Әдебиет • 12 Маусым, 2023

Балуан Шолақтың Ғалиясы

276 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өлең – рух. Рухтың қағазға түскен пішімі іспетті. Сөз қуатының жанға етер әсері орасан. Қайбір жырды оқығанда, әуезді ән тыңдағанда көпке дейін иірімі ойда сақталып, іштей күбірлеп жүретініміз бар. Сол оралымды шығарма, елеулі әннің бірі – «Ғалия» әні.

Балуан Шолақтың  Ғалиясы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Бес ғасыр жырлайды» атты жинаққа топ­тасқан атақты балуан, ақын, сазгер жырлары аз да саз. Кебеже түбіндегі құрт дәміндей құнарлы шумақтар елітеді, еліктіреді. Әсіресе сондағы Ғалияға арналған шумақтардың сарыны бөлек.

«Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен,

Оң қабағым тартады күлімдесең.

Менің көңілім, Ғалия, дауалансын,

Ауған түйе секілді бейімдесең.

Айдың көзін, Ғалия, бұлыт алсын,

Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың.

Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,

Қай қылығын қалқаның ұмытарсың?»

Балуан Шолақ есімі аталғанда Ғалия аты қосарлана жүреді. Ғалия жайында академик-зерттеуші Ахмет Жұбанов деректер жинап, Балуан мен Ғалия арасындағы оқиға турасында алма­тылық Мәкура Есілбаева деген адамнан өте ертеректе біршама толық мәлімет жазып алыпты. Осында баяндалғандай Ғалия қара сұрлау келген, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, он саусағынан өнер тамған шебер екен. Әсіресе тамағында шешек дағы көп қалғандықтан, орамалымен алқымын қымтап байлайтын әдеті болғаны туралы да ел ішінде әңгіме бар. Бұны оның бізге жеткен суретінен де байқауға болады.

Қазақтың салт-жоралғысы бойынша Ғалияны жастай Біржан дегенге атастырып, бойжеткен соң ұзатылып кете барады. Бірақ көңілі сүймеген­нің көзі қайдан жайнап тұрсын? Біржанмен ұзақ тұрмай, бір-екі жылдан соң Ғалия Қараөткелге қайта келеді. Сағы сынбаған салтанатты сыл­қым кербез, талшыбықтай бұра­лып көрген жанның есімін ұмыттырады. Ақыры Балуан Шолақтың назарына ілігіп, қос ғашық айырылмасқа серт етеді. Арғысын Ахмет Жұба­новтың жазбасына жүгініп, зер салалық. «Бар­ған жерінде екі жылдай тұрып, Қараөткелге төркін жұртына көшіп келеді. Шөкеңмен көңіл байласатын тұсы осы кез. Ғашығына арнап сегіз қалта жият кестелеп, оған өрнектеп атын жазады. Онысын құп көрмеген күйеуі үйінен қуады. Ғалия қашып әкесінің үйіне келеді. Ата-анасы қызымен ақылдаса келіп, күйеуінен ажырасуын құп көреді. Бірақ күйеуі қалың малын даулайды. Оны төлеуге Ғалияның әкесі Тілеудің жағдайы болмайды. Іс билер сотында қаралатын болады. Оқиғадан хабардар Балуан Шолақ не де болса мал тауып келу үшін Көкшетауға жүріп кетеді. Онда балуанды басқа тағдыр күтіп тұрған еді. Оны ұстап, түрмеге жабады. Ғалия болса, билер сотында өз дауын өзі ұстап, Біржанды жеңіп шығып, басына толық азаттық алады. Ал Шөкеңе жоғалған сексен өгіздің жаласына Семейден ұрланған бір топ жылқы қосылып, ісі қалыңдайды. Ғалия күтумен күндерін өткізеді. Оның үстіне сотта жеңілген жақтың қыспағынан не істерін білмей қиналып жүргенде «Шолақ пәлен жылға сотталып, жер аударылыпты» деген хабарды естиді. Бұл қарсы жақтың таратқан жалған жаласы еді».

Сонымен ер Балуан түрмеге тоғытылып кете барады. Абақтыда айдан-күннен жаңылған сара талант Ғалиясын сағынғанда құлын даусы көкке жетіп шығарған аңсарлы әнін орындайды. Міне, ақкербез қалқаға арналған жырлар осылайша кең даланың желі мен желегіне ілесіп, жазиралы беткейді жұпарға бөлейді.

Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» хикаятында ғашығын күткен Ғалияның ынтызар бей­несі сомдалады. «Ғалия «келе жатыр ма» деп үйінен тысқа әлсін-әлсін шығып қарай берет­ін болды. Балуан Шолақ пен серіктері түсіп жат­қанда, Ғалияның үйінен шыға беруі, осы көп шығудың бірі еді. Балуанды Ғалияның тез тануы­на бұрынғыдан толуы, нұрлануы бөгет болған жоқ. Балуанға қараған сайын жүрегінде бұрын бықсып жанған құмарлық оты қызына түсті...»

Міне, аңызға айналған «Ғалия» әнінің қысқаша тарихы, қос ғашықтың махаббат күйі осы­лай өріледі.