Форум • 11 Маусым, 2023

Жасанды интеллект және жаңа технология

305 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Астана халықаралық форумының екінші күнінде панельдік сессиялар жалғасты. Сондай-ақ брифингтер, құжаттарға қол қою және кездесулер өтті. Іргелі жиынның кезекті жұмыс күні «Энергетикалық қауіп­­сіздікті қайта қарау: айқын ше­­шімдердің шеңберінен шығу қажеттілігі» па­нель­дік сессия­мен басталады.

Жасанды интеллект және жаңа технология

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жиынға сараптамалық қоғамдас­тықтың, Қазақстан Энергетика министр­лігінің және халықаралық энерге­тика­лық компаниялардың өкілдері қатыс­ты. Сонымен қатар «Өзгелердің шара­сыздығы кезінде әрекет ету: қиын сәт­тер­д­егі «орта державалардың» дипло­матиясы», «Цифрландыру және жасанды интеллект: әсері мен салдары», «Әлеуметтік толқулар: жалған ақпарат және алгоритмдердің күші» және басқа да тақырыптар бойынша талқылау ұйымдастырылады.

Форум жұмысына мемлекеттер мен үкіметтердің, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялардың басшылары, саяси қайраткерлер мен сарапшы топтардың өкілдері қатысты. Шетелдік делегаттар арасында ХВҚ, ДСҰ, АДБ, ЕҚДБ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ ПА, ЭЫДҰ және АҚШ сауда миссиясының өкілдері бар. 

Іс-шара геосаяси шиеленістің кү­шеюіне және мемлекетаралық ынтымақ­тас­тықтың дәстүрлі модельдерінің тү­бегейлі өзгеруіне байланысты бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге қа­тыс­­ты жауаптар іздеу үшін әлемдік қоғам­дастықтың күш-жігерін біріктіруге арналған. Жалпы, жиын аясында аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессия, бейресми пікірталас, басқа да бағдарламадан тыс іс-шара өткізілді.

 

«Қазақстан – менің екінші отаным»

Кезекті сессия «Геосаяси шиеленістің жаһандық дамуға әсері» тақырыбына арналды. Алғаш болып сөз алған Буркина-Фасоның экс-премьер-министрі, саясаткер Лассина Зербо Қазақстанға қайта оралғанына қуанышты екенін жеткізді. «Қазақстан – менің екінші отаным» деген спикер 2004 жылдан бері Ұлы дала төріне бірнеше мәрте ат басын тірегенін, осы кезең аралығында ел дамуына куә болғанын атап өтті.

«Мен Буркина-Фасо мемлекетінен келдім. Рас, бүгін талқыланып отырған тақырып біздің елде маңызға ие. Мәселен, солтүстіктегі Ливияның жағдайы Бурки­на-Фасоға ғана емес, сонымен қатар Ма­лиге, Мавританияға, белгілі бір деңгей­де Нигер мен Чадқа да әсер етіп отыр. Бұған жауапкершілікті ешкім, еш мемлекет алған емес. Өкініштісі сол, өңірде бақы­лан­баған қару-жарақ өте көп. Мұ­ның сыр­тында, кедейлік, климаттың өзгеруі көпте­ген халықтың өміріне қауіп төндіріп тұр.  Сол себепті мемлекеттердегі ахуал­ды реттеу үшін ішінара әскер кіргізу жағдайды тұрақтандырмайтынын көзіміз көрді. Осыған байланысты өзара пікірталас пен келіссөздерді көбірек жүргізгеніміз жөн. Бұдан бөлек, жастар мәселесіне де көз жұма қарауға болмайды. Африка халқының 70-75 пайызы 30 жасқа толмаған. Мұндай жағдайда оларға жұмыс тауып беріп, қажетті қоршаған орта қалыптастырудың өзектілігі арта түседі», деді Л.Зербо.

«London School of Economics» экономикалық география профессоры Андрес Родригес-Поза да талқыланған тақырыпқа қатысты өз көзқарасымен бөлісті. Оның айтуынша, көпшілік шар­­та­раптағы қақтығыстар мен оның эко­но­микалық дамуға теріс әсерін жа­һан­­дық тәртіптің бұзылуымен байла­ныс­тырады.

