Қазақстан дзюдо федерациясы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, «Үлкен дулыға» санатындағы жарыста ел намысын ұлттық құрама көшбасшыларымен бірге, ересектер қатарына енді қосылып жатқан жас спортшылар да қорғайды.
Атап айтқанда, 2019 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, «Grand Slam» додаларының жүлдегері Нұрқанат Серікбаев, 2015 жылғы әлем біріншілігінің жеңімпазы, былтыр Хорватияда ұйымдастырылған «Grand Slam» турнирінің алтын медаль иегері Мағжан Шамшадин, биылдан бастап ересектер дуына араласа бастаған Қанат Сейілхан мен Дәурен Сюкенов 60 кило салмақта белдесулерге шығады.
Ал 66 кило салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, жастар арасындағы әлем чемпионы Ермек Амангелді, жастар арасындағы турнирлердің жүлдегері Айболат Ыстыбай, Сұңғат Жұбатқан бақ сынайды.
Азия чемпионы Данияр Шамшаев, Гран-при жарыстарының үш дүркін жеңімпазы, Рио Олимпиадасына қатысушы Жансай Смағұлов және Дархан Қойбағар, Асқар Нарқұлов 73 кило салмақта, Айбол Нысанәлі, Руслан Мұсаев, Абылайхан Жұбаназар, Бекәділ Шаймерденов 81 килода, Ермахан Әнуарбеков, Мұхаммедәли Мавлидов, Құдірет Досымов, Аян Байғазы 90 килода, Нұрлыхан Шархан, Бекарыс Сәдуақас, Бекзат Шағатаев, Ислам Бозбаев 100 килода, Ғалымжан Қырықбай, Әділ Оразбаев, Ерасыл Қажыбаев, Мади Еділбаев 100 килодан жоғары салмақта татамиге шығады.
Қыздар арасындағы бәсекелердің ең жеңіл салмағында әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері, биыл Португалияның Алмада қаласында ұйымдастырылған жылдың алғашқы Гран-при жарысының жеңімпазы Әбиба Әбужақынова, құрлық жарыстарының жеңімпазы, Гран-при турнирлерінің жүлдегері Ғалия Тынбаева, Жанерке Асқарова мен Нұрайлым Сәрсенбек бас жүлде үшін белдесіп көреді.
Сонымен қатар Толғанай Әбеуова, Құндыз Жылқыбай, Гауһар Ермағамбетова (52 кг), Севара Нышанбаева, Бақыт Құсақбаева, Балнұр Құрманбай, Дана Әбдірова (57 кг), Мөлдір Нарынова, Есмигүл Куюлова, Анастасия Морозова (63 кг), Анастасия Маякова, Роза Нысантайқызы, Диана Телбаева (70 кг), Аруна Жангелдина, Назерке Тілеуханова, Маргарита Гриценко (78 кг), Кәмила Берліқаш, Ақерке Рамазанова, Назгүл Маратова 78 килодан жоғары салмақта күш сынасады.
Биыл Қазақстан дзюдо федерациясы Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) әлемдік «Grand Slam» жарысын Қазақстанда өткізу туралы төртжылдық келісімшартқа қол қойды. Екіжақты келісімшартқа сәйкес, Қазақстан әлемдік «Grand Slam» жарысын 2023-2026 жылдар аралығында қабылдайды.
«Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпия ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды.