Президент • 08 Маусым, 2023

Өткен жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12%-ға өскен

1217 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы барысында Қазақстан азаматтары цифрлық сауаттылыққа және білімге баса назар аударуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өткен жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12%-ға өскен

«Экономикалық өсім туралы айтқанда, біз тек цифрлар мен көрсеткіштерге ғана емес, сапаға да мән беруіміз керек. Осы ретте Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу. Цифрлық интеллект индексіне (Digital IQ) сәйкес Қазақстан цифрландыру қарқыны бойынша 20-орында және цифрлық ортаны дамыту жөнінен анағұрлым перспективті елдердің қатарына кіреді», деді Президент.

1

Осы тұста Мемлекет басшысы өткен жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өскенін еске салып, отандық цифрлық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі әлі де артып келетінін атап өтті.

«Былтыр IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. Мақсатымыз – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында ел Президенті цифрлық трансформацияға кедергі келтіретін факторды атады.

«Адами капитал шешуші рөл атқаратыны бәрімізге де мәлім. Бірақ цифрлық трансформацияға кедергі келтіретін де осы – адами фактор. Цифрлық үдерістерді басқару үшін цифрлық сауаттылыққа және білімге баса мән беруіміз қажет екенін түсінуге тиіспіз. Түпкі мақсат – цифрлық өсімге бағдарланған креативті қоғам қалыптастыру. Біздің адамдар жаңа идеяларды қабылдауға, жаңаша ойлау мен жаңа нәрсе ойлап табуға бейімделуі керек», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Айта кетсек, Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің президенті Масатсугу Асакава, CNPC компаниясының президенті Хоу Цзицзюнь, Shell plc компаниясының бас атқарушы директоры Уаэль Сауан, Chevron корпорациясының атқарушы вице-президенті Найджел Хирн, Philip Morris International компаниясының ТМД және Орталық Азия бойынша президенті Марко Мариотти, «ЛУКОЙЛ» компаниясының бас атқарушы директоры Вадим Воробьев, Ernst&Young компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймақтары бойынша басқарушы серіктесі Джули Линн Тигланд, Air Liquide компаниясының бас атқарушы директоры Франсуа Жаков, Baker Hughes компаниясының төрағасы және бас атқарушы директоры Лоренцо Симонелли, Microsoft корпорациясының Орталық және Шығыс Еуропа бөлімшесінің бас директоры Мишель Симмонс, Wabtec корпорациясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантана сөз сөйледі.