«Экономикалық даму тұрғысынан қарағанда, популизм мен мемлекеттердің ішкі қақтығысы өршіп келеді. Қазіргі таңдағы әлем осыдан 25 жыл бұрынғы төрткүл дүниеден мүлдем бөлек. Дональд Трамп АҚШ президенттігіне сайланады деп кім ойлаған? «Брекситке» де куә болдық. Дуарте мен Болсонаро секілді қайраткерлер ел тізгінін ұстады. Осыған байланысты әлем түбегейлі өзгерді деп айта аламын.

Бірақ неге? Мұндай түпкілікті бет бұрудың астарында не жатыр? Бірнеше мәселені атап өткім келеді. Біріншісі, қақтығыс пен мәселенің мәдени жағы. Яғни жаһандық көзқарастағы адамдар көбейген. Сондай-ақ ұзақ мерзімдегі өмір сапасы да әсер етті деп есептеймін. «London School of Economics»-те жүргізген зерттеуде бұған көз жеткіздік. Мәселен, Батыс Вирджиния халқының ба­сым бөлігі Дональд Трампқа дауыс беруінің бір себебі өткен ғасырдың 70-жыл­­дарында атал­ған штатта басталған құл­дыраумен байланысты», дейді А.Род­ригес-Поза.

Спикер екінші мәселе ретінде идео­логиялық құлдырауды атап көрсетті. Сонымен қатар сыртқы жау іздеуге деген құштарлық та осындай ахуалға жол ашады. Яғни билікке қолы жеткендер өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқара алмаған жағдайда жауапкершілікті мойнына алудан қашады. Осылайша, бәріне кінәліні сырттан іздеуге көшеді.

«Бұл әлемді одан сайын қауіпті ете түседі. Өйткені мемлекетті басқаратын популист көшбасшы уәдесін орындай алмағанда, сырттан жау іздеуге кіріседі. Міне, мәселе де осында. Мәселен, 20 жыл бойы билікке отырған саясаткер халықтың әл-ауқатын жақсарта алмаған кезде, бүкіл назарды сыртқы жауға ауда­руға тырысады. Осындай қадам арқы­лы тұрғындар ішкі мәселені ұмытады деп есептейді. Бұның экономикалық салдары ауыр», деді А.Родригес-Поза.

 

Қаржылық дағдарыстың салқыны әлі сезіледі

Келесі сөз кезегі Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреевке берілді. Спикер сессияның тақырыбы санкцияның әсері, геосаяси қысымның әлем экономикасына ықпалына қатысты екеніне назар аударды. Б.Әміреев Түркі мемлекеттері ұйымының атқарушы хатшысы қызметін атқарғанын, ендігі жерде экономика мен қаржы саласына бет бұрғанын атап өтті.

«Қазіргі таңда әлем экономикасы геосаяси қақтығыстан қатты зардап шегіп отыр. 2007-2008 жыл­дардағы жаһандық дағдарыс, мәселен, қаржылық және экономикалық себептен орын алған еді. Қазіргі таңда геосаяси қысымның салдарынан туындаған дау-жанжал, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, Украина мен Ресей арасындағы соғыс секіл­ді әскери қақтығыстар әсер етеді. Мұ­ның бәрі біздің аймаққа тым жақын орна­ласқан. Әлбетте, экономикалық дағдарыс туралы ұзақ әңгіме айтуға болар. Бірақ ең әуелі оның саяси астарына назар аударған жөн. Сол себепті бүгінгі Астана халықаралық форумы аясында талқыланып жатқан тақырып өте өзекті екені сөзсіз», деді Б.Әміреев.

Спикер сондай-ақ экономикалық санкциялар саяси жанжалдың бір құралы екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, санкциялар экономикалық проблема туын­датып, қаржылық бөлінуге әкеледі.

«Босқын мәселесі де маңызды. Әлі есімде, Иракқа санкция салынған кезде сонда қызмет еттім. Иранға санкция салынғанда аталған елде елші міндетін атқарып жүрдім. Қазіргі таңда Ресейге санкция салынғанының куәсі болып отырмыз. Бұл санкциялар тікелей әскери қақтығысқа, саяси қысымға байланыс­ты екенін мойындаған жөн. Ендеше, бұл соғысты тоқтатпай, қолымыздан еш­теңе келмейді. Өңірлік және әлемдік қақты­ғыстарды саяси түрде шешпейінше, санкциялар мен оның салдарына қарсы күресе алмаймыз», деді Б.Әміреев.

ЭЫДҰ Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон негізгі тақырыпқа кіріспес бұрын жаһандық қаржылық дағдарысқа назар аударды. Оның айтуын­ша, әлем 2007-2008 жылғы дағдарыстың салқынын әлі де сезініп келеді. Өйткені төрткүл дүниені әбігерге салған оқиғаның саяси салдары кешігіп жетіп отыр.

«Ол кезде жаһандық қаржылық дағ­дарыстың саяси ықпалы айтарлықтай төмен болды. Көпжақты ынтымақтастық пен саясатты үйлестірудің арқасында шартарап елдері күйзеліс кезеңінен оңай құтыла білді. Осылайша, қысқамерзімді рецессияны бастан өткердік. Экономика­ тез қайта қалпына келді. Дегенмен эконо­ми­­калық өрлеуге жете алмадық та, сол баяғы күйімізге оралдық.

Өткен онжылдықтың ортасында бұ­рынғы динамикаға қол жеткізу қиын екені анық еді. Ал 1990 жылдар мен 2000-жылдардың басында ортодоксалды көрінген саяси болжамдар жүзеге аспады. Яғни Трамптың билігі кезіндегі АҚШ пен Қытайдың алауыз­дығы, пандемия, Украинадағы соғыс басталмастан бұрын-ақ жаһандық экономикалық ынтымақтастық пен басқарудың кемшілік­тері байқалған еді. Мұның бір себебі – байлықтың әді­летті бөлінбеуі, биліктің санаулы адамның ғана қолына шоғырлануы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіндегі бір топ елдің басымдығы секілді мәселелерге қатысты», деді У.Томпсон.

Осы орайда, спикер кей мемлекеттің экономикалық даму мен климаттың өзгеруіне өзгеше көзқарас ұстануын белгілі бір деңгейде түсінуге болатынын атап өтті. Сондықтан жаһандық жылынудан ең ауыр зардап тартатынына қарамастан, даму деңгейі жеткілікті болмауы себебінен денсаулық сақтау, өмір сүруге қажетті қызметтерді ұсынуға басымдық беруге мәжбүр.

«Мұны Швециямен, мәселен, Филип­пин арасынан анық байқаймыз. Сондай-ақ мұндай елдер егемендік мәселесіне мұқият қарайды. Өйткені олар бұған дейін тәуелді еді, осыған байланысты азаттық пен егемендікті қорғауды ерекше басымдық ретінде қарайды», деді У.Томпсон.

 

Цифрландыру   жеңілдіктері

«Цифрландыру және жасанды интеллект: әсері мен салдары» сессиясында сөз сөйлеген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан азаматтары ел ішінде өздерімен жеке басын куәландыратын құжаттардың түп­нұсқасын, жүргізуші куәлігін және басқа да куәлік түрлерін алып жүруі міндетті емес екенін еске салды.

«Ешбір әлеуметтік құжаттарды алып жүрудің қажеті жоқ. Мұның бәрі заң­ды, цифрлық құжаттардың құқықтық мәртебесі бекітілген. Мәселен, өз басым Қазақстан аумағында жүргенде қалтама әмиян салмаймын. Тек ұялы телефонды ғана пайдаланамын. Кез келген Қазақстан азаматынан сұраңыз, олардың көбісі қағаз құжаттың түпнұсқасын немесе банк картасын, басқа да куәлікті өзімен бірге алып жүрмейді», деді Б.Мусин.

