Сұхбат • 13 Маусым, 2023

Арманға жетудің шексіз мүмкіндігі

268 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Қазір шексіз мүмкіндіктер заманы. Жетістікке жетуге ниетіңіз болса болды, оған мүмкіндіктің бәрі бар», деп ұрандатқанымызбен, іске келгенде желкеміз жар бермейтін жалқаулық, еңсемізді басып тұратын енжарлық, әрісі үмітсіздік арман-тілегімізді алып жығатыны рас. Десе де шектеулі мүмкіндікке қарамай, шексіз арманның жетегінде қаншама амал жасап жүрген адамдарға қарап өмірді жақсартуға құлшынысың артса ғажап емес пе! Сондай кейіпкердің бірі – талды­­қорғандық кәсіпкер Елдос Баялышбаев. Жол апатынан кейін төсекке таңыл­ған ол үздіксіз қимыл мен ізденістің нәтижесінде аяққа тұрған. Онымен тоқ­тап қалмай, өзі сияқты тағдыр сынына ұшыраған жандардың өмірге деген құш­тарлығын арттырған Елдостың оқиғасы – көпке үлгі.

Арманға жетудің шексіз мүмкіндігі

– Елдос, сіздің оңалту орталығын бас­қаратыныңызды білеміз. Қандай адам­­дармен жұмыс істейсіздер? Нәти­же­сін көріп, аяққа тұрғандар бар ма?

– Ең алғашқы кәсібімді 2014 жылы 3 мил­лион теңгемен кішігірім фитнес клуб ашудан бастадым. Адам саны көбей­ген­нен кейін клубты спорттық оңалту орта­лығына айналдырдым. Мүмкіндігі шектеулі жандармен, омыртқасынан зақым алған, ДЦП, инсульт алған адам­дармен жұмыс істейміз. Оңалту орта­лығы жақсы нәтиже көрсетті. Келу­ші­лер­дің саны да артып келеді.

– Алакөлден мүгедектерге арналған шипа­жай аштыңыз. Бизнесіңіздің ерек­ше жандармен байланысты болу себебі неде?

– Әкем – Алакөлдің тумасы. Алакөлге дема­луға жиі барамын. Бастапқыда жал­ғыз өзім өзгелерден ерекшеленіп жүре­ті­німе ыңғайсызданатынмын. Сонда «Неге мен сияқты ерекше жандар мұнда келмейді? Өзім сияқты адамдар жанымда болған кезде басқалар бұлай тесіліп қарамас еді» деген ой жиі мазалайтын. Көптеген демалыс орнында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасал­ма­ған­. Осыны ескеріп, маған мүмкіндігі шек­теу­лі жандарға арналған демалыс орнын ашу идеясы келді. Бұл кәсіпті 2016-2017 жыл­дары қолға алдым. Шамамен 15-16­ мил­л­ион теңге қаражат жұмсадық. Қа­зір­ осы кәсіптің арқасында 37 адамды жұ­мыс­­пен қамтып отырмын.

– Кәсіпкер болу да оңай емес. Түр­лі жағдай кездесіп тұрады. Қиын­дық­тар­ды қалай еңсересіз?

– Ең бастысы, адамда мінез болуы керек. Қасқайып қарсы тұрып қиындықтан қорық­пай, оны жан-жақты зерттеп, батыл шешім қабылдау қажет. Кәсіпкер үнемі ізденісте болып, білім алып, бәсе­кеге қабілетті болуға ұмтылғаны дұрыс. Себебі алған білімі түрлі келең­сіз жағдайлардың алдын алады. Жас кәсіпкерлерге айтарым, жаңа қадам­дар­дан­ қорықпай, идеяларды тартынбай жүзе­ге асырыңыздар. Сонымен қатар кә­сіп бастағысы келетін адам мықты кәсіп­керлердің ортасында жүргені абзал.

– Жапония елшілігі ұйымдастырған «Шө­п тамыры» атты байқауға қаты­сып­, 26 млн теңгенің грантын ұтып алға­­ныңызды естідік. Жоба не туралы?

– Рас, 160 мемлекеттің өкілдері қатысқан байқауда Жапонияның грантын ұтып алдым. Өте қиын болды. Өтінім берудің өзіне төрт ай уақыт кетті. Құжаттардың барлығын өткізгеннен кейін бір жарым жылдан соң грантты жеңіп алдық. Қомақты қаржыға АҚШ, Германия, Польша, Италия, Ресей секілді шетелдерден арнайы құрылғылар сатып алдық. Қазір осы құрал-жабдықтардың пайдасын көріп отырмыз.

– Табысты болудың құпиясы неде?

– Адамға пайдаңды тигізіп, өмірін жақ­сы жаққа өзгертуге себеп болсаң, содан артық бақыт жоқ. Адам саған шын жүре­гімен алғысын айтып тұрғанда, табыс көзі өзінен-өзі арта береді. Қазақ­тың «Қарғыс алма, алғыс ал» дейтіні со­дан. Басқаларға көмектесу табысты адам­ның тынысын ашады.

– Мықты кәсіпкер ғана емес, мық­ты­ спортшы екенсіз. Спорттың қай түрі­мен айналысасыз?

