Сенат • 09 Маусым, 2023

Парламенттік комиссия құрылды

264 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында депутаттарға жаңа сенаторды таныстырды. Сондай-ақ отырыс кезінде «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды.

Парламенттік комиссия құрылды

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев әріптестеріне Сол­түстік Қазақстан облысынан сай­ланған жаңа сенатор Әсем Рахметованы таныстырып, оған жаңа жұмыста сәттілік тіледі. Конституциялық нор­маға сәй­кес Әсем Рахметова ант берді. Сон­дай-ақ Әлеу­меттік-мәдени да­му және ғылым тұрақты ко­ми­­тетінің мүшесі болып сайланды.

Бұдан бөлек, Палата оты­ры­сында сенаторлар «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жал­ған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынты­мақтастығы туралы ке­лі­сімді ратификациялау туралы» заң жо­басын ма­құлдады. Бұл келі­сім ТМД-ға мүше елдердің мем­ле­кеттік шекаралары арқылы мұн­дай тауарлардың та­сы­­малдануына жол бермеу жөніндегі шартты қамта­масыз етеді.

Құжат жөнінде баяндама жа­саған сенатор Қайрат Тасте­кеевтің айтуынша, құжатта жал­ған тауар белгі­лері мен геогра­фиялық көрсет­­кіштері бар тауарлар­ды өндіру мен өткізудің анық­талған фактілері туралы ақпарат алмасу көзделген. Сондай-ақ өнеркәсіптік мен­шік саласында бірлескен ғы­лыми зерттеулер жүр­гізу, зияткерлік меншік құқық­тарын қорғау және сақтау саласында кадрларды даяр­лау, олардың біліктілігін арт­тыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар қарастырылған.

«ТМД-ға қатысушы мем­­­ле­кеттердің тауарларды да­раландыру құралдарын қорғаудың ұлттық жүйелерін одан әрі дамыту жөніндегі күш-жігерін біріктіруге ба­ғытталған. Заңды әзірлеу­ші­лердің пікірінше, оны қабыл­дау теріс әлеуметтік, экономикалық және құ­қық­­тық салдарларға әкеп соқ­пайды, сондай-ақ респуб­ликалық бюджет есебінен қосымша қаржы-қаражатты талап етпейді. Заң бойынша ғылыми құқықтық және лингвистикалық сараптамалар жүргізілген. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палата­сы мен жеке кәсіпкерлік субъек­тілерінің аккредиттелген бір­лес­тіктерінен заң бойынша сарап­тамалық қо­рытынды жасалды», деді Қ.Тастекеев.

Сенатордың айтуынша, Ар­ме­ния, Беларусь, Өзбек­стан және Қырғызстан мем­­лекетішілік рә­сім­дерді жүр­гізді. «Қазақ­стан Респуб­ликасының халық­ара­лық шарт­тары туралы» заңы­на сәй­кес келісім ратифи­кация­лауға жатады. Сенат ко­ми­тет­терінен заң жобасы бо­йын­ша ескертулер мен ұсы­ны­с­тар келіп түспеген.

«Мақұлданған Заң ТМД шең­берінде жалған тауар белгілері мен геогра­фиялық көрсет­кіштерді пай­даланудың алдын алу және жолын кесу үшін қа­жетті құқықтық ор­та қалып­тастырады. Сол үшін ке­лісім арқылы мемлекет­тер тарапынан қабылдана­тын бірлескен іс-шаралар мен құқықтық тетіктер айқын­далады. Алдағы уақыт­та ке­лісім қатысушы мем­ле­кет­тердің зияткерлік мен­шік құқықтарын қорғау са­ласындағы әлеуетін арт­ты­­руға оң үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшім­баев.

Бұдан басқа Сенат оты­ры­сында Қазақстан Респуб­ли­касының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсат­тар мен міндеттердің іске асы­рылуын мониторингтеу жө­ніндегі Парламенттік комис­сияның құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Сена­тының депутаттарын сайлау туралы мәселе қаралды. Комиссия құрамына әр Палатадан 9 депутаттан мүше болады.

«Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың тапсырмасы бо­йынша Парламентте Ор­нықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен мін­дет­­тердің іске асырылуына мониторинг жүргізетін парламенттік комиссия құру жұмыстары қолға алынды. Бұл комиссияның негізгі мақсаты – Президентіміздің реформалары аясында Ор­нықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен мін­деттерді тиімді іске асы­ру­ға жәрдемдесу. Оның жұ­мы­сына Үкімет мүшелері, ха­лық­аралық ұйымдар мен қоғам­дық ұйымдардың, үкі­­мет­тік емес сектордың өкіл­дері жә­не сарапшылар мен ғалымдар қатысып отырады», деді Сенат спикері.