Төтенше жағдай • 12 Маусым, 2023

Өрт неге өршіп тұр?

573 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өрт – аса қатерлі тілсіз жау. Қай кезде де бұл құбылысқа бейқам қарауға болмайды. Өрт, су сынды айтып келмейтін апаттардан алдын ала сақтану, оған тас түйін дайын болу – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Осындай қамсыздықтың салдарынан елімізде орны толмас қайғылы оқиға орын алды. Абай облысындағы орман өрті кезінде табиғатқа, қоршаған ортаға, ел экономикасына келтірілген залал, шығын өз алдына, адам өліміне жол берілді. Өртпен күрес кезінде 14 адам тілсіз жаудың құрбаны болды.

Өрт неге өршіп тұр?

Жаз маусымы басталысымен, күн­нің күрт ысуына байланысты та­биғи өрттің орын алу қаупі жиі­леді. Биылғы маусым аңқа кептір­ген аптап ыстықпен басталды. Елі­міздің көптеген аумағында дерлік әлі күнге күн күркіреген жоқ, осы мез­гілге тән қалыпты жауын-шашын да жаумай тұр. Осындай аптап ыс­т­ық пен қуаңшылық кезеңінде дала төсіндегі, ормандардағы өрт қауіп­сіздігі ережелерін сақтаудың маңы­зы өте зор. Өрттің басым көп­шілігі шөп, көк мол шабындық, жайы­лым жерлерге, орман алаптарына көршілес орналасқан шаруа қожалықтары және ауыл шаруа­шылығы ұйымдарына тиесілі ша­бындықтарда жүріп жатқан жұ­мыстар кезінде техникалардан шық­қан ұшқын, далада от тұтату, түрлі қалдықтарды жағу салдарынан бас­талады. Сондай-ақ табиғат аясында демалушылар мен тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы да ор­ны толмас қайғылы оқиғаларға алып келіп жатады. Адамдардың алаң­ғасарлығы, немқұрайдылығы, мәде­ниетсіздігі – ойланбай тасталған те­мекі тұқылы, сөнбей қалған от – осы­­ның барлығы табиғи өрттердің шы­­ғуы­ның негізгі себептері болып келеді.

Күн күйіп, үстіне ыстық жел ұрып тұрғанда өрттің өршитіні бесенеден белгілі. Онсыз да сусап, қаңсып тұрған ағаш, шөп, өсімдіктің әп сәтте тұтануына далада жатқан шыны, сынық әйнектердің қызуы, жол бойында автокөліктерден жауапсыз лақтырылған өшірілмеген темекі тұқылдары, найзағай, шөп ору жұмыстарына қатыстырылатын тракторлар мен агрегаттардың жа­рам­ды шоқ өшіргішпен жабдық­талмауы себеп болып жатады.

Өрт апатының артында адам тағдыры тұр. Қас-қағым сәтте қа­­лың орманның өзін күлге айналдырып жіберуге бар өрттің «құдіретін» міне, көріп отырмыз. Қаншама жан мезгілсіз қаза болды, қаншама жас қыршынынан қиылды, қаншама отбасы азаматынан, асыраушысынан айрылды?! Ең өкініштісі, осындай төтенше жағдайға тағы да жеткілікті дәре­жеде дайын болмағанымыз. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен қан­шалықты арпалысқандарымен, оны жылдам, барынша шығынсыз ауыздықтауға күштері жетпеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың кәсіп­тік деңгейде, оралымды ұйымдас­тырыл­майтындығы, жүйесіз жүргі­зілетіні анық байқалды.

Жиі, жыл сайын қайталанатын осы келеңсіздіктің негізгі себеп-салдарлары жөнінде «Астана қаласы Төтенше жағдайлар органдары арда­герлерінің қазақстандық ұйымы» федералдық қоғамдық ұйымының төрағасы Қанатбек Әденов былайша әңгімелейді:

– Менің төтенше жағдайлар қыз­метінен зейнет демалысына шық­қаныма жиырма жылға жуық­тады. Демалыста жүрсек те сүйікті кәсібі­міз­ден қол үзген жоқпыз. Осы сала­ның білгірі ретінде ардагерлер кеңе­сінің қызметіне тартылғанбыз. Ұзақ жылғы іс-тәжірибемізбен кейінгі буын өкілдерімен бөлісіп отырамыз. Қоғам үшін аса маңыз­ды осы саланың қалыптасуы мен дамуына қал-қадерімізше әлі де болса үлес қосып келеміз.

