Саясат • 09 Маусым, 2023

Қытай делегациясы Жаркент жерінде

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісу жері – сыртқы сауда айналымының бір ошағы. Сондықтан өңірге шетелдік мамандардың қызығушылығы күннен-күнге артып келеді. Осы ретте «Алтынкөл» стансасы мен «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің жұмысымен танысуға Қытай Халық Республикасынан арнайы делегация келді. Олар бекеттің инфрақұрылымына оң баға берді.

Қытай делегациясы Жаркент жерінде

Делегация құрамында Бас консул Цзян Вэй, сауда-экономикалық мәселелер бойынша консул Люй Аньци, сондай-ақ еліміздің Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласы өкілдігі басшысының орынбасары Исламбек Раимов, министрдің кеңесшісі Руслан Искаков болды.

Кездесу барысында делегация мүшелерін «Қазақстан темір жо­лы» «Алматы» ЖШС филиалы жүк тасымалы бөлімшесінің бас­тығы Нұрым Жаниязов пен «Ал­тынкөл» стансасының директоры Қуаныш Жақсыбек теміржол өткелінің перспективалық даму жос­парларымен таныстырса, Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Баймулдинов пен «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің басшысы Арман Қожасбаев кеден­дік тексеру мен рәсімдеу шара­ларындағы интеграциялық үйлесім, электрондық декларациялау және тәуекелді басқару үдерістері туралы айтты.

«Жаркент жеріндегі «Алтынкөл» стансасы – еліміздің оңтүстік-шы­ғы­­сындағы Еуропа мен Азияның ара­сын жалғастырып тұрған ең үлкен темір жол өткелі. Себебі «Алтын­көл» стансасы құрылған он жылдан астам уақыт ішінде екі ел арасындағы көлік қатынасы мен тауар айналымы бірнеше есе артып отыр. Атап айтсақ, биылғы бес айда екі ел арасындағы көлік қозғалысы өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тырғанда – 131, экспорттық әлеует  – 279, транзиттік тауар тасымалы 20 пайызға артты», дейді Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары Бекен Нұрахметов.

Оның айтуынша, импорттал­ған тауардың кедендік құны 466 миллион 492 мың (салмағы 131 752 т), экспортталған тауардың кедендік құ­ны 4 млрд 325 млн (салмағы 1 849 840 т), транзиттік тауардың ке­ден­дік құны 10 млрд 410 млн дол­лардан (салмағы 2 168 459 т) асқан. Оған қоса аталған теміржол өткелі арқылы тауар тасымалдауға мүдделі елдердің саны қырықтан асқанын айта кеткеніміз артық болмас. Оның ішінде ТМД елдері ғана емес, дамыған Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері де бар. Мысалы, экономикасы дамыған Швеция, Швейцария, Франция, Фин­ляндия, Чехия, Словакия, Син­гапур, Италия, Аустрия, Германия, Нор­вегия, Испания, Италия, т.б. елдерге жөнелтілетін транзиттік тасымал да күн сайын артып келеді.

Кездесуде болашақта екі ел арасындағы сыртқы экономикалық қатынастар негізінде транзиттік әлеуетті дамытуға, инвестициялық жобаларды көбейтуге және кейбір проблемалық мәселелерге байланысты өзекті әңгімелер қозғалды. Сондай-ақ делегация «Алтынкөл-жол» кеден бекетінен кейін «Нұр жолы» және шекара маңы халық­аралық ынтымақтастық орталығы «Қорғас» кеден бекеттерінің де жұмысымен таныс­ты.

 

Жетісу облысы