Төтенше жағдай • 12 Маусым, 2023

Абай облысындағы алапат өрт он төрт адамның өмірін жалмады

386 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Төтеннен тұтанған өрттің де, айтпай келетін апаттың да үлкен-кішісі болмайды. Қай-қайсысы да қауіпті, қай-қайсысы да залалға толы. Бір өкініштісі, орны толмас орасан апат кезінде адам шығыны да болып жатады. Сегіз күннен бері елді сергелдеңге салған апат алдыңғысына қарағанда әлдеқайда ауқымды. Жалын жайпаған жер көлемі өткен жолғы өрттен 20 есеге үлкейіп, жайылып кеткен. Сонымен, салғырттықтың салдарынан Семей өңіріндегі 60 мың гектардан астам орман алқабы бір-ақ сәтте күлге айналды. Ресми дерек бойын­ша «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың гектардан асады. Міне, соның оннан бірін от шарпыды. Тілсіз жаудың кесірінен 200 адам Семей қаласындағы жа­тақ­ханаларды паналауға мәжбүр болды.

Абай облысындағы алапат өрт он төрт адамның өмірін жалмады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Қатарынан болған қос өрт

Осы жағдайларды елеп-екшеген Мемлекет басшысы Абай облысындағы алапат өртке байланысты 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарлаған ресми сапарын кейінге шегерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жан түршіктірген жағдаймен жіті танысу үшін және шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізіп, өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыс­тарымен кездесуге Абай өңіріне жұмыс сапарымен келді.

Жарты айға жетер-жетпес уақыт бұрын ғана Абай облысы Бородулиха ауда­нында 3 мың гектар алқапты жал­маған өрт жан-жақтан шақы­рыл­ған шұғыл көмектің күшімен әрең сөн­дірілген еді. Бұл өрттің әуел баста Ре­сейдің Алтай аймағынан бері өтіп кет­кендігі жайында бірсыпыра айты­лып та жазылып та жатты. Соның ке­сі­рінен қаншама ағашты өрт шал­ды, арасында өсіп-өнген тіршілік атау­лыға қаншама залал келді. Аудан-ауыл тұрғындарының әуре-сарсаңы өз алдына бөлек әңгіме. Қаншама қызметкер өмір мен өлімнің арасында жанталасып, қызыл жалынды өшіруге күш жұмылдырды.

Алайда араға аз күн салып, өткен апта­ның жұмасында кешкісін Бородулиха ауда­нының үш ауылында қызыл жалын қай­та тұтанды. Сонда алдыңғы апат са­бақ болмаған ба? Сақтық шаралары не­ге күшейтілмеді? Күн райының кесірінен десек,­ ол неге ескерілмеді? Әлде тілсіз жау­дың тасасында әлдеқандай өрт тұта­тушы топ­ тұр ма? 14 адамның өмірін жалмаған ала­пат орман өртінен кейін осындай сауал­дар еріксіз ойға оралады екен...

 

Қабырға қайыстырған ауыр қайғы

чсми

Ел аумағының түкпір-түкпірінен өрт сөндіру техникалары, құрылымдық күштер үсті-үстіне келіп жетсе де апат ауыздықталмай жатыр. Оқыс оқиға салдарынан орны толмас ауыр қаза да орын алды. Жалынмен арпалысқан «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері тілсіз жаумен айқасып жүріп ажал құшты.

Олар:

  1. Мейрамгүл Құ­са­йын­қы­зы Жиен­­­­бае­­ва (33 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының басшысы­;
  2. Серікжан Бақытбекұлы Тоқтасын (27 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ­ Новошульба филиалының инже­не­рі;­
  3. Амангелді Спатайұлы Дүйсембаев (58 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалының көлік жүргізушісі;
  4. Алексей Григорьевич Губаев (30 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орман­шы­лығының орман шебері – мемлекеттік инс­пекторы;
  5. Максим Владимирович Фоминых (25 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бо­йынша инспекторы – мемлекеттік инс­пекторы;
  6. Саят Нұржанұлы Нұржігітов (50 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бо­йынша инспекторы – мемлекеттік инс­пекторы;
  7. Константин Сергеевич Начинёнов (40 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бо­йынша инспекторы – мемлекеттік инс­пекторы;
  8. Виктор Александрович Сидорин (63 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бо­йынша инспекторы – мемлекеттік инс­пекторы;
  9. Александр Викторович Сидорин (39 жас­та) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Успенка орманшылығының аумақты қорғау бо­йынша инспекторы – мемлекеттік инс­пекторы;
  10. Николай Иванович Пузырев (54 жас­та) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы орталық орманшылығының көлік жүргізушісі;
  11. Сергей Николаевич Пузырев (30 жаста) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы орта­лық­ орманшылығының орман өрт сөн­ді­ру­ші­сі;
  12. Петр Александрович Гражданкин (51 жас­та) – «Семей орманы» РММ Новошульба филиалы Успен орман­шы­­лы­­ғының орман өрт сөндірушісі;
  13. Александр Викторович Дарибаев (48 жас­та) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы Жерновка орман­шылығының тракторшысы – ма­ши­нисі;
  14. Даниил Евгеньевич Ганьшин (41 жас­­та) – «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалы орталық орманшылығының көлік жүргізушісі;

Өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодек­сінің 292-бабының 3-бөлігі («Абай­сыз­да екі немесе одан да көп адамның өлі­міне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талап­та­рын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тер­геу басталғаны белгілі болып отыр.

