
Осы мамыражай тірліктің шырқы патшалық Ресейдің Қазақ елін тізесіне басып, отарлау саясатын пәрменді жүргізуінен, сайқал саясатынан бұзылды. Ел билеушісі де, байы да басқа қалыпқа енді. Жалпы, халықтың танымы мен ұстанымы да өзгерді. Билікке құмарлық пен шен алғыштық, пәле жапқыштық пен өтірік, өсек айтқыштық, мал шашпақтық, әсіремақтаншақтық пен даңғойлық, жалқаулық пен еріншектік белең алды. Терең ойға телміретін, талап тұлпарын мінетін, адал еңбегіне сенетін, әр дүниеге қанағат қылып ризашылықпен қарайтын рақымды жандар азайды. Есесіне ояз бен ұлыққа деген жағымпаздық, жуанның момынға әлімжеттігі, жақсының артынан шырақ алып түсетін арызқойлық, елдің шырқын бұзып, бір-біріне қарсы қойып шағыстыратын пәлеқұмарлық көбейді. Халық заманымен бірге басқа мінезге ене бастады. «Өз қолынан өз ырқы кеткен» қалың елінің осындай күйге түскені өз ұлтын жанынан артық жақсы көрер Абай Құнанбайұлының жан-жүрегін ауыртқаны хақ.
«Бас басына би болған өңкей қиқым» елінің шырқын ғана емес, өзінің де күндіз күлкісі мен түнде ұйқысын бұзғанын білмес қалыбы, көрсеқызарлығы мен қырттығы ақын жанын жаралайды. Бірлігі мен берекесі кетіп, шынайы пейілден айырылған соң, баққан жылқысы да, тапқан байлығы да сапырылған, күндестіктің дертіне шалдыққан жанның, тіпті жай нәрсеге «бұртың» ете қалатын ағайынның да жанды бейнесі осы өлеңде кеңінен көрініс береді. Ел арасындағы береке-бірлікті, татулықты көздеген Абай оны ең алдымен өз туыстарынан, руластарынан, ауылдастарынан бастап жолға қоюды көздейді. Ел ішінде болатын алауыздықты, көреалмаушылық пен қызғаншақтықты жоюды көксеген ақын қалың қазағын ынтымаққа шақырады.
Ақын өлеңдерінде «қайран жұртының» кереғар қылықтары мен оспадар әрекеттерін сынға алып, елін ғылым-білімге, татулық пен еңбекқұмарлыққа үндейді.
«Адасып алаңдама,
жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық,
қамалмай.
Не ғылым жоқ
немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой
мал баға алмай», –
деп өкінеді.
Қазағының өзге жұртқа қарағанда «сөзі ұзын», «шапшаң» болса да, ғибратты ой мен ізгі насихатты шалқақтап, ыржаңдап жүре тыңдайтын мінез ерекшелігі бары да қынжылтады. Айтқан сөздің сыртын емес, ішін ойланып түсінсе дейді ақын. Тіпті «Көздің жасы, жүректің қаныменен Ерітуге болмайды ішкі мұзын», деп қатты кейіп кететін сәттері де бар Абайдың.
Абай Құнанбайұлы ұлт тәрбиесінің негізі береке-бірлігі жарасқан елде болатындығына басты назар аудартады. Егер елдің өзара татулығы жоғары болса, халық та мамыражай өмір сүретіндігі ақиқат. Байлық та, жетістік те, тыныштық та берекесі жарасқан елде ғана. Бірін-бірі күндемейтін, басқаның артынан шырақ алып жамандық іздемейтін, не көрсек те ел болып бірге жақсылықты көрейік дейтін ниеті бір, ойы ортақ, ғылым мен білімге құштар, ізгі мақсаты табыстырған, асыл армандар жетелейтін халықтың жетістігі де мол болмақ. Туыстық қарым-қатынасы артып, байлығы да көбейіп, ой мен санасы да таза болғандықтан, тән саулығы да, жан тазалығы да жақсарып, ел болып дамудың жарқын жолына түсері де хақ. Абай қызыққан ел де – берекелі ел. «Берекелі болса ел – Жағасы жайлау ол бір көл. Жапырағы жайқалып, Бұлғақтайды соқса жел», дейді ақын.
