Халықаралық өнер бәсекесі екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде Дана Алматыдағы байқауда бірінші орын алып, Мәскеудегі фестивальға шақырту алды.
Ұйымдастырушылар Данаға қашықтықтан байланысқа шығып, өнер көрсетуге мүмкіндік жасады. Байқаудың бұл кезеңінде отандасымыз екі туындыны назарға ұсынды. Олар – Вильгем Поптың «Әсем вальсі» және Сергей Рахманиновтың «Не пой, красавица, при мне!» романсы.
Қазылар алқасы өнер мен мәдениеттің атақты өкілдерінен жасақталғанын атап өткен жөн. Силантьев атындағы академиялық үлкен концерттік оркестрдің бас дирижері Александр Клевицкий қазылар алқасына төрағалық етті. Кәсіби мамандардан құралған алқа байқау барысында Дананың талантын жоғары бағалады.
Балқаш қаласы Балалар өнер мектебінің оқытушысы Светлана Шохатаева шәкіртімен мақтанады.
– Дана флейтаның үнін интернеттен естіпті. Содан әжесі немересінің осы аспапта ойнап үйренуге деген құлшынысын көріп, бізге алып келді. Дана музыка мектебін сырттай бітірді. Төрт жыл ішінде бес жылдық бағдарламаны меңгерді. Ол – еңбекқор, табанды. Оның рухы күшті. Мықты музыкант болу үшін ұзақ еңбек ету керектігін жақсы түсінеді. Қазір Дана П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне түсуге дайындалып жатыр, – дейді Светлана Шохатаева.
Қарағанды облысы