Панельдік сессиядағы алғашқы сөзді «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев сөйлеп, форумда талқыланатын мәселелер ауқымы кеңейгенін атап өтті. Оның айтуынша, іргелі жиын сындарлы диалог арқылы әлемдегі күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
«Еуразия – өте қызықты аймақ. Ал Қазақстан аталған құрлықта айрықша рөл ойнайды. Қазіргі жағдайға қарасақ, жеткізу тізбегі бұзылған, логистика да айтарлықтай өзгерген. Азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақтылық мемлекеттердің де, жеке сектордың да күн тәртібіндегі маңызды тақырыпқа айналып отыр. Әрине, Қазақстан бұл мәселелерді талқылауға ниетті. Орнықты даму мақсаттарына келсек, мұнда үш аспектіні айту маңызды. Біріншісі – экономикалық өсу. Оны әлеуметтік үдеріссіз, қоршаған ортаны қорғаусыз дамыту мүмкін емес. Бұл – Қазақстанның басты ұстанымдарының бірі. «Бәйтерек» – Қазақстанның қаржы секторындағы ірі агенттердің бірі. Біз таразының бір жағына тұрақтылық пен экономикалық дамуды, екіншісіне әлеуметтік және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қоюымыз керек», деді Қ.Шарлапаев.
Спикердің айтуынша, көпшілікке маңызды мәселенің бірі – тұрғын үй. Осы орайда, еліміз құрылыс саласына ерекше көңіл бөліп, баршаға қолжетімді ету жолында табысты жұмыс атқарып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар Отбасы банктің қызметіне тоқталып, пайыздық мөлшерлемесі төмен несие арқылы тұрғындарға баспана алуға мүмкіндік ұсынып отырғанын атап өтті.
«Құрылыс мәселелері, қолжетімді және орнықты болуы керек тұрғын үй мәселелері баршамызға маңызды тақырып деп ойлаймын. Біздің еншілес ұйымымыз Отбасы банк баспана алуға ипотека береді, ол – біз үшін өте маңызды қаржылық ойыншы.
Сонымен қатар әйелдерге арналған бағдарлама да бар. Осы орайда, олар несиені уақтылы төлейтінін, алғашқы жарнаны жинауда қиыншылық көрмейтінін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағдарлама да жұмыс істейді», деді Қ.Шарлапаев.
«Бәйтерек» холдингінің басшысы Қазақстан баламалы энергетика көздеріне де ерекше басымдық беріп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, жел, су, күн энергиясын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, бұл бағытта 400 миллион доллар инвестиция құйылған.
«Сондай-ақ «Бәйтерек» аясында шағын және орта бизнеспен жұмыс істейтін «Даму» қоры бар. Қор жұмысының нәтижесінде елдің ішкі жалпы өніміне шаққандағы шағын және орта бизнестің үлесі былтырғы 33 пайыздан 36 пайызға дейін артты. Алдағы уақытта мұның көбейе беретініне сенімдіміз. Әлбетте, халықаралық өлшеммен салыстырғанда бұл көп емес шығар. Бірақ шағын және орта бизнестің дамуы экономиканы әртараптандыруға жол ашатын жалғыз жол.
Басқа да халықаралық институттармен ынтымақтастық орнаттық. Бізде теңгеге номиналды түрде шаққанда шамамен 200 миллион еуроға несие желісі бар. Әйтсе де, коронавирус пандемиясына байланысты шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуімізді жалғастырдық. Бұдан бөлек, алғашқы әлеуметтік облигацияларды шығардық. Оның көлемі салыстырмалы түрде көп емес, дегенмен бірнеше жыл бұрын миллиард теңгелік әлеуметтік облигацияларға инвестиция тартуға жол аштық. Бұл бағытта атқарып жатқан жұмыс аз емес», деді Қ.Шарлапаев.
