Абай • 08 Маусым, 2023

«Бірлік – ақылға бірлік»

651 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақтың ғасырлар көшіндегі сан қилы тарихы мен атадан балаға мирас болып жеткен бай әдебиетіне, күні кешеге дейін алтын желіні үзбей жалғастырып жеткен ұрпақ тәрбиесінің озық үлгілеріне қарап таңғаласың. Ауыл ақсақалының бір ауыз сөзіне бағынған, ел сайлаған биі­нің пәтуалы сөзіне тоқтаған, үлке­ніне құрмет, кішісіне ізет көр­сетіп, төс қағысып құда бо­лып туысқан халық өміріне қызы­ғасың.

«Бірлік – ақылға бірлік»

Осы мамыражай тірліктің шыр­қы патшалық Ресейдің Қазақ елін тізесіне басып, отарлау саясатын пәр­менді жүргізуінен, сайқал саясаты­нан бұзылды. Ел билеушісі де, байы да басқа қалыпқа енді. Жалпы, халықтың танымы мен ұстанымы да өзгерді. Билікке құмарлық пен шен алғыш­тық, пәле жапқыштық пен өтірік, өсек айтқыштық, мал шашпақ­тық, әсіре­мақтаншақтық пен даңғой­лық, жалқаулық пен еріншектік бе­лең алды. Терең ойға телміретін, талап тұлпарын мінетін, адал еңбегіне сенетін, әр дүниеге қанағат қы­лып ризашылықпен қарайтын рақым­ды жандар азайды. Есесіне ояз бен ұлық­қа деген жағымпаздық, жуанның мо­мынға әлімжеттігі, жақсының ар­ты­нан шырақ алып түсетін арыз­қойлық, елдің шырқын бұзып, бір-біріне қарсы қойып шағыстыратын пәлеқұмарлық көбейді. Халық зама­нымен бірге басқа мінезге ене бастады. «Өз қолынан өз ырқы кеткен» қалың елінің осындай күйге түскені өз ұлтын жанынан артық жақсы көрер Абай Құнанбайұлының жан-жүрегін ауыртқаны хақ.

«Бас басына би болған өңкей қи­қым­» елінің шырқын ғана емес, өзі­нің де күндіз күлкісі мен түнде ұйқы­сын бұзғанын білмес қалыбы, көр­се­қызарлығы мен қырттығы ақын жанын жаралайды. Бірлігі мен берекесі кетіп, шынайы пейілден айырылған соң, баққан жылқысы да, тапқан байлығы да сапырылған, күн­дестіктің дертіне шалдыққан жан­ның, тіпті жай нәрсеге «бұртың» ете қалатын ағайынның да жанды бейнесі осы өлеңде кеңінен көрініс береді. Ел арасындағы береке-бірлікті, тату­лықты көздеген Абай оны ең алды­мен өз туыстарынан, руластарынан, ауыл­дастарынан бастап жолға қою­ды көздейді. Ел ішінде болатын алауыз­дық­ты, көреалмаушылық пен қыз­ғаншақтықты жоюды көксеген ақын қалың қазағын ынтымаққа шақырады.

Ақын өлеңдерінде «қайран жұр­тының» кереғар қылықтары мен оспа­дар әрекеттерін сынға алып, елін ғылым-білімге, татулық пен еңбек­құмарлыққа үндейді.

«Адасып алаңдама,

жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық,

қамалмай.

Не ғылым жоқ

немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой

мал баға алмай»,

деп өкінеді.

Қазағының өзге жұртқа қарағанда «сөзі ұзын», «шапшаң» болса да, ғибратты ой мен ізгі насихатты шал­қақ­тап, ыржаңдап жүре тыңдай­тын мінез ерекшелігі бары да қынжылта­ды. Айтқан сөздің сыртын емес, ішін ойланып түсінсе дейді ақын. Тіпті «Көз­дің жасы, жүректің қаныме­­нен Ерітуге болмайды ішкі мұзын», деп қатты кейіп кететін сәттері де бар Абайдың.

