Әрине, елдің оңтүстік өлкесі үшін бұл қалыпты жағдай. Дейтұрғанмен күннің қатты ысып кетуі кей жағдайда адамның өміріне қауіп-қатер әкелуі мүмкін. Біріншіден, жүрегі ауыратын, қан қысымы жиі көтерілетін науқастар мен қарт кісілер аптап ыстықта денсаулықтары сыр беріп, қиналып қалатындары бар. Екіншіден, күннің көзі күлімдеп, денені қыздырып жатқан шақта балаларды үйде ұстап отыру өте қиын. Кейде ата-аналарына немесе үлкендерге ескертпей, шомылуға рұқсат етілмеген өзен, тоғандарға кетіп қалады. Қазірдің өзінде күн сайын ұялы телефонға «Су айдындарында балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар!», «Белгіленбеген орындарда шомылуға тыйым салынады!» деген хабарламалар келіп жатады. Оған қоса ми қайнатар ыстықта жұрттың бәрі үйінде, мекемелерде салқындатқыш қосады. Оның өзі мегаполистің электр энергиясы жүйесіне түсер артық салмақ. Сонымен бірге күн қызуының көтерілуі өңірде өрт қауіпсіздігі мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Қазір қураған шөпке бір ұшқын тисе бітті алапат өртке ұласатын мезгіл болып тұр. Сондықтан тиісті мамандар мұндай кезде аса сақ болуға, өрт қауіпсіздігі талаптарын барынша қатаң сақтауға шақырады.
Осы жағдайға байланысты жуырда Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мадияр Жақсыбаев арнайы жиын өткізіп, өрт жағдайының алдын алу және болдырмау мақсатында жергілікті билік тарапынан қандай шаралар атқарылып жатқанын және алдағы жоспарлары туралы баяндаған еді.
Мәселен, аймақтың континенталды климатын ескере отырып, осы күнде шаһардың төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігінің орын алуына мүмкіндігінше жол бермеу үшін орман шаруашылықтарының, жергілікті атқарушы, азаматтық қорғау және басқа да органдардың апатқа қарсы жұмыстарын саралады. Яғни олар «өртті сөндіруге қаншалықты әзір және алдын алу іс-шараларын іске асыруға дайын ба?» деген мәселелер төңірегінде ой қозғап, әлсіз жақтарын пысықтап, тиісті әрекет жасауға әзірліктерін әңгімелеп берді.
Брифингтің бас спикерінің айтуынша, қала аумағында жалпы ауданы 12 980 гектарды құрайтын егістік алқабы бар. 60 шаруа қожалығы және жалпы көлемі 6 мың 286 гектарға тең "Жасыл белдеу" мен Түркістан облысына қарасты «Бадам» орман шаруашылығы осы аталған аумақта орналасқан. Осы кезге дейін орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында жалпы республикалық маңызы бар және жергілікті мәндегі автомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ орман қоры аумағы мен егістік алқаптарында өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізіліпті. Қалың ағаш өскен аймақта өрттің болуын тудырмау үшін орман шаруашылықтары жалынды ауыздықтайтын барша техника мен керек-жарақты құралдармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде өрт сөндіретін көліктер, мотопомпа секілді техникалар бар.
Сонымен бірге орман және дала өрттері орын алып қалған жағдайда, оларды дер кезінде сөндіріп үлгеру ең басты міндет саналады. Сондықтан талапқа сәйкес өрт сөндіретін еріктілерден жасақталған 42 топ құрылып, құрамындағы 405 адам жоғары дайындыққа келтірілді. Бұдан басқа бейімделген қосалқы техникалармен және арнайы қол құралдарымен қамтамасыз етілді. ТЖ департаментінде де техникадан бөлек жеке құрамдағы 84 адам «тілсіз жаумен» күресуге сақадай-сай.
Қала аумағында жыл басынан бері 62 өрт оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 124 млн 952 мың теңгенің материалдық шығыны келтірілген. Қызыл жалын шарпыған нысан, аумақтардың 79 пайызы тұрғын үй секторына, 33 пайызы көліктерге тиесілі. Сонымен қатар өрттің қауіпті кезеңі басталғалы бері 412 жану дерегі тіркелген. Оның ішінде 125 жағдайда құрғақ шөп жанса, 77 мәрте қоқыс өртенген.
Бас спикер Казгидромет ұсынған болжамға сәйкес алдағы уақытта ауа температурасының күрт көтерілетініне назар аударды. Осы ретте маман «101», «112» қызметіне құрғақ шөптің немесе қоқыстың жанып жатқаны туралы күн сайын 20-30 қоңыраудан келіп түсетінін мәлімдеді. Бұл жерде шөптің өртенуі жақын маңайдағы ғимараттарға бірінші кезекте қауіп төндіретінін ескертті.
«Мәселен, жаз шыққалы құрғақ шөптен от тұтану деректері жиілеген. Соның кесірінен лаулаған от мегаполис тұрғыны, жеке кәсіпкер Шариповтің иелігіндегі қойма ғимаратына дейін барып, 300 мың теңге көлемінде материалдық шығынға батырды. Сонымен қатар департаменттің кезекші-диспетчерлік қызметінің «101» пультіне 2023 жылғы 6 маусымда сағат 14:48-де шаһардың Тұран ауданы Темірлан тасжолы бойындағы «Автонұр» аялдамасының жанында тұрған трансформатор мен дүңгіршектің отқа оранып жатқаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына дереу жетіп келген өрт сөндірушілер шынымен де трансформатор мен сауда нүктесінің жанып жатқанын көреді. Шұғыл әрекет етудің нәтижесінде жалынның таралып кетуіне жол берілмей, сағат 15:06-да өрт толығымен сөндіріледі. Жанған аумақ 2 шаршы метрді құраған. Бұл оқиғадан зардап шеккен немесе қаза тапқандар жоқ. Апаттың шығу себебі қазір анықталу үстінде. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамынан 30 адам және 5 техника жұмылдырылды», деді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мадияр Жақсыбаев.
Осы орайда қаланың бас өрт сөндірушісі шаһар басшысы М.Әйтеновтің мегаполис аумағында жаздың күндері орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюдың іс-шаралар жоспарына сәйкес аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар бергенін мәлімдеді.
ШЫМКЕНТ