Құқық • 11 Маусым, 2023

Алимент – қарыз емес, парыз

2340 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында әлеуметтік желіде бір бейнежазба тарады. Онда бір жігіт күшікке «ұрсып», «ұрмақ» болған кезде ит «баласын» қорғаштап, бауырына тыға түсіп, әлгінің қолын әлсін-әлсін қағып жібереді. Күшігін иесінен қақпалап, қорғап тұрған иттің бұл қылығы көпті сүйсіндіріп еді. Бұл – жануардың рефлексі. Олар төлін бұғанасы бекіп, қорегін өзі тапқанша асырайды. Қажет болса, тәрбиелейді. Ал саналы адамдардың арасында бауыр еті баласынан безу, қарақан бастарын күйттеп кету жылдан-жылға белең алып барады. Былтырдың өзінде сот орындаушылары алимент бо­йынша 304 мың істі жүргізген. Оның ішіндегі 5 мыңы – перзенті алдындағы парызын ойламай­тындар. Қоғамның өзекті мәсе­лесіне айналған бұл түйіннің шешімі бар ма?

Алимент  – қарыз емес, парыз

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бүгінде елімізде али­мент бойынша қарыз көлемі 14 млрд теңгеге жетті. Бұл мәселе сот орын­даушылары мен құқық қыз­меткерлерінің бас ауруына айналып отыр. Өйткені борышкерлердің арасында маскүнемдер мен жұмыс­сыз жүргендерден бөлек, парызын орындағысы келмей, жұмыс беру­шімен келісіп, жалған құжат жасатып, жалақы мөлшерін азайтып көрсе­тетіндері де бар.

«Алимент төленбеуінің негізгі себептері – борышкерлердің өндіріп алуға жататын ресми жұмыс орны­ның, табысының, мүлкінің болмауы. Кейбір борышкерлер қаржылық мүмкіндіктері бола тұра, балаларын асыраудан әдейі жалтарады немесе табыстары мен мүлкін жасырады. Бүгінде алименттің мөлшері борышкерлердің табысына байланысты белгіленеді. Бұл теріс пиғылды борышкерлерге табыстарын жасанды түрде азайтып көрсетуге, яғни құжаттарды бұрмалауға, жұмыс берушімен жалған келісімшарттар жасау секілді тағы да басқа фактілерге жол береді. Әдетте, борышкерлердің көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркеліп, өздеріне ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге жуық белгілейді, – деді Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Айдос Иманбаев.

Былтыр алимент төлемеген 4065 азамат әкімшілік, 126 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 116-сына бас бостандығын шектеу, сегізіне қоғамдық жұмыстарға тарту және екеуіне бас бостандығынан айы­ру жазасы тағайындалыпты. Алайда жазаны қатаңдату алимент мәселесін түбегейлі шешпей отыр. Демек қатаң жазадан гөрі, сананы өзгерту керек сыңайлы.

«Балаларына ақша бергісі кел­­мей­тіндер қамаудан кейін де ойла­рын өзгертпейді. Өз ұрпағына көмекте­суден саналы түрде бас тарт­қан­дар­мен жұмыс істеу өте қиын. Кей­бірі жұдырықтасып, қарсыласа жөне­леді. Қазан айында борышкерге учас­келік комиссиямен келгенімізде, қолы­на темір ұстап алып, «Егер қазір кетпесеңдер, бастарыңды жарамын» деп бізді қорқытқандар да болған», деді алимент өндіріп алу жөніндегі мамандандырылған кеңсенің басшысы Дарья Качур.

Тағы бір проблема: жалғызбасты аналар төленетін алимент мөлшері тіпті аз екенін айтады. Азия есімді елордалық тұрғын 2022 жылы жұ­байы­нан ажырасқан. Бүгінде ол екі баласын өзі тәрбиелеп отыр. «Ал алатын алимент тұрмысымызға жетпейді», деп налиды жалғызбасты ана.