Сондай-ақ Қазақстанда халыққа арналған әлеуметтік көмекті жасанды интеллект арқылы жүзеге асыру әдіс­те­рі қаралып жатқанына екпін берді. Ми­нистр жасанды интеллектіні дамыту үшін сапалы деңгейде жинақталған мәлі­меттердің құрылымдық деректер қорын қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

«Қазір бізде 400 түрлі деректер базасы бар және оларды біріктіруге тырысып жатырмыз. Бұл ретте біріктіріліп жатқан 80 негізгі деректер базасы бар. Енді біз оларды талдап, нәтижесін шығарамыз. Мәселен, Қазақстанда 600 мың адам тиімді бағада баспана алуға өтініш жасаса, олардың кейбірі осыдан 10 немесе 5 жыл бұрын құжаттарын өткізген. Бірақ біз қазір мәліметтер базасын бір деректер қорына біріктірдік, осы 600 мың өтінішті зерделедік. Осы орайда олардың жарты миллионында пәтерлер бар екені анықталды. Олар енді Үкіметтен бұл қолдау түрін алмайды. Дегенмен тиісті қолдау баспанаға мұқтаж басқа отбасыларға бағытталады», деді Б.Мусин.

Сала басшысы Қазақстан мем­лекеттік қызмет көрсетудің проактивті әдісіне көшуге назар аударып отырғанын айтты. Бұл өз кезегінде Қазақстан хал­қына қандай қолдау қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді.

«Осыған дейін әлеуметтік көмек алуға жүгінбеген азаматтарға 60 мың SMS жіберіп, хабарламадағы сілтемені басу арқылы осы көмекті алуға жағдай жасалатынын ескерттік. Осы орайда мұндай тәсілдер – жасанды интеллектінің бастапқы мүмкіндіктерінің бірі. Алдағы уақытта бұл технологиялар арқылы талдау жасауға көшеміз», деді Б.Мусин.

 

Халықаралық қоғамдастықтың бағасы

Сонымен қатар форум аясында «Жаңа Қазақстан: Жаһандық аласапыран кезінде даланы басқару» кітабының тұсауы кесілді. Нью-Йоркте тұратын экономист, Dr. Doom лақап атымен танымал кітап авторы Нуриэль Рубинидің айтуынша, жұмыс түрлі саладағы басқа да танымал мамандармен бірлесіп жасалған.

Кітап жетек­ші шетелдік зерттеу­ші­лер мен сарап­шылардың эсселер жи­на­ғы форматында жазылған. Онда ха­лық­аралық қоғамдастықтың ғалам­дық турбуленттік жағдайындағы Қа­зақ­стан­­ның өзгерістері мен мүмкін­дік­тері­не, сондай-ақ республикада жүр­­гізі­ліп жат­қан реформалардың маңы­зына бер­ген сараптамалық бағасы шоғыр­ланды­рылған.

Еңбекте экономикалық, монетарлық, қаржылық тәуекел сияқты көптеген қауіп-қатер, сондай-ақ геосаясат, климаттың өзгеруі, пандемия, жаһан­дану, жасанды интеллектінің пайда болуына қатысты күрделі мәселелермен ұш­тасатын бұрын-соңды болмаған белгісіз­дік кезіндегі өмір туралы баяндайды. Ор­талық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров Қазақстанға шолу жасаған кітап тосын сый болғанын айтады.

«Кітап әлемдік қоғамдастықтың еліміз­ге деген үлкен қызығушылығын көрсетеді. Әлемде Қазақстанда болып жатқан экономика үдерістеріне сон­ша­лықты кең, бірақ сонымен бірге қысқаша шолуды қамтитын көп жұмыс жоқ. Кітап шетелдік те, біздің оқырмандар үшін де қызықты болатынына сенімдімін. Ол қазақ тіліне аударылады деп үміттенеміз. Объективті көзқарас елімізде болып жатқан үдерістердің игіліктерін түсінуге көмектеседі», деді А.Омаров кітаптың тұсаукесер рәсімінде.

Айта кетерлігі, бұл басылымда Қа­зақ­стан үшін жаһандық деңгейдегі өзге­рістер мен мүмкіндіктерге қатысты әлем­дік қоғамдастықтың сараптамалық бағалауы, сондай-ақ ел аясындағы ағым­дағы реформалардың маңызы топтас­тырылған.

