«Жеткізу тізбегінің бұзылуы, инфляцияның өсуі және сауда-саттықтағы шектеулер жаһандық экономиканың дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Осыған қарамастан, Қазақстан сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп үлгерді деп сенімді түрде айта аламыз. Төрт айда экономиканың нақты өсімі 5 пайызды құрады. Бұл бұған дейін болжанған орташа әлемдік көрсеткіштен үш есе көп. Экономикамыздың барлық негізгі секторында оң динамика байқалады», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент былтыр шетелден 28 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартқанын және бұл рекордтық көрсеткіш екенін айтты. Ол сондай-ақ шетелдік инвесторлардың шикізаттық емес секторға айрықша қызығушылық танытқанын ескерді. Мемлекет басшысы Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның инвестициялық әлеуетін растағанын айтып өтті.
«Бүкіл әлемде протекционизмнің белең алуына қарамастан, ашық нарықтық экономикасы бар ел ретінде өз позициямызды нығайта түстік. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп,134 миллиард долларға жетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.