Дәстүр бойынша, ҚКФЛ әр айда командалардың бас бапкерлері мен капитандары арасында сауалдама жүргізіп, айдың үздік футболшысы мен бас бапкерін анықтайды. Мамыр айындағы сауалдама қорытындысы бойынша, «Ордабасы» мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген өткен айдағы еліміздің ең үздік футболшысы атанды. Тағыберген мамыр айындағы ойындарда 3 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген.
Ал бас бапкерлер арасында «Ордабасы» клубының жаттықтырушысы Александр Седнев үздік деп танылды. Шымкенттік команда мамыр айында бес ойын өткізіп, соның барлығында жеңіске жетті. Төрт мәрте ел біріншілігіндегі ойында, бір мәрте кубок бәсекесінде қарсыластарынан басым түскен болатын.