Аймақтар • 12 Маусым, 2023

Композитордың қос қуанышы

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Баласағұн» атындағы орталық концерт залында «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған», «Соғады сен деп жүрегім» секілді өзге де бірнеше танымал әннің авторы, белгілі әнші-композитор Сәрсенбек Бәкірдің шығармаларына арналған «Аузынан айдың түскен қыз» атты концерт қойылды.

Композитордың қос қуанышы

Мәдени шараға өңір басшысының бірінші орынбасары Нұржан Календеров қа­тысып, ердің жасы елуге толған ком­позиторға облыс әкімі Нұржан Нұр­жі­гітовтің құттықтау хатын табыстап, өнер иесінің иығына зерлі шапан жапты. Сондай-ақ композиторға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды.

Композитордың шығарма­шы­лық ке­шіне арнайы келген өнер әлеміндегі іні-қарындастары Сәрсенбек Бәкірдің жұрт жадында қалған тамаша туындыларын шырқап, ізгі тілектерін айтып, есте­лік­терімен бөлісті. Концертте өнер көр­сету үшін Әулиеатаға арнайы ат басын бұр­ғандардың қатарында әйгілі «МузАрт» ансамблі, Мұқасан Шахзадаев, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Махан бастаған өзге де белгілі әншілер бар. Композитор кешінің жоғары деңгейде өтуіне жергілікті өнер­паздар да сүбелі үлес қосты.

Шығармашылық кеш барысында Сәр­сенбектің төлқұжатына айналған «Аузы­нан айдың түскен қыз» әнінен бастап, өнерсүйер қауым арасында кең тараған «Не пайда?»,  «Сезімді қайтем тула­ған», «Соғады сен деп жү­регім» секілді туындылары да шырқалды. Сондай-ақ Дін­мұхамед Қонаевқа арналған «Тау тұлға» атты әні алғаш рет қа­лың көпшілік алдында орындалды.

Белгілі композитордың мерейжасына орай ұйымдастырылған концерт барысында «Қонаев қоры» қоғамдық қорының өкі­лі Жапар Күздеубеков, ардагер Досмұрат Шахзадаев, Талас аудан­дық мәслихатының төр­ағасы Қадірбек Садубаев өнер иесіне құрмет көрсетті. Бұл күні композиторға Қонаев атындағы медаль табысталып, Қа­зақ­стан композиторлар одағының мүше­лік куәлігі тапсырылды.

Концерт өтерден бір күн бұрын Сәр­сенбек Бәкірдің 50 әні топ­тас­ты­рылған «Сезімді қайтем ту­лаған» атты жаңа жинақ өнер­­сүйер қауымға таныстырылды. Осы­лайша ердің жасы елуді белгілі композитор қос қуанышпен қарсы алды.

 

ТАРАЗ