Конференцияны ұйымдастырған «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Ренат Бектұровтың айтуынша, АХҚО алдағы жылдарда негізгі үш бағытта жұмыс істейді, олар – тікелей шетелдік инвестиция тарту, бағалы қағаздар нарығын дамыту және өңірлік қаржы орталығы ретінде АХҚО позициясын шетелдерде нығайта түсу. Конференция аясында Astana International Exchange (АХҚО биржасы) және Abu Dhabi Securities Exchange (Әбу-Даби биржасы) арасында серіктестік нығайтуға бағытталған келісімге қол қойылды. Келісімнің арқасында екі жақтың инвесторлары ADX әзірлеген «Tabadul» платформасы арқылы екі биржада жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
«Қазақстан инвесторлары ADX листингіндегі бағалы қағаздарды брокерлік компаниялар арқылы сатып ала алады. Бұл өте қызықты құрал, өйткені соңғы уақытта әмірліктердегі IPO өсім көрсетіп жатыр», деді Ренат Бектұров.
«AIX» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әсел Мұқажанованың сөзінше, «AIX»-тың стратегиялық мақсатының бірі – халықаралық тәжірибе мен қор нарығы мәдениетін, сондай-ақ жаһандық инвесторларды Қазақстанға әкелу.
«Бұл қазақстандық инвесторлардың жаңа мүмкіндіктер алуына, нарықтағы қолжетімді құралдар спектрінің кеңеюіне әсер етеді. Бөлшек инвесторлар екі биржада да лицензиясы бар брокерлік компаниялар арқылы тікелей сауда жасай алады. «ADX» пен «AIX» арасында сауданың дамуы «AIX» стратегиясына сәйкес келеді және Парсы шығанағындағы Араб елдері мен Қазақстан нарығының арасындағы байланыстың дамуына ықпал етеді», дейді.
«Visa» вице-президенті, Орталық Азия елдері мен Әзербайжандағы өңірлік менеджері Кристина Дорош Қазақстанның технологиялық шешімдерді дамытуда әлемдік лидерге айналғанын мәлімдеді.
«Жыл сайын Қазақстандағы адамдар цифрлық экономикаға деген қолжетімділікке көптеп ие болып жатыр. Ең алдымен, бұл – тез, ыңғайлы және қауіпсіз төлеуге мүмкіндік беретін жаңа технологиялар мен инновациялық қаржылық қызметтерге қолжетімділік. Visa серіктестермен бірлесіп, елде озық шешімдерді енгізу арқылы осы үдеріске ықпал етеді. Visa өкілі және төлем сервистерін пайдаланушы ретінде мен Қазақстанды басқа нарықтармен салыстыра аламын және төлем сервистерінің тамаша жұмысы біздің әріптестеріміздің, банктердің зор еңбегі екенін атап өткім келеді», деді.
Қаржылық-техникалық саладағы жаңалықтармен Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Жұмабек Мамұтов та бөлісті.
«Цифрлық қызметтерді дамыта отырып, біз әдеттегі қосымшадан супер мобильді қосымшаны – Halyk-ты жасай алдық, онда бүгінгі күнге дейін клиенттеріміздің қажеттіліктерін қанағаттандыратын қаржылық және қаржылық емес қызметтер бар. Біз маркетплейс, саяхат, инвестиция және клиенттеріміз көптеген түрлі бонус пен акция алатын Halyk Club-ты іске қостық. Біз осының бәрін Halyk деп аталатын бір мобилді қосымшада біріктірдік. Қазір қосымшамыздың бірегей қолданушы саны 6 млн 300 мыңнан асты», дейді ол.
«Freedom Bank» директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұловтың сөзінше, FinTech, GovTech және банкинг комбинациясы инновациялық цифрлық өнімдер құруға мүмкіндік береді.
«Қазір отандастарымыз ипотеканы, автонесиені, бизнеске арналған онлайн кредитті үйден шықпай-ақ, тәулік ішінде рәсімдей алады. Ипотекалық несиені 24 сағат ішінде алу – тек Қазақстанда бар сервис», дейді Айдос Жұмағұлов.
«Банк ЦентрКредит» президенті Руслан Владимировтың пайымдауынша, бизнестің басқа құрылымдары секілді қаржы нарығы да клиенттер сұранысына бейімделуде.
