Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев бүгін өрт алып жатқан ауданнан тікелей мәлімдеме жасады.
«Өрт сөндіру шаралары Поднебесное, Каштак, Талица участоктарында жалғасып жатыр. Табиғи апатты ауыздықтауға Алматы, Қызылорда, Жетісу облыстарынан қосымша өрт сөндіру техникалары шықты. Шығыс өңірлік қолбасшылығының 200 адамы мен 8 техникасы да жіберілді. Жедел штаб жұмысы тәулік бойы жалғасуда. Бүгін таңғы сағат 7-де аэровизуалды барлау жүргізілді», деді облыс әкімі.
Ал, Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, генерал-майор Нұрболат Дербісовтің айтуынша, Семей орманы резерватындағы жағдай тұрақтала бастаған.
«Өртті сөндіруге 8 тікұшақ кірісіп жатыр. Одан да бөлек барлық техникалар мен жеке құрам жұмылдырылуда. Күннің қатты ыстық болуы мен желдің күшеюі де қиындықтар туғызып жатыр. Құмды алқаптар мен кейбір жерлердегі өртті сөндіруге қиындықтар туындап жатқан жайы бар. Дегенмен, оған қарамастан орманшылар да, барлық саланың жұмысшылары да қол ұшын беріп жатыр», дейді Н. Дербісов.
Одан бөлек кеше өртті сөндіру жұмыстарында 14 өрт сөндірушінің үшеуі қаза болғандығы туралы ақпарат тараған болатын. Әзірге басқаларының қай аумақтарда жоғалып кеткені белгісіз, іздестіріліп жатыр.