Шындығында да, ел бірігіп, берекесі жарасып, барлығы халық болып ұйысқанда ғана жетістікке жетері анық. Бірлігі бар ел озса, татулығы жоқ халық тозады. Бұл сан ғасыр бойы ата-бабаларымыздың нақты шынайы өмірден түйген, ұрпақтан-ұрпаққа екшеліп жеткен нақыл сөздерінде де кеңірек айтылған.
Ағайын арасында тек татулық болса, сыйластығы артып, бір-біріне деген құрметі жоғарылап, баққан малы да, мамыражай өмірде жаны да көбейе берері сөзсіз. Абайдың да басты мақсаты – елдің береке-бірлікте болуы. Өкінішпен айтатыны да қазақы қоғамның осы бір құндылықты бағаламай, өзара алауыздықпен ынтымақты бұзуға әуестігі.
Ел ішіндегі ұсақ келіспеушілік өзі туған-туыстардың арасын ғана алыстатпайды, жалпы халықтың дамуына да кері әсерін тигізеді. Адалдық пен арамдық, еңбекқорлық пен жалқаулық, ғылым игермек пен надандықтың арасының ажырай бастауында да береке-бірліктің бұзылуының әсері айқын. Қазағының татулықты қойып, жамандық қылса, ол жасағаны өзіне қайыра айналып келерін ұқпауы ақын өлеңдерінде кең көрініс тапқан. Күншілдікпен өткен тірлігің, берекені бұзған пәлеқұмарлығың, ағайынның арасына от жағып араздық отын үрлеген арамдығың шайтанға жасап берген қамқорлығың екенін ұқса дейді ақын.
«Ел бұзылса,
құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп,
қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен
болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға
болар көмек».
«Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады, білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік аты – ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі бір-бірінен пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?»
Міне, Абай айтқан негізгі бірліктің қайда болмақтығы. Мал дос болып, арам мақсат құрып бірлік жасаудың көк тиындық құны да жоқ. Хакім сөзінің өшпес маңыздылығы да осында. Абай заманында ғана емес, қазіргі таңда да бір күндік пайдасы үшін өтірік дос болып, керегінде пайдаланып, қажетсіз болып қалса, сырт беріп айналатын келеңсіздікті, жөндейтін уақыт туды. Ағайынмен мал үшін емес, риясыз пәк көңілмен бірлікте болатын заман қазір. Қулық-сұмдықпен дәулет жиып, мақтанып, есіріп кететін есерсоқтарымыз Абай сөзінің мәніне терең үңги алмаса да, тұшына бір оқып, өз ісіне есеп бере білсе.
Бізге мал дос емес, ақыл дос қажет. «Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып» дегендейін, ақылмен бірлесіп, ғылым-білімді аңсап, тереңдікке ден қойса, әр азаматтың да, қалың қауымның да, мемлекетіміздің де болашағы жарқын. Ынтымағы жарасқан егемен еліміздің көк байрағы ашық аспанында мәңгі желбірей беруі де береке-бірлікке тікелей қатысты.
Елдің береке-бірлігіне басты кедергі болар Абай Құнанбайұлы сынаған қазақтың кереғар ерекшеліктерінің бірі – партия құрғыштық. Туған елінің жай-күйі мен даму барысына қапалана отырып ой қосқан Абай заманынан қанша алыстасақ та, осы бір келеңсіз жайлар қоғамнан әлі де алыстай қойған жоқ. Хакім сөзінен халқымыз бүгінгі таңға дейін сабақ алмағаны, әрине, өкінішті. Абай өлеңдерінде жік-жік болып бөлініп, өзара ымыраластар топ құрып, партия болып бөліну үрдісі кеңінен ащы сынға алынған.
«Барымта мен партия –
Бәрі мастық, жұрт құмар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар?»