«Ай сайын біздің мобильді қосымшамызды 1 миллионнан астам клиент пайдаланады. Ал күн сайынғы пайдаланушы саны – 250 мыңға жуық және олар
14 млрд теңгедей төлемдер мен аударымдарды жүзеге асырады. Сонымен қатар қосымшада FX-айырбастау арқылы 11 валюталық жұпты сатуға және сатып алуға болады. Бұл опцияның көмегімен ай сайын 200 мыңнан астам операция жасалады. KASE биржасының көлемімен салыстырғанда банк үлесі 15 пайызға жуықтайды. Сонымен қатар физикалық алтын сату бойынша БЦК-ның нарықтағы үлесі 50 пайызды құрайды. Сол себепті біз құнды металдарды сатып алу-сату бойынша онлайн-сервисті белсенді дамытып жатырмыз және жақын арада қосымшада құйманы брондау қызметі пайда болады», дейді банк басшысы.
Конференцияда қозғалған маңызды тақырыптың бірі – криптобиржа мен банктердің интеграциясы. Сарапшылардың айтуынша, «АХҚО-да тіркелген Қазақстан банктері мен криптобиржалардың өзара іс-қимылы жөніндегі» қанатқақты жобасына 5 криптобиржа – Binance, Ataix, Intebix, Xignal и Upbit және 8 екінші деңгейлі банк – Halyk Bank, Altyn Bank, Zaman Bank, Freedom Bank, Eurasian Bank, Bereke Bank, Nurbank және CenterCredit қатысқан.
Жоба нәтижесінде криптобиржа екінші деңгейлі банктермен интеграцияланып, банктік шоттар аша алады, клиенттерден фиаттық валюта қабылдайды және оларды цифрлы активтерге айырбастай алады. Қазірдің өзінде жоба қатысушыларының бірі Intebix «Еуразиялық банкпен» бірлесіп криптокарта шығаруға келісті.
«Биржа халықаралық болғандықтан клиенттердің 70 пайызы – шетелдіктер, 30 пайызы – жергілікті клиенттер. Заңды тұлғалардың 35 пайызы – АХҚО қатысушылары, 65 пайызы – шетелдік заңды тұлғалар. Инновация тұрғысынан бізде криптобиржаны мобильді әмиян арқылы толтыруға мүмкіндік беретін GSM-операторымен интеграция бар. Интеграция жасалды, бірақ біз мақұлдауды күтіп отырмыз», дейді «ATAIX Eurasia» бас директоры Арутюн Погасян.
«Binance Kazakhstan» бас менеджері Жаслан Мадиевтің айтуынша, криптобиржаның банк секторымен интеграциясы экономикалық-әлеуметтік дамуға да әсерін тигізеді.
«Қазақстан – заңнамалық базаны реттеу бойынша да, нарықты дамыту бойынша да алға озған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел. Осы факторлардың (заңнамалық, қадағалау және институционалдық) барлығын ескере отырып Қазақстанның ойыншыларды және цифрлы индустрияны дамыту бойынша әлдеқайда дайын болғанын аңғару қиын емес», дейді ол.
«Biteeu Eurasia Ltd.» бас директоры Талғат Досанов та жобаның үлкен артықшылыққа ие екенін атап өтті.
«Бұл нағыз клиентке бағдарланған қадағалаушы деп айтар едім. Осыған дейін бізде қадағалаушымен күн сайын телефонмен немесе поштамен байланысып отырған жағдай болған емес. Бұл – үлкен артықшылық. Жобаның дамуы үшін қадағалаушы барлығын істеп жатыр. Мемлекетіміздің бұл индустрияны қолдап отырғаны да көп көмегін тигізуде», дейді.
Қазір криптонарықтың капиталдануы 1,17 трлн долларды құрайды. Кей елдер криптовалютаны төлем құралы ретінде мойындап, кей елдер криптобизнесті қадағалауға қатысты заңнамалық база қалыптастырып жатыр. Оның үстіне криптобиржаның құлдырап кетуіне байланысты цифрлық активтерді қадағалауды жақсартуға қойылатын талаптар да жоғарылап кетті.