Екінші балам 2-де, оның сұ­ра­нысы тек тамақ пен киім-кешек, ойын­­шық қана. Ал үлкені 4 жаста. Ол ауладағы достарына қызығып, түр­­лі қымбат ойыншықтарды алып беру­ді сұрап жүр. Осындай сәттерде «ұлым, алты ай күтейік, содан кейін, келесі жылы» деп үнемі уәде берумен келемін. Әкенің жaуaпкершілігі, мін­деті деген болмaушы мa еді? Ол алимент төлеп отыр. Бірақ төлеген ақшасы бір баланың қажеттілігін өтеуге де жетпейді. Қазір бүкіл нәрсе қымбат. Баспанам жоқ, пәтер жалдап тұрамын. Өзім бaлa күтіміне бaй­лaнысты бірнеше жыл үйде отырдым. Жұмыс істейін десем, балаларыма қарайласатын ешкім жоқ», дейді Азия.

Қазір пәтер құны азық-түлік баға­сы мен коммуналдық шығындар қымбаттаған сайын, осындай жал­ғызбасты аналардың әлеуметтік ахуа­лы нашарлай беретіні анық. Одан қалды баланы тәрбиелейтін алғашқы әлеуметтік институт отбасы екенін ескерсек, ата-ананың екі бөлек кетуі баланың психологиясына әсер етпей қоймайды.

«Бала үшін әке мен шешенің орны бөлек, ол екеуін де бірдей жақсы көреді. Алайда бір мәселе бар, мысалы, ажырасып кеткеннен кейін бөлек тұратын әкесі не анасы баламен қарым-қатынасын үзеді. Мұндай жағдайлар көп емес, бірақ кездесіп жата­ды. Міне, осындай жайттар ба­ла­ға қатты әсер етеді. Сондықтан да ата-ана ажырасып кетсе де, баламен қарым-қатынас үзілмеуге тиіс. Онымен жүйелі түрде кездесіп тұрғандары жөн. Мысалы, аптаның қай күні кездесу үшін белгіленді, сол күні тұрақты түрде жүздесіп, кездесу ұйымдастыру керек. Аспан айналып, жерге түссе де, сол келісілген уақытта баланың жанынан табылуы керек. Сол сәтте балада «қандай жағдай болсын, олар менің жанымда болады» деген ой, сенім қалыптасады. Ал егер де кездесу белгіленген уақытта келмей, келем деп алып, жоғалып кетсе, оның үстіне жиі өтірік айтатын болса, бала да соған бейімделеді. Бұл оны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды. Сөйтіп, өзі де үйленіп, не тұрмысқа шыққан кезде, оған сондай адамдар жолығады. Өйткені оның психология­сы солай қалыптасты, сондықтан да өзінің әке-шешесіне ұқсайтын адамдарды тартып тұрады»,  деді психолог Зүбайда Кененбаева.

Демек бала әке-шешесінің жағым­ды не жағымсыз іс-әрекетін бейсана­лы түрде қайталайтын болса, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің одан әрі өршуіне әкелуі ықтимал. Мұндай жағдайды болдырмас үшін жауапты органдар алиментті өндірудің неше түрлі амалын жасап әлек. Мәселен, былтыр 2 мыңнан астам ерлі-зайыптыны қайта татуластырып, баланың толық отбасында өсуіне жәрдем жасаған. Ал «екі қолға –бір күрек» таппай сенделген 2 мың борышкерді жыл сайын жұмысқа орналастырады екен.

«2022 жылдың 12 айында сот орындаушылардың өндірісінде 7,8 млн атқарушылық құжат болды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,1 млн құжатқа артық. Былтыр 6,7 млн құжат болған еді. 2021 жы­лы 2,3 миллион іс толық орындалса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 2,6 миллионды құрады. Мемлекет кірісіне 31 млрд теңге өндірілді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6 миллиардқа көп. Азаматтардың жалақысы – 4 миллиард теңге. 2021 жылмен салыстырғанда 300 мил­лион теңгеге артық. Бизнес пайдасына 185 миллиард теңге өндірілді», деді Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы А.Иманбаев.

Алимент қарызын болдырмаудың негізгі жолы ажырасушылар қатарын азайту екені айтпаса да түсінікті. Өйткені жылдан-жылға екі бөлек кет­кен отбасылардың көбеюі тастанды сәбилер мен бауыр еті бала­сын тағдыр талқысына тастап, али­мент төлеуден жалтарушылар қата­рының өсуіне түрткі болып отыр. Сон­дықтан балаға әу бас­тан ұлттық дәстүрлеріміз бен салт-санамызды наси­хаттап, отбасы құн­ды­лығын құл­дыратпау қажет-ақ.