Сонымен қатар спикер Қазақстан ауыл шаруашылығына мол қаражат құйып отырғанын жеткізді. Аталған саланы тұрақтандыру негізгі басымдық екенін атап өтті. Елімізде жер мол болғанымен, су тапшылығынан зардап шегетінімізге назар аударды.
«Қазақстандағы ауыл шаруашылығын неғұрлым тұрақты ету жолында жұмыс істеуіміз қажет. Қазақстан – осы саладағы ең үлкен несие беретін ел. Осыған дейін ауыл шаруашылығына жарты триллион теңгеге жуық қаражат құйылды. Біз үлкен несиелермен шектеліп қалмаймыз. Шағын несие беру де жолға қойылған. Құрал-жабдықтар мен техниканы лизингке береміз. Қаржылық ұйымдардың фермерлермен тікелей жұмыс істеуіне көмектесеміз. Осы орайда, ең маңыздысы, фермерлерге смарт су технологиясын қолдануына мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Ендеше, мұның бәрі екі мәселені орындауға мүмкіндік береді. Ең біріншісі – ауылдық жерлердегі тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту. Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы шын мәнінде ауылдық жерлерде тұрады. Ал осы саладағы кәсіпкерлік модельді жетілдіру елді мекендер тұрғындарының өмір сапасын жақсартады. Екінші мәселе, қазіргі таңда жер-жаһанда да өзекті болып тұрған – азық-түлік қауіпсіздігі. Әрине, елімізде құс еті және сүт өнімдері секілді салаларда әлі де атқарылатын жұмыстар жетерлік. Десек те, маңыздысы – Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол себепті еліміз бұл салаға ерекше ден қояды.
Көптеген адам экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (ESG) факторлары нарықтан кетеді деп сенді. Бірақ олай болмай шықты. Мүмкін, кей инвесторлар осы саладан қаржысын шығарып жатқан шығар. Бірақ халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары әлі де инвестицияны сол жаққа бағыттап отыр. Қарыз алушылар ESG мақсаттары үшін қаражат алса, олар үшін тіпті жеңілдік мөлшерлемесі бар. Тіпті рейтинг біздің әлеуметтік және экологиялық міндеттемелерімізге байланысты анықталатынына сенімдімін. Осы факторлардың қосындысы жаңа нарықты құруға әкеледі», деді Қ.Шарлапаев.
Бұдан кейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры Мари-Хелен Берард сөз алды. Оның айтуынша, Астана халықаралық форумы шартараптың басын қосып отыр.
«Еуропа орнықты даму деп атауға болатын бүкіл салада орнықты дамуға толығымен ден қойған. Әрине, экономика, даму, табиғи ресурстар, энергетика салаларында қамтылған. Бұл мантраға айналды. Оған қарсы ештеңе істей алмайсыз. Дұрыс жолда, кәсібіңіз зиянсыз екенін көрсетпей, ешбір жоба ұсынуға мүмкіндік жоқ. Жүз пайыз орнықты, экологиялық тұрғыда таза болу қажет.
Бірақ кейде асыра сілтеп жатамыз. Өйткені кей жағдайда жүз пайыз экологиялық тұрақты емес, бірақ жұмыспен қамтамасыз ететін, пайда әкелетін жақсы экономикалық жобаларға кедергі келеді. Мен көп мысал келтіргім келмейді. Өзім куә болған Француз Гвианасындағы алтын кенішіне қатысты бір оқиғаны баяндап берейін. Жалпы, тау-кен өндірісі қоршаған ортаға, табиғи ресурстарға, құстарға, көбелектерге, гүлдерге, ағаштарға зиян тигізетін мүлдем орнықты емес нәрсе ретінде қарастырылады», деді Мари-Хелен Берард.
Спикердің айтуынша, Латын Америкасының солтүстігінде орналасқан Француз Гвианасы осындай әсіре сілтеудің зардабын тартып отыр. Бұл негізі Францияның аумағы саналады. Суринаммен және Бразилиямен шектеседі. Ел аумағын түгелдей тропикалық орман алып жатыр.