– Біз орманшылардың отбасыларында, Успенка, Боровлянка ауылда­рын­да болдық. Жағдайды сөзбен жет­кізу өте ауыр. Қара жамылған әр отба­сы­на кірген сайын жаның күйзеліп шы­ғады. Мен де баламның мезгілсіз өмір­ден өткенін бастан өткерген жанмын. «Қайғыларыңызға ортақпын» деп бар­лығына айтып шығудың өзі қандай еке­нін түсінетін боларсыз. Жүрегің қан жы­лайды. Қазақта «қайғыны бөліссең азая­ды» деген сөз бар ғой. Басқа не дей аламыз?.. Әсіресе болашағын енді ғана бастаған Серікжанның қазаға ұшы­ра­ға­нын­ естігенде, көзіме еріксіз жас келді. Дәл сол күні (8 маусым) түс уақытында жи­налыс өткізген едік. Сонда орнынан тұ­рып, интернет байланысының сапа­сы нашар екенін айтты. Менің бұл саладағы министр келгенін, меморандум жасалғанын айтқан едім. Ол «Мен ауылда қалғым келеді. Осында жұмыс істей берсем деймін» деді. Семейге шығып бара жатқанымда, қоңырау шалып, жаныма келді. Көңілінде сондай ризашылық бар. Қаза болғандардың арасында оның да бар екенін естіген сәттен ауыр күйзелісті бастан кештім, – дейді Абай облыстық мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов.

 

Алапатпен айқасқандар

чсим

Қазір жалын шарпыған аймақта бар­лық сала қызметкерлері барын са­лып күресіп жатыр. Төтеннен тұ­танған тілсіз жау­ды тізгіндеуге Тө­тенше жағдайлар министрлігінен, Ор­ман­ шаруашылығы комитетінен, Қорғаныс министрлігінен 1500-ге жуық адам, 300-ге жуық техника жә­не 11 тік­ұшақ жұмылдырылды. Өрт ошақ­та­ры­­на әуеден 486 рет 1000 тоннаға жуық су­ қоры шашылады.

Алматы қаласы Алматы облысы тө­тенше жағдайлар департаменттері ж­і­б­ерген күштер мен құралдар, Қа­ра­ған­ды және Алматы облыстарының  ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қыз­меткерлері өртті сөндіруге кірісті. Ар­на­йы жіберілген жылжымалы басқару пунк­ті өз функциясын атқарып жатыр.

Аталған министрлікке қарасты апаттар медицинасы орталығының бригада­сы­ қажет болған жағдайда шұғыл меди­ци­­налық көмек көрсетуге дайын тұр.

Анығында, алапат өрт резерваттың 5 бөлігіне жайылған. Қазір үшеуінде жағ­дай тұрақталды. Енді 2 алқап ерекше­ ба­­қы­лауға алынды. Елді мекендерге­ тө­ніп тұр­ған айтарлықтай қауіп жоқ. Мамандар ауа­ райы жағдайды ушық­тыр­маса, бірер күн­де отты толық ауыз­дық­тай­мыз деп отыр­. Бірақ кеше жел тұрып, бық­сып жат­қан шоқтар қайта тұтанды. Ал бү­гін секундына 20 метрге дейін жел со­ға­­ды деген болжам бар. Не де болса, жақ­­сы­­лық­тан үміт етейік...

 

Оқиға неге қайталанды?

Осыдан он күн бұрын Ресейдің Ал­тай­ аймағынан Бородулиха жеріне өтіп кет­кенде өрт 3 мың гектар алқапты шар­пып өткені белгілі. Сол кезде өрт то­лық сөндірілмеуі мүмкін екені туралы да болжамдар айтылып жатыр.

Кейінгі өрт 8 маусым күні басталып кет­кенде, Семейде Абай облы­сының бір жылдығын атап өту іс-шаралары да қатар өтіп жатыр еді. Облыс әкімдігі Telegram каналында 9 маусымда ғана ақпарат таратып, Бородулиха ­ауы­лындағы орта мектептің және колледждің базасында эвакуациялык пунк­т­тер ашылғанын мәлімдеді. Өрт қаупі төнген Успенское, Поднебесное және Барышевка ауылының тұрғындары өз бетінше туыстарының үйін паналауға мәж­бүр болған.

