Білімді қыздар болашақ табысының 90 пайызын отбасына қайта салады, ал ұлдар небәрі 35 пайызын салады. Зерттеулер көрсеткендей, аз қамтылған отбасылардағы қыздарды әлеуметтік қорғауды күшейту және жоғары білім алу үшін жеңілдетілген несие алуға қолдау көрсету негізгі фактор. Қазір Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар кешенінде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері ерекше орын алады. Әйелдер кәсіпкерлігінің серпінді секторы қалыптасты. Еліміздегі барлық жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің 43 пайызын әйелдер басқарады. Олар осы саладағы барлық жұмыс орнының үштен бірін қамтамасыз етеді, – деді Аида Балаева.
Халықаралық сарапшылар қауымдастығының пікірінше, елімізде қарастырылған критерийлер аясындағы ең үлкен жетістік – әйелдер мен ерлердің мектепке және кәсіптік білімге қол жеткізудегі толық теңдігі. Яғни елдегі студенттер арасында әйелдердің үлесі – 53,4, магистранттар арасында – 61, докторанттар арасында 63 пайызды құрайды. Сонымен қатар басқару деңгейіндегі жоғары білім беру жүйесінде 21 пайыз қыз-келіншек бар. Жиын барысында Аида Балаева Қазақстанда әйелдердің көмегімен жүзеге асырылып жатқан жобаларға кеңінен тоқталды.
– Қазір елде жүзеге асырылып жатқан реформалар кешенінде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері ерекше орын алады. Әйелдер кәсіпкерлігінің серпінді секторы қалыптасты. Еліміздегі барлық жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің 43%-ын әйелдер басқарады. Олар осы саладағы барлық жұмыс орындарының үштен бірін қамтамасыз етеді. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қатысуымен әйелдердің саяси және экономикалық ілгерілеуіне арналған жобаларға тоқталғым келеді. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры компанияларының директорлар кеңесі, бақылау кеңестері мен атқарушы органдардағы әйелдер үлесін арттыру мақсатында «Гендерлік теңдік» жобасы басталды. Бұл ірі компаниялардағы бизнесті басқарудың ең жоғары деңгейі. Әйелдер мен қыздардың басқарушылық әлеуетін және саяси мәдениетін дамыту үшін «Томирис» ұзақмерзімді ақпараттық-білім беру жобасы алғаш рет жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаттарының бірі – белсенді әйелдерді мақсатты оқыту үшін өңірлік сарапшылар пулын құру, – деді ол.
Жалпы, «Жаһандық іскер әйелдердің кеңесі» – әйелдердің бизнесі мен инвестицияларын кеңейту мүмкіндіктеріне арналған жаңа ұйым. Оның басты мақсаты – халықаралық нарықтардағы мүмкіндіктерді ұсыну, инвестицияны қамтамасыз ету, іскерлік және трансшекаралық жобаларды кеңейту, серіктестік пен желіні дамытуға жәрдемдесу.
– Біз GBWC-де бүкіл әлем бойынша бизнес пен инвестициялардағы әйел көшбасшыларды біріктіруге бағытталған халықаралық ұйым ретінде бірегейміз. Мақсатымыз – бүкіл әлемдегі көшбасшыларды бір шаңырақ астында біріктіру. GBWC-тің алғашқы пленарлық отырысы шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-ші пленарлық отырысы аясында өтеді. FIC пленарлық отырысы әлемдік көшбасшылар мен инвесторларды ғана емес, әйел көшбасшыларды да біріктіреді. Ол үшін әйелдерді осы платформаға тарту керек. Осылайша, біз іскерлік және инвестициялық жобаларда бір-бірімізбен ынтымақтаса аламыз. Сондықтан біз әлемнің түкпір-түкпірінен әйелдерді GBWC-ге қосылуға және Қазақстаннан бастап жаңа нарықтар мен мүмкіндіктерді зерттеуге шақырамыз, – деді Жаһандық іскер әйелдер кеңесінің негізін қалаушы, «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева.
Пленарлық отырыста Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары әйелдерді саяси мансап құруға және саясаткер әйелдердің жаңа буынын қалыптастыруға дайындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
– Білім беру, денсаулық сақтау, жыныстық тәрбие беру, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, әлеуметтік кәсіпкерлік дағдыларын дамыту салаларында қолайлы цифрлық ортаны құру үдерісі жүріп жатыр. Сонымен қатар Ұлттық комиссия «TechnoWoman» қауымдастығы және «BS Education» бірлесе отырып, электронды коммерция мектебін ашуға және 1 400 қазақстандық қолөнер шеберіне халықаралық және қазақстандық нарықтарда электронды коммерция сатуды үйрету үшін тегін курстар өткізуге үлес қосты, – деді ол.