Төтенше жағдай • 14 Маусым, 2023

Алапат өрт халықты көшірді

1940 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Абай облысындағы алапат өрттің ауыздықталмауы облыс ор­та­лығы – Семей қаласының тұрғындарын да алаңдата бастады. Өйт­кені тілсіз жау қала маңындағы Озерки ауылдық округіне қа­расты Каштак, Талица елді мекендерінің төңірегіндегі орманды алқаптарға дейін жайылды. Жанған ағаштардың түтіні барған сайын қоюланып, көкті тұмшалағаны соншалық, алыс­тан да анық көріне бастады. Полиция аталған елді мекендердің бағытындағы жолға тосқауыл қойып, бет алған көліктерді кері қайтару үстінде. Өрттің өршуіне аптап ыстық пен күшейген желдің де әсері болып тұр.

Алапат өрт халықты көшірді

Ал кеше тұрғындары көшірілген Каштак, Талица және Тепкаши ­ауылдарына Семейде­гі 5 511 әскери бөлімінің 100-ге ­жуық сарбазы мен ­8­ тех­ника аттан­ға­нынан хабардар еткенбіз.

Әскерилер иен қалған ауылдар­дың үйін, дүние-мүлкін тонатуға жол бермеу мақсатында кіргізілген еді. Сонымен қатар ауылда қал­ған кейбір тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіруге және зардап шеккендерге қол ұшын бермек.

 

Ел алаңдап отыр

Жақында ғана Семейде ашыл­ған халықаралық жыршы-термеші­лер одағы Абай облыстық филиа­лы­ның директоры Дәулет Сметов бас­таған азаматтар Талица ауы­лына бармақ болғанымен, полиция оларды қауіпті аймаққа өткізген жоқ. Себебі түсінікті де. Бірақ оның жол үстінде әлеуметтік желіге салған видеосынан өрттің күрделі сипат ала бастағаны анық көрінеді.

– Халықаралық ақын, жыршы, термешілер одағының Абай об­лыс­­тық филиалының жігіттері болып жағ­дайды өз көзімізбен көріп, кө­мек­тесуге ниет еткен едік. Жолға шық­­қанымызбен, Талицаға таяған­нан по­лицияның барлық көліктерді қатаң түрде кері қайтарып жатқа­нын байқадық. Түтіннің де қоюла­нып кеткен көрінісі қауіптің күшей­ге­­нін көрсететіндей. Түнде кезекші­лік­те болған өрт сөндірушілер­ден жағдайды сұрастырдық. Қалың өрт болып жатқан сол маңдағы жерге өрт сөндіру техникасы мүл­дем маңайлай алмайтын кө­рі­неді. Түтіннің қарақошқылда­нып қою­лануы шайырлы қарағайға от түссе, солай үрейлі көрінеді екен. Өз ­ойымша қосымша күштер ша­қырудың тағы бір түрін ойластырмаса, мына өрттің басылар түрі жоқ, – дейді Дәулет Сметов.

Расында да, Төтенше жағдай­лар министрлігі тарапынан тиісті қадамдар жасалып жатқаны сәт сайын хабарланып жатқанымен, халықтың алаңдауы орынды.

 

Қаза тапқандардың отбасына көмек

Ал кешегі Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұран­хаев қазіргі ахуалды баяндағанда, өртті өшіруге 1 788 адам, 15 тікұшақ, 345 техника тартылғанын мәлімдеді. Тех­ни­каларға қажетті 70 тонна жанар­майдың 50 тоннасы «Kaz Minerals» ком­паниясының есебінен бөлін­се, 20 тоннасын облыстық әкімдік ­тарапынан жіберілген.

Қазіргі уақытта апат салдарынан ­3 үй өртеніп, 2 техника жанып кет­ке­ні белгілі болып отыр. Ыс тиіп улан­ған 2 орманшының денсаулығы оңалып келеді.

Үкімет басшысы оқиғаға байланысты 10 күннің ішінде қорытынды жасауға тапсырма берді. Сонымен қатар қаза тапқан 14 орманшының отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетінін айтты. 40-тан астам отандық жоғары оқу орны өрттен зардап шек­кен отбасылардың сту­денттеріне грант­тар мен жатақха­надан орын бө­лін­бек. Оған қоса ақылы негізде оқи­тын студенттер мен магистранттарды грантқа ­ауыстыру көзделіп отыр.

 

Көшірілгендердің ахуалы қандай?

Осы сауалға жауап іздеп Семей құрылыс колледжінің жатақхана­сы­на барған едік. Мұнда негізі­нен Бұ­лақ ауылының тұрғындары орналас­тырылған болып шықты.

– Мынандай алапат өртті ал­ғаш көруіміз. Өзімізге қатты қауіп төн­бесе де, үсті-басымызға түтін сіңіп қа­­лыпты. 11-і күні бізді кө­шірді. Негізі кеткіміз келмеген. Бірақ төтенше жағдайға байланысты ауылдан бәрімізді әкетуге бұйрық келге­нін ұқтық. Қазір мұнда жағдай жаман емес. Барлығымызға жеткілікті көңіл бөлі­ніп жатыр. Балалардың да уақытын дұ­рыс өткізу жайы жақсы ойластырыл­ған. Үш-төрт мезгіл тамағы да, көпбала­лы отбасыларға қажетті киім-кешегі де еріктілер тарапынан да, әкімдіктің ұйымдастыруымен де үздіксіз келіп жатыр. Тек аман-есен үйімізге қа­шан оралатынымыз ойлантады. Өртті сөндіру де оңай болмай жатқанын естіп жатырмыз. Отырған орнын тас­тап, шарасыз күйде келу кімге жай­лы тисін? Әйтеуір, ел-жұрттың амандығын тілейміз, – дейді Бұлақ ауылының тұрғыны Қазез Төлеуғазин.

Бес перзенті бар Қанат Түн­қатаров та осында орналасқан. Айтуынша, қала іргесіндегі кен орындарының бірінде ауысымдық жұмыста.

– Әр айдың он алтысы күні ауы­сымға кетемін. Бұл жолғы жұмысқа ке­туім осындай жағдайға тап келеді деп кім ойлаған? Жеке көлігіммен келген едім. Ауылда талай жоспарлы істерім тоқтап қалды. Өрттің жа­йы қаншама шаңырақты қара жамыл­дырып, көптеген үйдің тұр­ғындарын бас сауғалатып бостырып жіберді. Мен соған күйінемін. Әрине, мұндайда қиындыққа тап болғандарға көмек көрсетілуі, қа­жеттіліктермен қам­тамасыз етілуі заңдылық. Ал мұн­дай апаттар бір емес, неше рет қайталанып жатыр ғой, – дейді ол.

Семей құрылыс колледжі ди­рек­торының орынбасары Арай Нұр­­ғо­жанованың айтуынша, мұн­­да Бұ­лақ ауылының 115 адамы орна­лас­тырылған. Жататын орындарына бар­лық жағдай жасал­­ған. Тәулігіне бес рет тамақ беріледі. «Азық-түлік қоры толығымен жет­кілікті. Ас мәзірі әр күні әртүрлі да­йындалады. Киім-кешектер де толықтай таратылып берілді. Оқуға тапсырып жатқан балалары болса, олардың ноутбукпен алаңсыз дайындалуын да қамтамасыз етеміз. Жалпы, мұндай істерді барлық мекемелер, білім басқармасы, облыстық әкімдік барынша бірлесе атқарып жатырмыз. Әсіресе балалардың бос уақытын тиімді, қызықты өткізуіне күнделікті көңіл бөлеміз», дейді Арай Серікжанқызы.