Абай Құнанбайұлы ұлт тәрбиесі­нің негізі береке-бірлігі жарасқан елде болатындығына басты назар аудартады. Егер елдің өзара тату­­лығы жоғары болса, халық та мамы­ра­жай өмір сүретіндігі ақиқат. Бай­лық та, жетістік те, тыныштық та берекесі жарасқан елде ғана. Бірін-бірі күндемейтін, басқаның артынан шырақ алып жамандық іздемейтін, не көрсек те ел болып бірге жақсылық­ты көрейік дейтін ниеті бір, ойы ор­тақ, ғылым мен білімге құштар, ізгі мақ­саты табыстырған, асыл армандар жетелейтін халықтың жетістігі де мол болмақ. Туыстық қарым-қатынасы артып, байлығы да көбейіп, ой мен санасы да таза болғандықтан, тән саулығы да, жан тазалығы да жақсарып, ел болып дамудың жарқын жолына түсері де хақ. Абай қызыққан ел де – бере­келі ел. «Берекелі болса ел – Жағасы жайлау ол бір көл. Жапырағы жайқа­лып, Бұлғақтайды соқса жел», дейді ақын.

Шындығында да, ел бірігіп, бере­кесі жарасып, барлығы халық болып ұйысқанда ғана жетістікке жетері анық. Бірлігі бар ел озса, татулығы жоқ халық тозады. Бұл сан ғасыр бойы ата-бабаларымыздың нақты шына­йы өмірден түйген, ұрпақтан-ұрпаққа екшеліп жеткен нақыл сөз­дерінде де кеңірек айтылған.

Ағайын арасында тек татулық болса, сыйластығы артып, бір-біріне деген құрметі жоғарылап, баққан ма­лы да, мамыражай өмірде жаны да көбейе берері сөзсіз. Абайдың да ­басты мақсаты – елдің береке-бір­лік­те болуы. Өкінішпен айтатыны да қаза­қы қоғамның осы бір құнды­лық­ты баға­ламай, өзара алауыздықпен ­ынты­мақты бұзуға әуестігі.

Ел ішіндегі ұсақ келіспеушілік өзі туған-туыстардың арасын ғана алыс­татпайды, жалпы халықтың дамуына да кері әсерін тигізеді. Адал­дық пен арамдық, еңбекқор­лық пен жал­қаулық, ғылым игермек пен на­дандықтың арасының ажырай бас­тауында да береке-бірліктің бұзылуының әсері айқын. Қазағының татулықты қойып, жамандық қылса, ол жасағаны өзіне қайыра айналып келерін ұқпауы ақын өлеңдерінде кең көрініс тапқан. Күншілдікпен өткен тірлігің, берекені бұзған пәле­құмарлығың, ағайынның арасына от жағып араздық отын үрлеген арам­дығың шайтанға жасап берген қам­қорлығың екенін ұқса дейді ақын.

«Ел бұзылса,

құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп,

қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен

болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға

болар көмек».

«Бірлік қандай елде болады, қайт­се тату болады, білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік аты – ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі бір-бірінен пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?»

Міне, Абай айтқан негізгі бірліктің қайда болмақтығы. Мал дос болып, арам мақсат құрып бірлік жасаудың көк тиындық құны да жоқ. Хакім сө­зінің өшпес маңыздылығы да осында. Абай заманында ғана емес, қазір­гі таңда да бір күндік пайдасы үшін өтірік дос болып, керегінде пайдаланып, қажетсіз болып қалса, сырт беріп айналатын келеңсіздікті, жөн­дейтін уақыт туды. Ағайынмен мал үшін емес, риясыз пәк көңілмен бір­лікте ­болатын заман қазір. Қулық-сұмдықпен дәулет жиып, мақтанып, есіріп кететін есерсоқтарымыз Абай сөзінің мәніне терең үңги алмаса да, тұшына бір оқып, өз ісіне есеп бере білсе.

Бізге мал дос емес, ақыл дос қажет. «Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып» дегендейін, ақылмен бірлесіп, ғылым-білімді аңсап, тереңдікке ден қойса, әр азаматтың да, қалың қауымның да, мемлекетіміздің де болашағы жарқын. Ынтымағы жарасқан егемен еліміздің көк байрағы ашық аспанында мәңгі желбірей беруі де береке-бірлікке тікелей қатысты.

Елдің береке-бірлігіне басты кедергі болар Абай Құнанбайұлы сы­наған қазақтың кереғар ерекше­ліктерінің бірі – партия құрғыштық. Туған елінің жай-күйі мен даму барысына қапалана отырып ой қосқан Абай заманынан қанша алыстасақ та, осы бір келеңсіз жайлар қоғамнан әлі де алыстай қойған жоқ. Хакім сөзінен халқымыз бүгінгі таңға дейін сабақ алмағаны, әрине, өкінішті. Абай өлеңдерінде жік-жік болып бөлініп, өзара ымыраластар топ құрып, партия болып бөліну үрдісі кеңінен ащы сынға алынған. 