«Француз Гвианасы – өте кедей ел. Белсенді халықтың 30 пайызға жуығы жұмыссыз, жастарға істейтін іс табу өте қиын. Бірақ алтынға өте бай. Геологиялық тілмен айтсақ, алтынды аймақ. Өкінішке қарай, қазіргі таңда алтынды заңсыз тәсіл арқылы қазып алуға тырысатын кедейлер өте көп. Бұл – қоршаған ортаны ластайтын ең ауыр жол. Оның үстіне, алтын іздейтін адамдар көптеген апатқа ұшырайды, өміріне қауіп төндіретін жарақат алады. Кей халықаралық компания Франция үкіметіне тау-кен, алтын өндірудің өзгеше тәсілін жасауды ұсынуға тырысты. Әйтсе де, экологиялық идеяларға тойып алған агрессивті үкіметтік емес ұйымдар бір құсты өлтіріп, ағаш кессеңіз, шулап қоя береді», деді Мари-Хелен Берард.
Осы орайда спикер Қазақстанның қазба байлықтары мол екеніне назар аударып, тау-кен өндірісін дамытуға ерекше көңіл бөлудің маңызына тоқталды. Әлем минералды ресурстарға мұқтаж екенін, бірақ мәселеге байыппен қараудың қажетін жеткізді.
Франциялық Rungis SEMMARIS International Market атқарушы директоры Бенуа Жюстер Қазақстанның агросалада үлкен әлеуеті бар екенін, өзекті мәселелер де жоқ емесін атап өтті.
«Қазақстан жерінің 75 пайызы ауылшаруашылық қызметке жарамды, бірақ тек 30 пайызы қолданылады. Сондықтан мұны «Бәйтеректің» маңызды мақсаты деп сенемін. Біздің Орталық Азиядағы өкілдігіміз бар және бірқатар проблеманы анықтадық. Мұнда су ресурстары, сауданы ұйымдастыру мәселелері болуы ықтимал. Оған қоса, қойма инфрақұрылымы, базарлар, көлік қызметтері жеткіліксіз. Кедендегі қиындықтар, әкімшілік кедергілер де бар. Салада трейдерлер, көтерме саудагерлер жетіспеуі мүмкін, бұл қызметті қазір көлік компаниялары монополиялап алған сынды. Салдарынан 30 пайызға дейінгі азық-түлік, көкөніс шығынын көріп отырмыз. Еуропада мұндай шығындар 5 пайыздан аспайды. Жеткізу тізбегіндегі жағдайдың нашарлығынан түпкілікті тұтынушыға өнім қымбат бағада, төмен сапада жетеді», деді Б. Жюстер.
Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) жетекші өңірлік экономисі Эрик Ливни айтқандай, басты мәселе – даму институттарының ресурстарын пайдалана отырып, елдерді мейлінше дамыту.
«Біз елдерді барынша тиімді және нәтижелі болатындай қалай дамыта аламыз? Мысалы, Қырғызстан сияқты елдерде белгілі бір дәрежеде ұйымдастыру қажет. Онда тәртіп үлесін енгізіп, революциялар санын азайту қажет. Ал Қазақстан сияқты елдерде түрлі бағдарлама, Damu қоры, ауыл шаруашылығын қолдау, басқа да іс-шаралар арқылы «Бәйтерек» жасап отырғандай, ШОБ-қа көбірек көңіл бөлу қажет. Бүгін осы жерге халықаралық, жергілікті компаниялардың өкілдері көп жиналған. Барлығының ел мүддесін қолдап отырғаны, сондай-ақ жеке сектордың әлеуетін үйлестіруде дамыту институттарының білімі мен қорларына қатысты, тағы басқа көптеген мәселеде көзқарастарымыз бір арнаға тоғысқаны қуантады», деп түйіндеді экономист.
