Аймақтар • 09 Маусым, 2023

Адымы алымды Абай

771 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Араға ширек ғасыр уақыт салып, облыс мәртебесін иеленген Абай облысының «өшкені жанып, өлгені тірілгеніне» де жыл толды. Он екі айдың жүзі уақыттың уысында сынаптай сырғып өткенімен, даму динамикасының қандай болатыны кез келген жергілікті жанның көкейінде тұратыны сөзсіз.

Адымы алымды Абай

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұран­­хаев жақында Коммуникациялар қыз­ме­тінде жасаған тікелей эфир баяндамасында да көптеген істердің жайынан хабардар етті.

– Біздің өңір енді ғана құрылып жатса да, Президенттің, Үкімет пен Парламент депутаттарының әрдайым қолдауын сезініп келеді. Жылдар бойы жиналып, қордаланып қалған мәселелерді бір сәтте шешу мүмкін еместігі белгілі. Проблемаларымыз да аз емес. Соларды біртіндеп шешу үшін жос­парлы жұмыстарды қолға алдық, – деген өңір басшысы алдағы уақыттың еншісіндегі істер жайынан да ой бөлісті.

Нақты дерекке сүйенер болсақ, ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтар мысалдар баршылық. Яғни ауыл шаруашылығы өнімін шығару 473,3 млрд теңгеге жетті. Бұл өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 4,1%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.

чсм

Облыс бойынша құрылыс саласында 340,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп (104,1% өсім), 3 352 отбасы тұрғын үймен қамтылған.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың мәліметіне сүйенсек, биыл облыс бюджетінің көлемі 374,6 млрд теңгені, оның ішінде меншікті кірісі 10,4% өсіммен 92,1 млрд теңгені құраған. Өткен 2022 жылы 83,4 млрд теңге болғанын ескерсек, экономиканың өсім көрсеткіші барын аңғару қиын болмаса керек.

Сол тұрғыда облыстағы сумен жаб­дықтау нысандарын дамытуға қаржы­лан­дыру 2,5 есе (7,5 млрд теңге), жолдарды жөндеуге 2,3 есеге (9,9 млрд теңгеге) ұлғайды. Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге (23,5 млрд теңге), денсаулық сақтау – 1,8 есеге (4,2 млрд  теңге), ауыл шаруашылығы – 9 еседен астамға (17,7 млрд теңге) өсті.

Облыс орталығы Семей қаласының бюджеті 86,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 49%-ға­­ артық екенін көрсетеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық са­ла­сын қаржыландыру көлемі 1,4 есе­­­­ге және әлеуметтік қорғау 1,5 есе­­­­ге ұлғайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген кешенді жоспар бойынша инвестиция көлемі 1,9 трлн теңге болатын 102 іс-шарадан тұрады.

Биыл 1034 жаңа жұмыс орнын ашатын 8 жоба іске асырылып жатыр. Құны 29,3 млрд теңге.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған жерлерді қайтару жайына келсек, жалпы ауданы 297,7 мың гектар жер учаскелері анықталды.

Облыс орталығы Семей қаласы үшін ең маңызды мәселелердің бірі – жылумен жабдықтау. Қаланың Ертіс өзенінің оң жағалауында 118 Гкал жылу энергиясының тапшылығы бар.

Қаланың жылумен жабдықтау мәсе­ле­лерін шешу үшін 2023-2024 жылдары облысты дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін қайта жаңарту бойын­ша 11 жоба, желілерді жаңғыртудың 19 жо­басы енгізілді, оларды іске асыруға республикалық бюджеттен 150,4 млрд теңге қажет (жылу көздерін жаңғыртуға 95,5 млрд теңге, желілерді жаңғыртуға 54,9 млрд теңге).

Халықты 100% таза ауыз сумен қамта­ма­сыз ету мақсатында биыл 17 млрд теңгеге 54 жобаны іске асыру жоспарланған. Ал 2024-2025 жылдары су құбыры желілерінің 19 жобасын салу көзделіп отыр.

Өңір басшысы Абай облысы бойынша алдағы уақытта орындалатын білім саласындағы жайларға да тоқталды.

Өткен жылы облыс бойынша 1 700 орын­дық 4 мектеп салынды. Жеке инвес­ти­­циялар есебінен Семей қаласында 650 оқу­шыға арналған 1 мектеп ашылды. «Жай­лы мектеп» ұлттық жоба­сы­ аясында 2023-2025 жылдары 5 700 оры­н­дық 11 мектептің құрылысы (42,7 млрд тең­ге­ге) жоспарланған. Биыл 5 мектептің құ­ры­лысын бастау жоспарланып отыр. Осы жы­лы облыс орталығында «KAZ Minerals Management» ЖШС қаражаты есебінен 1 200 орындық мектептің құрылысы бас­тал­ды.

2025 жылға дейін Білім беру инфра­құры­лымын қолдау қорының қаражаты есе­бінен 6 шағын жинақталған мектеп, жұ­мыс­ істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құры­лыс салынатын болады. Биыл Шәкәрім уни­верситетінде «Shakarim High School» (тіл­дерді тереңдетіп оқытуға бағытталған) жә­не Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы бойынша да оң өзгерістер бар. Облысты дамытудың кешенді жоспарына Семей қаласында 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысанның құрылысы енгізілген.

2023 жылғы Абай облысының бюджеті 374,6 млрд теңге. 

Облыс бойынша құрылыс саласында 340,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп (104,1% өсім), 3 352 отбасы тұрғын үймен қамтылған. 

Абай облысында ауыл шаруашылығы өнімін шығару 473,3 млрд теңгеге жетті. 

Биыл құны 29,3 млрд теңге болатын 8 жоба іске асырылып жатыр. Сол жобалардың арқасында 1034 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

 

Арап Еспембетов,

филология ғылымдарының докторы, профессор:

Жаңаруды сезіндік

 

– Көз салған жанға көне Семей расы керек, жаңара бастады. Облысымыздың құрылғанына бір жыл толды. Бұл – жергілікті халық үшін қуанышты жағдай. Ширек ғасыр бойы облыс орталығы мәртебесінен шет қалып, құлазып қалған қаламызға жан кіріп, жаңару жолына түскені қуантты. Қаладағы ендігі уақытта тамырына қан жүгіріп, облыс әкімі Нұрлан Тельманұлының ірі істерді қолға ала бастағаны да жақсылыққа жетелейді. Алдағы бес жылға жоспарланған Абай облысының даму жайы өз кезеңімен жүзеге асатынына сенімдімін. Сөзімді түйіндей келгенде жаңа облыстың алдағы жарқын болашағына көнекөз қариялар да үлкен үмітпен қарайды.