«Барымта мен партия –

Бәрі мастық, жұрт құмар.

Сыпыра елірме, сұрқия,

Көп пияншік нені ұғар?»

Ақын «ендігі жұрттың сөзі ұрлық-қарлыққа» негізделіп, «сөзді ұғатын саналы жанның» төңірегінде аза­йып, «бет бергенде шырайы сондай жақсы», бірақ «сартша сырты» бұзыл­ған, партияға мас болып елірген жан­дардың аяусыз бейнелерін жасайды. Тіпті «пияншік» деп саналы ақыл-ойдан айырылған, адамшылықтан кетіп сұрқиялыққа жеткен замандас­тарын аямайды.

«Қайғылы, қартаң шалдар» Абай­ айтқандай ел кезбей, ағайын арасы­ның тыныштығын ойлап, жұртына басу айтып, араздықтың отын өшіруге ты­рысуы керек емес пе? Бір ауыз дуа­лы сөзімен рулы елді басқарып оты­ратын,  яки болса жас буынға өнегесін көрсетіп, өткен дәуірден жет­кен қисса-дастандарды, көркем жыр­ларды, аңыз-әңгімелерді айтып, қалың елді төңірегіне ұйыстыратын бұрынғының үлкендерінің замана ерек­шелігімен өзгеріп, дау-дамай қуған, пәлеқұмар, партияшыл шал­дарға айналуы ақынды қатты тебі­рентеді. Елінің құты болған қария­ларымыз, көкірегі таусылмайтын кенге толы құймақұлақ ақсақал дана­ларымыз «өз қолынан ырқы кеткен» уақыттан-ақ өзгеріске ұшыраған екен-ау!

Бес асыл нәрсеге асық емес, кері­сінше қашық болу керек бес дұшпан­ға әуестік Абай сынаған надандық­қа алып келері анық. Арамдық пен араздық белең алғанда, ел ішіне енген надандық та қанатын кеңге жая бас­тайды. Надандық көзін де, көкірегін де тұмшалаған соң, оның сана-сезімі, қоршаған ортаны сезінуі де жоғала­ды. «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек» дейтін жандар қатары да көбейе берері хақ. Өмір­дің негізгі мәніне үңіліп, Жаратушыны сүюі, хақ жолымен жүруі, рухани кемелденуі түгілі, өз басын алып жүре алмайтын, басқаның жетегіне еріп, тобырдың қатарына енетін де осы надандар. Ақын поэмасында айтылатын көппен бірге жынды су ішіп еліретін де осылар. «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса», дегендей тереңдік былай тұрсын, іс-әрекеті мен таным-түйсігі саналы адам қатарынан да көрінбей жататын надандық сау ақылдың жоқтығынан, қараңғылықтан. Арзан күлкі мен бас даурықпаға әуестік те көңіл көзінің тұмшалануынан.

Алауыздықтың отын үрлер ерек­ше­ліктер де жетерлік. Адам мінезі мен іс-әрекетіндегі, таным-түйсіндегі кере­ғарлық надандықтан баста­лып, арсыздық пен азғындыққа алып ке­леді. Ұятты ысырып қойып, адам­гер­шілікке жат мінез-құлық  пен жағым­сыз қылықтар, ар-намысы жоқ пен­де­лерден туары анық. Алтыбақан алауыз болып, қазақтың күндестікпен өмір сү­руінің негізінде де осылар жатыр.

Қамшының сабындай ғана қыс­қа өмірде адамдықтың ақ жолымен жүргеннен артық ешнәрсе жоқ. Күн­шіл болмай, замандасына қиянат жасамай, пәлеқорлықтан аулақ бол­са ғана ел бірлігі арта бермек. Абай сынаған надандықтың қал­дық­та­рымен қазіргі таңда күресе беруі­міз қажет. Хакім сөздерінің ұлаға­ты­на сонда ғана жетеміз, нәтиже шыға­рамыз. Арамдықты болдырмау, елді ғылым-білімге үндеп, ынтымақта өмір кешу – біздің міндетіміз. Мәңгілік ел боламын деген қазағымызға қарап «қайран жұртым» деп айту жоғалып, бүгініміз бен болашағымызды тек жақ­сы жағынан көретін, жетістігі мен береке-бірлігін тек мақтап айтатын дәуірлер болсын.

 

Жандос ӘУБӘКІР,

«Абай академиясы» ҒЗИ

директоры, филология ғылымдарының кандидаты