Спорт • 11 Маусым, 2023

Азияда алдына жан салмады

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таиландтың Районг қаласында өтіп жатқан тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионатының кезекті күнінде жерлесіміз Евгений Федоров жарыс жеңімпазы атанып, ел қоржынына алтын жүлде салды.

Азияда алдына  жан салмады

Былтыр Аустралиядағы 23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасындағы әлем чемпио­натында топ жарған Евгений биыл Азия бірін­шілігінде де алдына жан салмады. Отан­да­сымыз 46 шақырымға жалғасқан жарыс жолын 53 минут 28 секундта жүріп өтіп, бас жүлдені иеленді. Күміс жүлде жерлесімізден екі минутқа қалып қойған тайбэйлік Серхио Туданға бұйырса, қола медаль моңғолиялық Саин­баярын Джамбалжамтстың еншісінде кетті.

Бұл – Қазақстан құрамасының Азия чемпионатындағы үшінші алтын медалі. Бұған дейін 23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасындағы сайыста Андрей Ремхе мәре сызығын бірінші болып кессе, оның алдында жерлестеріміз аралас командалық сында (микс) үздік шыққан болатын. Әйелдер арасындағы бәсекеде Рината Сұлтанова қола жүлдеге ие болған еді.