Мәдениет • 13 Маусым, 2023

ТҮРКСОЙ – 30 жыл: Түркі жұртының өрісті кезеңі

1930 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлт­тық кітапханада ТҮРК­СОЙ халықара­лық ұйымы­ның 30 жылдығына арналған «Түр­кі әлемінің бір­лігі» атты кітап көрме­сінің тұсаукесері өтті. Көрменің бас­ты мақсаты – тегі бір түркі ха­лық­тарының тарихи және әдеби құн­ды­лықтарын ұлықтау, өскелең ұрпаққа жауһар жәдігерлерді насихаттау әрі мәдениет саласындағы өзара қарым-қатынасты нығайту.

ТҮРКСОЙ – 30 жыл: Түркі жұртының өрісті кезеңі

Айтыскер ақын, мәдениет саласының майталманы Та­лант Арғынғалидың арнауы­мен бас­талған салтанатты іс-шара, құт­тықтау сөздер легімен жал­ға­сын тапты. Алғашқы құт­тық­тау сөз ТҮРКСОЙ ұйы­мы­­­­ның Бас хатшысы, Қырғыз Рес­­публикасының еңбек сіңір­ген мәдениет қайраткері, Қыр­ғыз­­станның Халық жазушысы Сұл­тан Раевқа берілді. Ол түркі әле­мінің ең алғашқы ұйымы әрі алтын көпірі болған ТҮРКСОЙ ұйы­мының 30 жылдығында қазақ жерінде бас қосып жатқанына ризашылығын білдіре отырып, күллі түркі жұртын ортақ қуа­ны­шымен құттықтады.

Іс-шарада жылы лебіздерін білдірушілер қатарында Мұрат Әуезов те бол­ды. «Түріктің ұлы ақыны Юнус Эмренің «бөліссек тоқ бола­мыз, бөлінсек жоқ боламыз» деген сөзі бар. Еуразияның бай­тақ даласын мекендеген түркі халықтарының басынан қаншама тарих талайы, тағдыр талқысы өтті. Біріккен де, бөлінген де заман өтті. Тоқ болған да, жоқ болуға таяған дәуірлер де өтті. Өтті, бірақ әлі кете қойған жоқ. Қауіп қашанда қабырға сыртында. «Ұлт пен ұлтты, халық пен халықты теңестіретін білім», дейді Мұхтар Әуезов. Білім бар жерде білік бар, білік бар жерде – өнер, ал өнер бар жер­де бірлік бар. Бірліктің ба­рар тауы – өсу, өркендеу. Біз­дің бауырлас халықтардың ара­сын­да осындай орасан зор мақ­сат-міндетті атқару жолында құ­­­рыл­ған бірден-бір ұйым осы ТҮРКСОЙ. 30 жылда бұл ұйым әлемдік деңгейге көтерілді. Бұл мәртебе – осы жылдар ішіндегі ұйымды басқарған мықты қайраткер азаматтардың еңбегінің жемісі. Сұлтан Раев бауырымыз – әдебиетте ойып тұ­рып өзіндік орнын алған, бүкіл адамзаттық тақырыптарды кө­теріп жүрген жазушы ғана емес, қаны да, жаны да, жүрегі де түркі­шіл рухты азамат. Халқымызда «жиырма жас – дауыл, отыз жас – отау, қырық жас – қыран» деген жақсы сөз бар. Бүгін отыз жасқа толып отырған ортақ отауымыз ТҮРКСОЙ-дың орда бұзар орта толтырған мерейтойы құтты болсын», деді Мұрат Мұхтарұлы.

счми

Думанды мерейтой қарса­­­­ңын­да Талғат Абуғазин, Бақыт­­­жа­мал Оспанова, Ербол Бейсе­­нов, Кәрімбек Құрманәлиев, Кә­дір­бек Құныпияұлы «ТҮРКСОЙ – 30 жыл» медалімен мара­пат­­­тал­­ды. Сондай-ақ Ұлт­тық кітап­ха­на директоры Б.Оспанова Қазақстан кітапханала­ры ода­ғы­ның атынан ­С.Раев­қа арнайы «Құрметті кітапха­на­шы» төс­бел­гісін табыс­тады.