– 8 маусым күні сағат 12:03-те Се­мей­ден 25 шақырым жердегі Батпаев орман­ ша­руашылығының 66 кварталында өрт шық­қаны туралы хабар түсті. Өрт екі рет найзағай түсуі салдарынан шыққан. Өртті тез арада өшіру мүмкін болмады. Себебі «Семей орманы» мемлекеттік ор­ман табиғи резерватының техникасы биі­к құм төбелері орналасқан аймаққа же­те­ алмады. Өрт орман шаруашылығы орна­лас­қан жерден 11 шақырымда болып, техника жеткенше 20 гектар орман өртке оранды. Жо­ғары температура мен қатты жел де тілсіз жауды күшейтіп, алғашқы 2 са­ғаттың өзінде 200 гектарды өрт шалды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Д. Гариков.

Қалай десек те бейбіт күнде 14 ор­ман­­шының өмірін қиған оқиғаның түбінде салғырттық тұрғаны анық. Бірінші кезекте жаз­ маусымы басталғаннан өрт шығуы мүм­кін аймақтарда өрт сөндіру техникалары сақадай сай тұруы керек-тін. Оның үстіне лаулаған жалыннан енді ғана көзін ашқан Бородулиха ауданының жері негізінен орманды алқапқа жата­ты­н­дықтан, барлық мүмкіндікті жер­гі­лік­ті атқарушы билік жіті назарға алуға тиіс еді. Тілсіз жаумен алғашқы айқасқа орман­шылардың түсуінің өзі түрлі ойға жете­лейді.

 

Апат алдын ала анықталса...

Жыл сайын республика көлемінде 1000­-ға жуық орман және дала өр­ті­ тіркеледі екен. Сонымен қатар ха­лыққа, меншікке және табиғатқа қа­уіп төндіретін 4000 табиғи өрт және қ­о­сы­ла­ды.

Абай облысындағы төтенше жағдайға бай­ланысты шұғыл кеңес өткізген Үкімет өртті ерте анықтау жүйесін енгізу жайын талқылады. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов табиғи саябақтар мен қорықтарда өртті ерте анықтау жүйесін белсенді түрде енгізуді тапсырды. 

Алайда Төтенше жағдайлар министр­лі­гінде көрсетілгендей, бұл жүйені орна­ту­ өте баяу жүргізілуде. Нәтижесінде, жағ­дай кеш анықталып, соның кесірінен өрт­ті ұзақ сөндіруге тура келеді.

Биылғы жылдың өрт қауіпті кезеңі бас­­­талғаннан бері ғана Қазақстанда 130-дан­­ аса табиғи өрт тіркелді, өрт аума­ғы 20 мың гектардан аса жерді шарпыды.

Әзірге анықтау жүйесі Бурабай ұлт­тық табиғи паркі аумағында және «Се­мей­ орманы» МҰТП он филиалының бірін­де ғана бар. Төтенше жағдайлар министр­лі­гі бұл жүйелер түтін ошақтары мен өрт­терді бастапқы кезеңде анықтауда өзі­нің тиімділігін көрсетті деп сендіреді. Соң­ғы жүргізілген есептерге сәйкес, осы­н­дай жүйелерді орнату есебінен өрт аума­ғы­ның­ 3 есеге (2023 ж. – 2,3 га, 2022 ж. – 1,3 га, ­2021 ж. – 20,5 га) қысқару дина­ми­касы­ байқалған.

Биылғы жылы Көкшетау, Ертіс орманы МҰТП жалпы құны 4 млрд теңгеге осын­дай жүйе орнатылмақ.

 

Ел көмегі – есепсіз

Семей өңіріне түскен сынақ – бұл­ бүкіл елдің басына түскен ауырт­па­шы­лық. Әлеуметтік желілерде қолдан кел­генше көмек береміз деген ел аза­мат­тарының қатары артты. Қай кезде­ де­ қолұшын созып, жәрдем беруге асы­ғатын ерікті волонтерлер тобы бұл­ жолы да оқиға орнынан табылды. Су, тамақ, медициналық дәрі-дәр­мек жинастырып, жеткізуге атсалы­суда. Ал кейбір жекелеген компания­лар өз жәрдемдерін жариялай бастады.­ Мәселен, Halyk Bank Абай облы­сында өрттен қаза тапқан орман шаруа­шы­лы­ғы қызметкерлерінің отбасыларына қар­жылай көмек көрсетеді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Банк басшылығы марқұмдардың жа­қын­дарына көңіл айта отырып, «Абай об­лысында өртті сөндіру кезінде қаза тап­қандардың отбасыларына Halyk Bank-тен 3 миллион теңгеден беріледі. Соны­мен қатар өрттен қаза тапқан азамат­тардың және олардың отбасы мүше­лерінің Halyk Bank-тегі несиелері есеп­тен шығарылады», деп хабарлама жа­сады.

Ал «Қазцинк» компаниясы қайғылы жағ­­дайға душар болған әрбір орман шаруа­­шылығы қызметкерлерінің отбасына 1 млн теңгеден көмек беруді ұй­ғар­­ды.

Қанша отбасына қайғы алып келген қы­зыл жалын әлі де жалғасып жатыр...

Абай облысындағы қайғылы жағ­дай­ға байланысты Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

 

Абай облысы