Спорт • 11 Маусым, 2023

Жәмила – көш басында!

286 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біріккен күрес әлемінің (UWW) рейтингі қайта жаңартылды. Жер-жаһанның ең мықты балуандарының ТОП-10-дығына Қазақстанның тоғыз балуаны енді. Ең үздік көрсеткіш Жәмила Бақбергеноваға тиесілі. Қазақ қызы қазіргі кезде 72 кило салмақ дәрежесінде белдесіп жүрген бұрымдылар арасында теңдессіз деп танылып отыр.

Жәмила –  көш басында!

Әрине, Жәмиланың осындай биік белестен көрінуі тегін емес. Алғаш рет осыдан бес жыл бұрын 23 жастағылар арасын­дағы әлем біріншілігінде бас жүл­дені олжалағаннан кейін қыра­ғы мамандардан бастап қатар­дағы көрермендерге дейін бұл ба­луанның әр қадамын жіті қада­ғалауда. Сол кезден бері Бақ­бергенова әлем чемпионатында екі рет күміс медаль иеленді. 2021 жылы Ослодағы жарыстың финалында жапониялық Масако Фуруитиден ұтылса, 2022 жылы Белградта аме­рикалық Эло Амит­ке есе жі­берді. Азия чем­пио­на­тында ол бес жүлде алды. 2020 жылы Нью-Делиде, 2022 жылы Ұланбатырда және 2023 жылы Астанада алтыннан алқа тақса, 2021 жылы Алматыда күміспен күптелді. 2019 жылы Сианьда қолаға қол созды. Дәл сол жылы Коньяда өт­кен Ислам ынтымақтастығы ойын­дарында үшінші орынға табан тіреді. Күні кеше ғана Жәмила Біш­кекте жалауы желбіреген ре­йтингтік турнирде қарсылас шақ келтірмеді. Осындай орасан зор табыстарының арқасында 27 жастағы қазақ қызы әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап тұр.

Жәмиланың сыңары Мәдина Бақбергенованың да мықты балуан екенін жанкүйерлер жақсы біледі. 68 кило салмақта күресіп жүрген ол жастардың әлем (U-23) және құрлық біріншіліктерінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Азия чемпионатында үш рет олжаға кенелді. Былтыр Моңғолияның астанасында апалы-сіңілілі Бақ­бергеновалар бірінен кейін бірі құр­лықтың басты додасының алтын тұғырына көтерілгенде қуан­баған, шаттанбаған қазақ жоқ-ау, сірә! Тұрмысқа шыққаннан кейін Мәдина көп жарыстарда бой көр­сеткен жоқ. Сол себепті де бұл жолы ол рейтингте үздіктер санатына қосыла алмады.

UWW рейтингінде мықтылар қатарында жүрген тағы бір бұрым­дымыз – Марина Седнева. 55 кило салмақта белдесетін отандасымыз бесінші орынды еншіледі. 27 жастағы спортшы жастардың Азия және әлем біріншіліктерінде (U-23) екі рет қола медаль иемденді. Құрлық чемпионы (U-23) деген атағы бар. Биыл ол да Бішкектегі рейтингтік жарыста алдына жан сал­мады. Ұлты орыс болғанымен, Марина осыдан үш жыл бұрын қа­зақтың құтты шаңырағына келін болып түсті. Оның күйеуі – еліміз­дің таңдаулы еркін күрес шебер­лерінің бірі Нұрқожа Қайпанов. Қазір екеуі өмірде де, спортта да қол ұстасып бірге жүр. Сөз орайы келгенде Маринаның қазақ тілін де жетік меңгергенін айта кеткен абзал. Сондай-ақ 59 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген 24 жастағы Диана Қаюмова да үздік бестікті түйіндеп тұр.

Осы спорт түрін серік еткен жерлестеріміздің арасынан ең ауыр салмақта күш сынасып жүр­ген 27 жастағы Гүлмарал Ерке­бае­ва мен 31 жастағы Елмира Сыз­дықованың жуық арада ТОП-10-ның қатарына қосылуға жақсы мүмкіндіктері бар. Екеуі­нің де қазіргі қарқыны жаман емес. Азия чемпионаттарында төрт қоланы қоржынға салған Гүл­марал 12-орынға жайғасса, Рио Олимпиадасы мен Азия ойын­дарының қола жүлдегері, құр­лық­тың екі дүркін чемпионы және бес дүркін жүлдегері деген дар­­дай атағы бар Елмира өзінің коман­далық әріптесінен екі саты ғана төмен тұр.

Әйелдер күресінен 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынса, соның үшеуінде Жапония құрама командасының мүшелері алдарына жан салар емес. Ал қалған салмақтарда тізгін АҚШ, Украина, Қытай, Молдова, Эквадор, Қазақстан және Мысыр елі өкілдерінің қолында. ТОП-10 балуанның қатарында да жапондардың қарасы мол. Күн­шығыс елінің 9 қызы сол санатта. Жапониядан Украина, АҚШ және Қытай да қалысатын емес. Олардың әрқайсысының 8 спортшысының тегеуріні өте күшті. Сондай-ақ бұл тізімде Моңғолияның – 7, Канада мен Үндістанның – 5, Польша мен Румынияның – 4, Өзбекстан, Қазақстан, Молдова, Қырғызстан, Болгария, Франция және Түр­кияның 3 бұрымдысы бар.

Сондай-ақ күні кеше ғана еркін күрес пен грек-рим күресінің де әлемдік рейтингі жаңарды. Бұл жаңалықты біз газетіміздің келесі сандарының бірінде жариялаймыз.

Әйелдер күресінен әлемдік рейтингтегі үздік үш балуан

50 кило:      1. Юи Сусаки (Жапония), 2. Отгонжарғал Долгоржав (Моңғолия),                              3. Анна Лукасяк (Польша).

53 кило:     1. Лусия Ямилет Епес Гусман (Эквадор), 2. Доминик Оливия Пэрриш                         (АҚШ), 3. Батхуягийн Хулан (Моңғолия).

55 кило:    1. Маю Мукаида (Жапония), 2. Лорена Карла Гонзалес (Канада), 3.                          Олександра Хоменец (Украина).

57 кило:    1. Алина Грушина-Акобия (Украина), 2. Хелен Мароулис (АҚШ), 3.                               Цугуми Сакураи (Жапония).

59 кило:     1. Анастасия Никита (Молдова), 2. Грейс Якоб Буллен (Норвегия),                           3. Сакура Матоки (Жапония).

62 кило:      1. Кайла Коллин Миракл (АҚШ), 2. Луо Сяоцзюан (Қытай), 3.                                     Айсұлу Тыныбекова (Қырғызстан).

65 кило:     1. Жия Лонг (Қытай), 2. Мива Морикава (Жапония), 3. Мэллори                                Вельте (АҚШ).

68 кило:     1. Ами Ишии (Жапония), 2. Тамира Менса-Сток (АҚШ), 3. Чжоу Фэн                           (Қытай).

72 кило:     1. Жәмила Бақбергенова (Қазақстан), 2. Эло Амит (АҚШ), 3.                                       Николета Анхел (Румыния).

76 кило:     1. Самар Хамза (Мысыр), 2. Ясемин Адар (Түркия), 3. Генезис                                      Реаско Вальдес (Эквадор).