Спорт • 12 Маусым, 2023

«Қонжықты» жеңген балуан

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл дзюдодан Қатардың астанасы – Дохада өткен әлем чемпионатының аса ауыр салмақ дәрежесінің финалында франциялық Тедди Ринер мен бейтарап елдің туы астында өнер көрсеткен ресейлік Инал Тасоев күш сынасқан еді.

«Қонжықты» жеңген балуан

«Жан алысып, жан беріскен» айқастың негізгі уақыты тең аяқталып, бәсеке голден-скорға ұласты. Ережеге сәйкес осы ке­­зеңде алғашқы ұпайды кім алса, жеңіс соған берілуге тиіс. Осы орайда алғырлық таныт­қан Тасоев ұтымды әдіс жасады. Алайда оның бұл әрекеті төрешілер назарынан тыс қалды. Іле-шала Ринер қарсыласының осал тұсын тауып кетті. Нәти­жесінде, Францияның даңқты дзюдошысы бас жүлдені олжаласа, Ресейдің мықтысы күміс медальды қанағат тұтты.

Арада біраз уақыт өткеннен соң Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) бейнетаспаны қайта қарап шығып, қазы­лардың өрескел қателікке бой алдырғанын мойындады. Осы­лайша, әділдік орнап, Инал Тасоевқа да алтын медаль табыс етілді. Соған сәйкес ол әлем­дік рейтингтегі ұпайларын да түгендеп алды. Сөйтіп, қазіргі кезде +100 кило салмақ дәре­жесінің чемпиондық атағын бір емес, екі балуан иеленіп отыр. Дәл осындай жағдай бұрын-соң­ды дзюдо күресі тарихында болмаған.

Естеріңізге сала кетейік, 25 жастағы Солтүстік Осетияның тумасы командалық сайыста екі рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, Еуропа ойындарында топ жарды. Же­келеген жарыста Инал Та­соевтың құр­лық чемпионы, құр­лықтық ойын­­дардың күміс жүлдегері, Дүние­жүзілік әскери­лер ойындары мен әскерилер арасындағы әлем бірін­шілігінің жеңімпазы деген атақтары бар.

Ал 34 жастағы Тедди Ри­нер Бейжің және Токиода алау­ы тұтанған Олимпия ойында­рында қола алса, Лондон мен Рио-де-Жанейрода бас жүлдені қан­жығасына байлады. Жа­по­нияның астанасында ол Фран­ция құрамасының сапында ко­мандалық жарыста алдына жан салмады. Сондай-ақ «Қонжық» әлемнің 12 дүркін (11 рет жекелеген сайыста, 1 рет командалық бәсекеде) және Еуропаның бес дүркін чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Өзінің атақ-даңқы жағынан бүгінгі таңда Теддимен жер-жаһандағы бірде-бір дзюдошы теңесе алмайды.