AIF – 2008 жылдан бері жыл сайын өткізілетін Астана экономикалық форумының жаңартылған түрі. Атаудың өзгеруі жаңа форумда талқыланатын климат, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік секілді ауқымды тақырыптарды талқылауға, шартараптан көптеген сарапшы тартуға мүмкіндік берді.
Ең маңыздысы, Астана халықаралық форумы Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы жалғасып жатқан кезеңде өтіп отыр. Осы орайда Мәскеумен тығыз байланысы бар Қазақстан бейтараптық саясатын ұстанатынын айта кеткен жөн.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде қазіргі дәуірді «Бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңі» деп сипаттады. Сондай-ақ БҰҰ құрылғаннан бергі негізі қаланған әлемдік тәртіптің бұзыла бастағанын атап өтті. Президенттің айтуынша, жаһандық жүйе баршаға жұмыс істеуі керек. Бейбітшілік пен өркендеу санаулы мемлекеттің емес, бүкіл әлемге пайдасын тигізуі қажет.
БҰҰ ұйымдары жетекшілерімен және аймақтағы мемлекет басшыларымен бірге жоғары деңгейдегі спикерлердің қатарында сөз сөйлеген Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева әлемдік сауданың «бөлшектенуіне» назар аударды. Оның айтуынша, әлемдік экономиканың келеңсіз жағдайына жауапты мәселе де осы. Ол экономикалық логикаға емес, саяси одақтарға жүгіну басымдық алғанын ескертіп, «Экономикалық қалпына келуге кедергі келтіретін бөлшектену күштерін бірлесе орындап жатырмыз», деп айтты.
Георгиева бұған дейін COVID-19 пандемиясының, Украинадағы соғыстың, жетекші мемлекеттердің Қытайға тәуелділікті азайтуға тырысуының, жаһандану кемшіліктерінің бөлшектенуді одан әрі күшейтетініне назар аударды.
«Егер бөлек аймақтардағы саудаға жол берсек, әлемге келетін шығын жаһандық ішкі жалпы өнімнің 7 пайызын құрайды. Бұл Германия мен Жапонияның экономикасы жойылып кеткенмен тең», деді ол.
Француз халықаралық қатынастар институтының атқарушы төрағасы Тьерри де Монбриаль Батыстың санкциялық саясатының ұзақ мерзімді перспективадағы зардаптарына тоқталды. «Мұның ұзақмерзімді салдарына қарамастан, сауданы бүлдіріп жатырмыз», деді ол.
Конференцияның бірінші күнінде сөз сөйлегендердің арасында Еуропалық одақ комиссиясының бұрынғы басшысы Жозе Мануэль Баррозу Батыс елдерінің санкцияларын қолдайтынын жеткізді.
EURACTIV тілшілері Астанада Еуроодақ дипломаттарымен сөйлесті. Олар Қазақстанның көршімен тығыз қарым-қатынаста екеніне қарамастан, Батыстың Ресейге салған санкцияларын айналып өтетін аумақ ретінде пайдаланылмау әрекетін оң бағалады.
24-25 сәуірде құрамында АҚШ-тың ресми өкілдері бар ЕО санкцияларын жүзеге асыру жөніндегі халықаралық арнайы елші Дэвид О’Салливанның делегациясы Астанаға ат басын бұрған еді. Осы сапар ресми және іскерлік деңгейде Қазақстан тарапының «қызығушылығын» туғызды.
Дереккөздердің хабарлауынша, Еуропалық одақ Қазақстан арқылы «соғыс тауарларын» экспорттауды тоқтату қажеттігін түсіндіріп, Астанаға тізім берген. Өз кезегінде Қазақстан тарапы мұндай экспорт сақталса, батыс елдері компанияларға өз еліне тауар экспорттамауын тапсыратынын жақсы түсінеді.
Жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке ұмтылыс
Еуразияның кіндігінде орналасқан әлемнің тоғызыншы мемлекетінде Астана халықаралық форумы өтті. Аталған ел полярлана түскен халықаралық тәртіп пен адамзаттың ең үлкен сын-қатерлерін шешуде ынтымақтастықтың маңызын жақсы түсінеді.