«Біз кітапта Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы экономикалық байланыс­тар өте жақын екенін көрсетеміз. Бірақ сонымен бірге Қазақстаннан Еуропалық одаққа экспорт тауарлар мен шикізаттан, ал Қазақстанға Еуропалық одақтан экспорт дайын өнімдерден тұрады. Біз сондай-ақ екіжақты экономикалық интеграцияны тереңдетуге ықпал ететін арналарымызды талқылаймыз. Біз тығыз ынтымақтастықты және белгілі бір жет­кізу тізбегіне байланысты тәуекел­дер­ді қарастырамыз. Осыған байланысты талдау жүргізу кезінде төрт қорытындыға келдік.

Бұл Қазақстанның ғана емес, Еуразия­лық одақтың да бизнес-модельдерін трансформациялауға негізделген. Бірін­шісі, интеграцияны тереңдету үшін стратегиялық жол картасын әзірлеу. Екіншісі, қорытынды жеткізілім тізбегі мен құндылықтарды жаңартуды дамытуға байланысты. Бұл тереңірек стратегиялық ынтымақтастық үшін маңызды. Әлемнің басқа бөлігімен экономикалық қарым-қатынасты қалыптастыра отырып, сауда серіктестерінің болашағы туралы да ұмытпауымыз керек. Осы себепті аталған бағытты жағырту маңызды. Сонымен қатар стратегиялық жол картасына біріктірілуі керек.

Үшінші қорытынды – білімді кеңейту және ресурс пен технология алмасу. Яғни сіз өндіре алмайтын нәрсені экспорттай аласыз. Сіз білім, зерттеу алмасуға инвестиция сала білуіңіз керек. Соңғысы – шолу. Қаржыландыру шоғырын қарау маңызды. Өйткені бұл – стратегиялық ынтымақтастықты күшейтуді бастау мүмкіндігі. Кейіннен бұл экономикалық қатынастың қарқынды дамуына қол жеткізуге жақсы мүмкіндік болады», деді Еуропалық саясат желісі орталығының директоры Вопель Ханниг.

 

Қазақ жастары Францияда білім алады

Астана халықаралық форумы аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығы Францияның Қазақстандағы елшілігімен меморандумға қол қойды. Қазақстан жастарының француз елінің жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік беретін құжатты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сәкенов, Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс ресімдеді.

«Қазақстан үшін бұл нарықты жоғалт­пауымыз керек. Сондықтан Францияда «Болашақпен» білім алуға болатын жо­ға­ры оқу орындарының тізімін кеңей­тіп жатырмыз. Қазіргі таңда 6 жоға­ры оқу орны болса, енді тізімді 12-15-ке дейін ұлғайтуымыз қажет. Прези­ден­тіміздің Францияға ресми сапарында үлкен келісімшарттар ресімделді. Біз де Францияның Жоғары білім ми­нистр­лігімен келісімге қол қойдық. Онда «Болашақ» бағдарламасымен білім алу және ғылыми-техникалық тағылым­даманы күшейту көзделген.

Франция технологиялық тұрғыдан ең дамыған елдердің қатарына кіреді. Биотехнология, биомедицина, ғарыш, әуе көлігі саласындағы мықты зертханалары бар. Яғни Еуропаның ең мықты технологиялық мемлекеттерінің қатарына кіреді. Сондықтан француз зертханаларымен және жоғары оқу орындарымен тығыз байланысты дамытқымыз келеді. Биыл қарашада үлкен делегация келеді және қазақ-француз бірінші жоғары білім конференциясын өткіземіз», деді С.Нұрбек БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Франция елшісі Дидье Канесс ағыл­шын тілімен бәсекелес бола алмаса да, француз тілінің болашағы зор екеніне назар аударды. Оның айтуынша, Франция жоғары оқу орындарының деңгейімен танымал әрі мұны мақтан тұтады. Фран­цияның тағы бір басымдылығы – білім алудың қолжетімділігі.

«Бізде француз студенттері үшін, сонымен қатар Еуропалық одақ елдері жастары үшін мемлекеттік жоғары оқу орындарында тегін білім беру ұстанымы бар. Қалғандары оқудың үштен бір бөлігін төлейді. Мәселен, бір жылдық оқуға 3 мың еуро жұмсалады. Осы орайда француз тілі болашақ тілі екендігін айрықша айтқым келеді. Бірақ ол ағылшын тіліне бәсекелес бола алмайды», деді Франция елшісі.