Талқылау барысында «Еуразия орнықты дамуда қай бағытта келеді?» деген сауал қойылды. Гонконг инвестициялық банкинг департаментінің басшысы Барри Чан Қытайда орнықты даму мәселесі қалай қарастырылатынын айтты.
«2013 жылы төраға Си таза су мен жасыл таулар тұжырымдамасын жариялады. Сонда ҚХР төрағасы тұрақтылық – азаматтардың әл-ауқаты екенін айтты. Осылай 2013 жылдан бері Қытайда тұрақтылық туралы көбірек білдік. Си Цзинпинь Назарбаев университетінде де Қытай 2030 жылға қарай көміртегі шығарындыларын азайтып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жететінімізді айтты. Бұл біздің ұлттық мақсатымыз және азаматтарымыз осы көзқарасқа жетуге жұмыс істеп жатқанымызды білдіреді», деді Б.Чан.
Панельдік сессия аяқталғаннан кейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор, MHB SAS инвестициялық консалтингтік компаниясының президенті және құрылтайшысы Мари-Хелен Берардты әңгімеге тартқан едік. Оның айтуынша, Еуразияның тұрақты дамуына мемлекеттердің бір-біріне ұқсамауы және олардың бастапқы жағдайы парадоксальды түрде ықпал ететінін атап өтті.
«Еуропа істемей жатқан тірлікті Қазақстан орындап жатыр. Елдеріңіздің аумағы үлкен, бізде жоқ ресурстар көп. Екінші жағынан, бізде тәжірибе, біліктілік, дамыған өндіріс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп бар. Біздің ынтымақтастығымыз ұтымды ғана емес, шын мәнінде екі тарапқа да пайда әкелетініне сенімдімін. Оны қалай жүзеге асырамыз? Бұл – басқа мәселе.
Еуразиядағы әріптестік бастамалар нақты жобаларға негізделуге тиіс. Мысалы, ауылшаруашылық өнімдеріңізді үлкен нарыққа шығару Қазақстандағы өте жақсы өзгерістерді білдіреді. Тағы бір мысал, сіздің елде уран бар. Бірақ, өкінішке қарай, әзірге Франция оны тек руда түрінде сатып алады. Бірақ өндіріс ошағын ашып, оны байытуға мүмкіндік мол. Әзірге Ресей мен Франция ғана мұны орындап отыр. Француз компаниялары Қазақстанмен ынтымақтаса отырып, өз тәжірибесімен және ноу-хауымен бөлісе алады. Осылайша, шикізатты қайта бөліп, өнімнің өзіндік құнын арттыруға мүмкіндік бар», деді Мари-Хелен Берард.
Шетелдік маманның пайымдауынша, мұның бәріне инновациялар, ғылым мен техниканың дамуы маңызды рөл атқарады. Бүгінде әлем бұрынғыдан мүлдем өзгерген.
«Осындай жаңа жағдайда жұмыс істеу тәжірибесін элитаға ғана емес, бүкіл халыққа жеткізу үшін біз ашық әрі білікті болуымыз керек. Елде сапалы білім болмаса, ештеңе де өзгермейді. Қазіргі таңда еліңізде бұл сала қай деңгейде екенін білмеймін. Бірақ Президент Қ.Тоқаев үкімет алдына осындай мақсат қойғанын білемін.
Тұрақты дамудың ортақ мәселелерін шешудегі Астана форумының рөлін бағалаған жөн. Маған бұл форум алтын көпір іспетті. Мұнда түрлі адам бар. Олар Астанаға келгеніне қуанышты. Бұл жерде олардың жұмысы, тәжірибесі, ноу-хауы керек. Мұндай форум тек сөз сөйлеуге ғана емес, адамдар арасындағы байланыс, жаңа идеялармен алмасу мүмкіндігі де маңызды. Мұның бәрі өте жақсы ұйымдастырылған. Меніңше, бұл форум Қазақстанның имиджін халықаралық аренада арттыруға тамаша үлес қосады», деді Мари-Хелен Берард.