Төрткүл дүниенің бүгінгі жағдайына қарап, неліктен көпжақтылықты, халықаралық ынтымақтастықты және диалогті ілгерілету қажет екенін түсінесіз. Шартарап барған сайын полярланып, бөліне түскен. Халықаралық құқыққа негізделген тәртіпке сенім әлсіреді. Әлемдік дағдарыстарды қару арқылы шешуге ұмтылатындар саны артты. Ірі державалар жаһандық қауіпсіздікті нығайту үшін ымыраға келуге құлықсыз. Адамзаттың әлемді жоюға қаншалықты жақын екенін анықтайтын «Қиямет күніне» салыстырмалы түрде 90 секунд қалғандай.
Осы орайда ықпалы мен халықаралық деңгейдегі абыройы державалардан бір саты төмен мемлекеттер, яғни «ізбасар державалар» ортаға шығып, әлемді алаңдатқан мәселелерді бірлесе шеше алады. Бұл жағынан Қазақстан бәріне сай келіп тұр.
Орталық Азиядағы мемлекет халықаралық қақтығыстарда лайықты шеше алатынын көрсетті. Кейінгі бірнеше жыл ішінде Қазақстанда Астана процесі аясында Сириядағы қақтығыс бойынша келіссөздер жүзеге асты. 2013 жылы Қазақстанның коммерциялық астанасы – Алматыда Иранның ядролық келісімі бойынша келіссөздердің екі раунды өтті. Осыдан жиырма жыл бұрын, 1992 жылы Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды. Ол бүгінде ықпалды көпұлтты форумға айналды. Сондай-ақ 2017-2018 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Осылайша, Орталық Азия елдерінен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өкілдік еткен алғашқы мемлекет атанды.
Қазақстанның диалог пен өзара түсіністікке ұмтылуы жаһандық тұрақтылық әлсіреген қазіргі кезеңде өте маңызды. Сондықтан халықаралық қоғамдастық Қазақстанның климаттың өзгеруі, су тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік, халықаралық даму мен тұрақтылық секілді жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру жолдарын бағалайды. Сол себепті Астана халықаралық форумы арқылы жаһандық ынтымақтастық пен дипломатияны қайта бастауға күш салуы керек. Пленарлық отырыста әлемнің қазіргі жағдайына, бейбітшілік пен экономикалық ілгерілеуге апаратын жол талқыланды. Оған Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Халқаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одри Азуле қатысты. Әрине, бірде-бір жиын әлемдегі бүкіл мәселені сиқырлы таяқша секілді шеше алмайды. Дегенмен диалогті жеңілдететін бастамаларды құптап, қолдау керек.
Астанадағы халықаралық форум
Конгресс-орталықта Астана халықаралық форумы басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметті қамқорлығымен «Диалог арқылы сын-қатерлерді шешу: ынтымақтастық, даму және ілгерілеу жолында» негізгі тақырыбы аясында жоғары деңгейдегі іс-шара өтті.
Форум үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың, бизнес секторларының және академиялық ортаның беделді делегаттарына конструктивті диалог жүргізуге және қазіргі жаһандық мәселелерге қарсы тұру стратегияларын зерттеуге арналған платформаны қамтамасыз етуге бағытталған. Негізгі назар аударатын тақырыптарға климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері кіреді.
Бұл беделді жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңнан астам қатысушы мен құрметті қонақ келді. Іс-шараға Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвиянович, басқа да танымал тұлғалар қатысты. Форум халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаңа жаһандық әріптестік орнатуға бағытталған.
Екі күнге созылған форумда қатысушылар төрт негізгі бағытта: сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, халықаралық даму және тұрақтылық, энергетика және климаттың өзгеруі, сондай-ақ экономика және қаржы мәселелерін талқылады.
Астана халықаралық форумы жаһандық қоғамдастықтың бірігуіне, идея алмасу және қазіргі әлем алдында тұрған өзекті сын-қатерлерді еңсеру үшін инновациялық тәсілдерді зерттеуге мүмкіндік береді.