Төтенше жағдайлар, оның ішінде өрт сөндіру қызметі соңғы жылдары материалдық-техникалық тұрғыда қатты дамыды, озық үлгілі құрал-жабдықтармен, қондырғылармен көптеп жарақтандырылды. Кез келген тосын жағдайларға сақадай-сай дайын. Оның есесіне, соңғы жылда­ры түрлі өрт жағдайы жиі болып, соның салдарынан адамдық, ма­те­риал­дық шығындар орын алу­­­да. Оның түрлі себептері бар. Ең бас­тылары – елімізде қазірде адам саны, мал басы, автокөлік түр­лері есе­леп артты. Сан алуан ірі кәсіп­орын­дар, кен орындары пайда болды. Айнала – қайнаған тірлік, қызу еңбек. Барлық аумақтарда құрылыс жұ­мыс­тары қарқынды жүргізілуде. Құры­лыс ғимараттары, адамдар көп шоғыр­ланатын орындар көптеп салынуда.

Міне, осындай қоғам өмірі күрт дамып жатқан жағдайда, оның үс­­тіне климаттың өзгеруіне бай­ла­ныс­ты өрт оқиғалары көп тірке­луде. Әдетте, өртті ескерту, өрт қауіп­­­сіздігі ережелерін сақтамау, ұқып­­­сыздық салдарынан өрт шыға­ды. Өрттің алдын алу, сөндіру ке­зін­­­­дегі барлық келеңсіздіктерге тек төтен­ше жағдайлар қызметін кінә­лай беруге болмайды. Бұл жерде тө­­тенше жағдайлар қызметімен қатар ішкі істер департаменті, газ, су, электр мамандары, барша бұқара жұмылдырылуға тиіс. Сон­да ғана өрттің зиян, шығындары азая­ды. Былтыр осындай оқиға Қос­­танай облысында болғаны бел­­гі­­лі. Содан дұрыс қорытынды шы­ғар­­мағанымыз өкінішті. Алдағы уақытта қауіпсіздік, алдын алу ша­ра­­­ларын барынша күшейту керек. Өрт қауіпті аймақтарды аралап, барлап отыру үшін, сондай-ақ өрт сөндіруге пайдалану үшін осы мақсатқа арналған тікұшақтар са­нын арттырса жөн болар еді. Ел­дің орман-дала аймағындағы өрт қауіптілігіне әдетте табиғи кли­маттық жағдайлар мен халықтың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы үлкен әсер етеді, осы орайда өрттің алдын алу және оны сөндіру бо­йынша уақтылы шараларды бірлесіп қабылдау керек.

Өрт – тілсіз апат. Айтып кел­мейді, оның қай уақытта орын алатынын ешкім де болжап біле алмай­ды. Онымен күресудің ең дұрыс жолы – өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау. Олардың негізгілері мыналар: жазғы маусымда құрғақ, ыстық және желдi ауа райында ауылдық елдi мекендерде, саяжайда, бақшалық учаскелерде от жағуға, өрт қауіпті жұмыстарды жүргiзуге жол берiлмегені жөн; елді мекендер мен ұйымдардың аумақтары, ашық қоймалар мен құрылыстардың, ғи­ма­раттардың өртке қарсы қашық­тығы сақталуға тиіс, сондай-ақ тұр­­ғын үйге, саяжайға және басқа да құ­ры­лыстарға жақын учаскелер жа­нар­май қалдықтарынан, қоқыстан, құрғақ шөптерден, жапырақ­тардан дер кезінде тазартылып тұруы қа­жет, темекі тұқылын және жанып жат­қан отты мұқият өшіру керек, т.с.с.

Өрттің шығу себебін анықтау емес, қызыл жалынмен күресетін құтқарушылардың қызметін бағам­дау біраз жайдың басын ашып бергендей. Біздің өрт сөндіруші­лердің тілсіз жауды ауыздықтауға сон­шалықты дайын еместігі, ұзақ уақыт жұмсайтындығы алаңдата­ды. Мұндай салғырттықпен, жайбасар­лықпен, жүйесіздікпен өрттен келетін шығынның көлемі арта түспесе, кемімейтіні сөзсіз.

Жалпы өртке қатысты статисти­калық деректер көңіл көншітерліктей емес. Ал өрт – адамның өмірі мен денсаулығына, қоғамға залалын тигізетін, қоршаған ортаға ауқымды материалдық зиян келтіретін орасан апат. Өрт жылдың төрт мезгілінде де бола беруі мүмкін. Сондықтан Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен өрт сөндірушілердің жауапкершілігі мол болуы, кәсіптік шеберліктерін ұдайы шыңдап отыруы міндет. Оған қоса, тұрғындар да өртке қарсы қауіпсіздік шараларын білгені, сақтағаны жөн.