Ақын «ендігі жұрттың сөзі ұрлық-қарлыққа» негізделіп, «сөзді ұғатын саналы жанның» төңірегінде азайып, «бет бергенде шырайы сондай жақсы», бірақ «сартша сырты» бұзылған, партияға мас болып елірген жандардың аяусыз бейнелерін жасайды. Тіпті «пияншік» деп саналы ақыл-ойдан айырылған, адамшылықтан кетіп сұрқиялыққа жеткен замандастарын аямайды.
«Қайғылы, қартаң шалдар» Абай айтқандай ел кезбей, ағайын арасының тыныштығын ойлап, жұртына басу айтып, араздықтың отын өшіруге тырысуы керек емес пе? Бір ауыз дуалы сөзімен рулы елді басқарып отыратын, яки болса жас буынға өнегесін көрсетіп, өткен дәуірден жеткен қисса-дастандарды, көркем жырларды, аңыз-әңгімелерді айтып, қалың елді төңірегіне ұйыстыратын бұрынғының үлкендерінің замана ерекшелігімен өзгеріп, дау-дамай қуған, пәлеқұмар, партияшыл шалдарға айналуы ақынды қатты тебірентеді. Елінің құты болған қарияларымыз, көкірегі таусылмайтын кенге толы құймақұлақ ақсақал даналарымыз «өз қолынан ырқы кеткен» уақыттан-ақ өзгеріске ұшыраған екен-ау!
Бес асыл нәрсеге асық емес, керісінше қашық болу керек бес дұшпанға әуестік Абай сынаған надандыққа алып келері анық. Арамдық пен араздық белең алғанда, ел ішіне енген надандық та қанатын кеңге жая бастайды. Надандық көзін де, көкірегін де тұмшалаған соң, оның сана-сезімі, қоршаған ортаны сезінуі де жоғалады. «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек» дейтін жандар қатары да көбейе берері хақ. Өмірдің негізгі мәніне үңіліп, Жаратушыны сүюі, хақ жолымен жүруі, рухани кемелденуі түгілі, өз басын алып жүре алмайтын, басқаның жетегіне еріп, тобырдың қатарына енетін де осы надандар. Ақын поэмасында айтылатын көппен бірге жынды су ішіп еліретін де осылар. «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса», дегендей тереңдік былай тұрсын, іс-әрекеті мен таным-түйсігі саналы адам қатарынан да көрінбей жататын надандық сау ақылдың жоқтығынан, қараңғылықтан. Арзан күлкі мен бас даурықпаға әуестік те көңіл көзінің тұмшалануынан.
Алауыздықтың отын үрлер ерекшеліктер де жетерлік. Адам мінезі мен іс-әрекетіндегі, таным-түйсіндегі кереғарлық надандықтан басталып, арсыздық пен азғындыққа алып келеді. Ұятты ысырып қойып, адамгершілікке жат мінез-құлық пен жағымсыз қылықтар, ар-намысы жоқ пенделерден туары анық. Алтыбақан алауыз болып, қазақтың күндестікпен өмір сүруінің негізінде де осылар жатыр.
Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде адамдықтың ақ жолымен жүргеннен артық ешнәрсе жоқ. Күншіл болмай, замандасына қиянат жасамай, пәлеқорлықтан аулақ болса ғана ел бірлігі арта бермек. Абай сынаған надандықтың қалдықтарымен қазіргі таңда күресе беруіміз қажет. Хакім сөздерінің ұлағатына сонда ғана жетеміз, нәтиже шығарамыз. Арамдықты болдырмау, елді ғылым-білімге үндеп, ынтымақта өмір кешу – біздің міндетіміз. Мәңгілік ел боламын деген қазағымызға қарап «қайран жұртым» деп айту жоғалып, бүгініміз бен болашағымызды тек жақсы жағынан көретін, жетістігі мен береке-бірлігін тек мақтап айтатын дәуірлер болсын.
Жандос ӘУБӘКІР,
«Абай академиясы» ҒЗИ
директоры, филология ғылымдарының кандидаты