– Кеудемді керіп «мен мынаны істе­дім»­ деп айта алмаймын. Менен де мық­ты кәсіпкерлер бар. Көштен қалмай ілес­іп келе жатқаныма шүкір етемін. Спорт­ты жаным сүйеді. Жүзуден спорт шебері­мін. Бұл үшін арнайы шәкіртақы да ала­мын. Өзімді әлеуметтік кәсіпкер санай­мын. Сондықтан адамдарға қолым­нан­ келгенше көмектесіп жүргенім – үлкен жетістігім.

– Көлікті де өзіңіз жүргізеді екенсіз. Қиын­дық тудырмай ма?

– Басында қорқыныш болды. Көлік апатынан кейін темір тұлпарды тізгін­деу­ге жүрексінесің. Қаланың шетіне шы­ғып айдап көрдім. Содан кейін көлік­ті өзім жүргізіп келгенде ата-анам қат­ты таңғалды. Қазір Алматыға өзім ба­рып-келіп жүрмін. Адам арбада отырса­ да, ешкімге тәуелді болмай көлік тізгін­де­ге­нін дұрыс санаймын.

– Биыл Жетісу облыстық мәслихаты депу­­таттығына үміткер болдыңыз. Неге мұндай қадамға бардыңыз? Сая­сат­қа араласу жоспарыңызда бар ма?

– Бағымды сынап көргім келді. Әйт­пе­се, мұндай қадамға атақ, абырой үшін қы­зы­ғып барған жоқпын. Өзім сияқты ерек­ше жандарға жақсы жағдай жасайтын шешімдердің қабылдануына ықпал ет­кім келді. Олар да қоғамның толық­қан­ды мүшесі екенін сезінсе екен деймін. Жас­тар идеяларын айтып, ақыл сұрап ке­леді. Со­ларға барынша көмек­тесіп, бағыт-бағ­дар­­ көрсеткім келді. Ең бас­ты мақ­са­тым­ – жас­тар­­­ға қол­дау көрсету.

– Жеке өміріңіз туралы айта кет­се­­ңіз. Зайыбыңызбен қалай таныс­ты­­ңыз?

– Бір кеште билеп жүріп таныстым. Арбада отырсам да, еш қысылмай барып сөйлестім. Уақыт өткеннен кейін бір-бірімізді жақынырақ тани бастадық. Арамызда сезім пайда болды, өмірге деген көзқарасымыз бірдей екенін түсіндік. Содан кейін қол ұстасып, шаңырақ көтеруге шешім қабылдадық. Әйелім – Алланың аманаты. Еркек деген атқа лайық болып, барлық жағдайын жасауға, түсінуге, қолдауға тырысамын. Жолдасым – табиғатынан өте салмақты, білімді, кез келген жұмысқа өте жауапты қарайтын жан-жақты адам. Маған бағыт-бағдар көрсетіп, ақылын айтып, үнемі қолдап, бар махаббатын аямайды. Алға қойған мақсаттарымызға біртіндеп қол жеткізіп келеміз. Осындай өмірлік жар кездескеніне шексіз ризамын. Өмірде екі дүниеден шатаспау керек дейді ғой. Біріншісі жар таңдау болса, екіншісі мамандық таңдау. Менің екеуінен де жолым болған сияқты.

– Бала тәрбиесінде неге мән бересіз?

– Ең алдымен балаларыма сапалы бі­лім бергім келеді. Өйткені білім – олар­дың болашағының іргетасы. Қазір екі баламды жүзуге, ой-санасын дамы­­та­­тын орталықтарға апарамын.­ Уақыт­тарын пайдалы дүниеге жұм­са­ға­нын қадағалаймыз. Ысырап пен обал­­ды үйретеміз. Махаббатымыз бен мейі­рі­мі­міз­ді төгіп өсіріп жатқан жайы­мыз бар. Қо­лымыз қалт етсе, балалармен сырласып, ойнап, уақытты көңілді өткізуге тыры­­самыз.

– Алда қандай жоба-жоспар­ла­ры­ңыз­­­ бар?

– Басты мақсат – оңалту орталығын дамы­ту. Еліміздің ең мықты оңалту орта­лы­ғының бірі болсақ дейміз. Осыған қатыс­ты көп жобамыз бар. Сол идеяларымды жүзеге асырғым келеді.

– Жігері құм болып, өмірден түңіл­­ген,­­ сәтсіздіктерге тап болған жан­дар­ға­­­ не айтар едіңіз?

– Тағдырластарыма айтарым, қандай жағ­­дай болсын, сен өз ата-анаңа, аға-ба­­уыр, іні-қарындасыңның алдында жауап­­кершілігің бар екенін ұмытпа. Өмір­дегі ең жақын адамдардың хақысын беру­ге міндеттісің. Қазір заман дамыған. Қан­дай іспен айналыссаң да, үнемі даму үс­тінде, ізденісте болуың керек. Сұра­ныс­­та болу үшін мықты маман болуың шарт­. Мысалы, мен арбада отырсам да магис­­тратураны бітірдім. Өмірде кездес­кен әр мүмкіндікті құр жібермей, кәдеге жарату керек.

 

Әңгімелескен

 Гүлшахра САНСЫЗБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»