Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) ережесі бойынша кәрі құрлықтағы әлем чемпионатының іріктеу бәсекелері бес сатыдан тұрады. Бұл соңғысы. Жерлестеріміз әлем біріншілігінің іріктеуін негізгі кезеңнен бастады. Онда УЕФА-ға мүше 36 елдің құрамасы үш командадан 12 топқа бөлініп бақ сынады. Әр топтың жеңімпаздары мен екінші орын алған ең үздік төрт құрама тікелей келесі кезеңге шықты. Ал екінші орынға ие болған тағы сегіз команда элиталы кезеңнің төрт жолдамасын сарапқа салды. Негізгі кезеңнің бесінші тобында Словения және Черногория құрамаларымен ойнаған жерлестеріміз бірінші орынмен элиталы кезеңге қиналмай өтті.
Сөйтіп, негізгі кезеңде іріктеліп шыққан 20 команда элиталы кезеңде төрт құрамадан бес топқа бөлінді. Ереже бойынша әр топтың жеңімпаздары келесі жылы жалауы желбірейтін әлем чемпионатына тікелей жолдама алса, екінші орынға ие болған ең үздік төрт құрама тағы екі жолдама үшін бір-бірімен електік матч өткізеді. Жалпы, Еуропа аймағынан әлем біріншілігіне жеті құрама қатыса алады. Ал егер әлем чемпионаты Еуропаның бір мемлекетінде өтер болса (әлем чемпионатын қабылдайтын мемлекет әлі анықталған жоқ), екінші орын алған ең үздік төрт құрама емес, екі құрама бір жолдамаға таласады. Екінші жолдама жарысты өткізетін мемлекетке берілетіні айтпаса да түсінікті.
Элиталы кезеңнің ойындары осы жылдың қыркүйегінде басталып, желтоқсанында мәресіне жетеді. Жалпы, құрамалар бұл кезеңде бір-бірімен үйде және сырт алаңда бір-бір ойын өткізеді, жалпы алты тур ойнайды. Яғни 11-20 қыркүйекте 1-2-тур, 2-1 қазанда 3-4-тур және 11-20 желтоқсанда 5-6-тур ойындары өтеді. Ал електік ойындар 2024 жылдың сәуір айына жоспарланған.
Жеребе қорытындысы бойынша өзге топтарда мына командалар ойнайды: В тобында – Украина, Польша, Сербия, Бельгия, C тобында – Хорватия, Словакия, Франция, Германия, D тобында – Испания, Италия, Словения, Чехия, E тобында – қазіргі әлем чемпионы Португалия, сонымен қатар Грузия, Армения және Финляндия. Тағы бір айта кетерлігі, Армения мен Германия құрамалары Еуропа аймағының бірінші іріктеу кезеңінен бастап соңғы кезеңге дейін сүрінбей жетіп отыр.
2021 жылы Литваның үш қаласында – Вильнюс, Каунас, Клайпедада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, финалға бір қадам қалғанда сүрінген еді. Жерлестеріміз топтық кезеңде Коста-Рика (6:1) мен Литвадан (3:0) басым түсіп, соңғы турда Венесуэламен тең (1:1) ойнаған-ды. 1/8 финалға өз тобында бірінші орынмен шыққан Қазақстан құрамасы алғаш Таиланд футзалшыларын жарыс жолынан ығыстырса (7:0), ширек финалда Иранды тізе бүктірді – 3:2. Ал жартылай финалда болашақ әлем чемпионы Португалиямен тең ойнап (2:2), матч соңындағы пенальти сериясында ғана есе жіберді. Үшінші орын үшін өткен кездесуде әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилиядан 4:2 есебімен жеңіліп, әлем біріншілігін төртінші орынмен түйіндеді. Финалда Португалия құрамасы 2016 жылғы әлем чемпионы – Аргентинаны жеңіп, жаһандық доданың бас жүлдесін жеңіп алды.