Мәдениет және спорт ми­нистрлігі, ТҮРКСОЙ халық­­ара­­лық ұйымы және Ұлт­тық кі­тапхананың ұйымдас­ты­­руымен өткізілген жиында ТҮРКСОЙ ұйымының, Мә­дениет және спорт ми­нис­тр­лігінің өкілдері, Қыр­ғыз Республикасының Ал­ма­ты қаласындағы Бас консу­лы Н.Арипов, Түркия Бас кон­­сул­дығының білім беру жө­нін­­дегі атташесі Кираз Мехмет, Өзбекстан Республикасының Ал­­маты қаласындағы Бас кон­сулы А.Каюмов, Мажар­стан­ның Бас консулы Френц Блау­манн, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­ның, мәде­ни орталықтардың өкіл­дері құрмет­ті қонақ болды. Іс-шара соңын­да көрменің лента қию рәсімі өткізіліп, көпшілік­ке таныстырылды. Фирдоусидің «Шахнама», «Насабнама» туын­дылары, Қожа Ахмет Ясауи, Ба­қырғани, Әлішер Науаи, Сопы Аллаяр еңбектері мен А.Құ­нан­­байұлының алғашқы баспа кі­табы, А.Байтұрсынұлының, М.Жұ­ма­баевтың, Ж.Айма­уы­­тұлының шы­­ғармалары көрме төрі­нен орын алды.

Сондай-ақ түркі мемле­кет­те­рінің ортақ қуанышын атап өтуге атсалысу мақсатымен Алматы­ға Өзбекстанның Мәдениет ми­нистрі Озодбек Назарбек, Түр­кия, Әзербайжан, Қырғызстан Мәдениет министрлерінің орын­­басарлары Сердар Чам, Мурад Гусейнов және Қайрат Има­н­а­лиев келді.

Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрында өткен сал­танатты іс-шара Қазақстан Пре­­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев­­­тың арнайы Жарлығымен ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұл­­тан Раевты ІІ дәрежелі «Дос­тық» ор­денімен марапаттау­­дан бас­тал­ды. Концертте Қазақ­­стан және өзге де түркі мем­ле­­кет­­те­рі­нің әртістері өнер көрсетті. Ел­­аралық маңызы зор ауқым­ды іс-шараны түркі елдерінің ұлт­тық киім­дерінің тақырыптық фото­көрмесі мен дефилесі толық­­тыр­ды. Ал театр ауласында қазақ­стандық қолөнершілердің көр­месі ұйымдастырылды.

«ТҮРКСОЙ-дың 30 жылды­ғы – бүкіл түркі әлемі үшін ма­ңызды оқиға. Сондықтан, ең ал­дымен, осы атаулы күнді мерекелеуге келген әріп­тестері­ме алғыс айтамын. Осы уақыт ішінде біз бауырлас ха­лық­тармен мәдени және рухани байланыс­тарды нығайт­тық, ауқымды жобаларды жүзеге асыр­дық, тә­жірибе және білім ал­мастық. Бұл үде­рістердің бас­талуы Қазақ­стан­да қаланғаны – біз үшін ерек­ше маңызды. Біз­­дің ортақ күш-жігерімізбен ТҮРКСОЙ одан әрі дамитыны­на се­німдімін. Қазақстан – ТҮРКСОЙ-дың бел­сенді қаты­су­шысы. Еліміздің бастамасы бо­йынша 2023 жыл ұйым деңгейінде «Темірбек Жүр­генов жылы» болып жария­лан­ды. Ұлы қайраткер­­дің 125 жыл­ды­ғына орай ТҮРК­СОЙ ел­де­рінде жүзден астам түр­лі іс-шара өтеді. Атап айт­­қан­да, концерттер, ғылыми-тәжі­­рибелік кон­фе­ренциялар және кітап­тар­­дың тұсаукесерлері осы көк­тем­де Ал­матыда басталды», деді Мәде­ниет және спорт министрі Асхат Оралов.

«Қазақ жері түркі мәдение­ті үшін көптеген маңызды тұл­ға­ның отаны болды. Жаһан­да­нудың қазіргі дәуірінде ту­ған мәдениетті сақтаудың маңыз­ды­лығы бұрынғыдан да өзекті. Сондықтан ТҮРКСОЙ елінің барлығы осы ортақ миссия үшін бірлесіп жұмыс істейтін болады», деді құрамына алты мемлекет кіретін халықаралық ұйымның Бас хатшысы Сұлтан Раев. Ол өзіне көрсетілген ықылас үшін Қазақстан Республикасының Президентіне алғысын білдіріп, түркі жұртының рухани бірлігін нығайтып, өрісін кеңейте түсу үшін талмай қызмет ете бере­тініне сендірді.

 

Гүлайым ЖҰМАШ,

Тұран университетінің студенті

АЛМАТЫ