Хоккей • 14 Маусым, 2023

«Барыс» жастарымызды қашанғы шеттете береді?

392 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден биылғы әлем чемпионатында ел құрамасы кейінгі 25 жылда алғаш рет шетелдік легионерлерсіз ойнап, жергілікті жас хоккейшілермен тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Біздің жігіттер жоспарланған жеті ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, өкінішке қарай, төрт ойында қарсыластарына жол берді. Алты ұпаймен өз тобында алтыншы орын алған жерлестеріміз келесі жылы да әлемдік доданың элиталы кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды.

«Барыс» жастарымызды қашанғы шеттете береді?

Финляндияның Тампере мен Лат­вияның Рига қалаларындағы мұз­айдындарда өткен әлем чемпионатында ел намысын 18-19 жастағы Мак­сим Мухаметов, Батырлан Мұ­ратов, Мак­сим Мусоров, Мәди Ди­хан­бек, Данил Бутенко, Әлихан Өмір­беков, Ар­тем Королев, Абай Маң­ғ­ысбаев, Та­мир­лан Гайтамиров, Дін­мұхамед Қайыр­жан секілді жас жігіттер қорғап, баршаға қазақтар да хоккей ойнай алатынын дәлел­деді. Ал бұл жігіттердің басым бөлігі елор­далық «Барыс» жүйесінің тәрбие­ленушілері екені белгілі.

Осы әлем чемпионатында олар нәтижелі ойындарының арқасында «Барыстағы» легионерлерді командадан ығыстырып, Құрлықтық хоккей лигасының алдағы маусымында ойнай алатындарына баршаның көзін жеткізді. Алайда «Барыс» бас­шылығы бұл жігіттерден оп-оңай бас тартып жатыр. Мәселен, әлем чемпионатынан кейін астаналық командадан қақпашы Максим Павленко, қорғаушылар Да­нил Бутенко, Артём Королёв, шабуылшылар Максим Му­хаметов пен Никита Михайлис кетті. Бұл – әлі тек басы ғана.

Никита Михайлистің командадан кетуі түсінікті. Ол бұған дейін де команда ауыстырғысы, жаңа ұжымда бақ сынап көргісі келетінін айтып жүрген болатын. Ал болашағынан үл­кен үміт күттіретін жас шабуылшы Максим Мухаметовті «Барыс» басшылығы не үшін өздерінде сақтап қалмағаны мүлде түсініксіз. Тіпті, оған командада қалу туралы ұсыныс та жасалмаған екен. Мухаметов әлем чем­пионатында үш мәрте мергендігімен көзге түсіп, Қазақстан құ­ра­масының ең үздік шабуылшысы атан­ған болатын. Енді шабуылшы алдағы бір маусым Маг­нитогорскінің «Ме­тал­лург» коман­да­сын­да өнер көр­сетеді.

Шайба.kz интернет ба­сылымының мәліметі бо­йынша, ел намысын Құр­­лық­тық хоккей лигасында (ҚХЛ) қорғайтын «Барыс» клу­бының басшылығы биыл­ғы әлем чемпионатында ойнаған бірнеше хок­кейшіге айлық жалақысы 250-300 мың теңге көлеміндегі келі­сімшарт ұсынған екен. Ал оған дейін бұл хоккейшілерге жоғары жа­лақы төлеуге дайы­н шетелдік коман­далардан ұсы­ныс түскен. Бірақ отандас­тарымыз өздерін тәрбиелеп шығарған команданың ұсыны­сын күткенімен, көңілдегі жалақы ұсы­­­нылмаған.

Егер «Барыс» клубының басшы­лығы алдағы уақытта жас хоккей­шілерге сенім артатынын, ҚХЛ ойын­­дарында өздерін көрсетуге мүм­кін­дік беретінін айтып, олардан командада қалуын сұрағанда, аталған хоккейшілер қарсылық танытпас еді. Тіпті, оларды өздерінде ұстап қалу үшін аса көп көлемдегі қаражат та қажет емес. Мәселен, ҚХЛ-дың был­тырғы маусымында елордалық ұжым сапында мұзайдынға шығып, бірде-бір шайба соға алмаған ресейлік хоккейші Кирилл Максимовке бір жылда 75 миллион теңге жалақы төленген. Ал командада небәрі үш-ақ ай өнер көрсеткен 28 жастағы канадалық қорғаушы Крис­тофер Биграске «Барыс» 122 миллион теңге шығындаған. Яғни Кирилл ай сайын 6 миллионнан аса айлық алып отырса, Кристоферге 40 миллион теңге көлемінде жалақы төленген. Шетелдік ойыншыға жалақы төлегенде миллиондап шығындалуға дайын «Барыс» өз шәкірттеріне келгенде жылына солардың бір айдағы жалақысын тө­леуге сараңдық танытып отыр.

Сонымен қатар жастардың «Ба­рыс­тан» кетуіне жалақы мәселе­сінен бөлек, команданың қазіргі бас бапкері Андрей Скабелканың да әсері бар екені айтылып жатыр. Себебі, Беларусь маманы Қазақстан хоккей мектебінің түлектеріне көп сенім арта бермейді. Негізінен ол легионерлермен ойнағанды құп көреді. ҚХЛ-дың былтырғы маусымында Скабелка биылғы әлем чемпионатында жасындай жарқылдап, буллиттер сериясында мықтылық танытқан қақпашы Андрей Шутовты «Номад» клубына жіберіп, орнына жылына 140 миллион теңге жалақы алатын словакиялық Юлиус Гудачекті шақыртқан болатын. Ал Шутовтың жалақысы жылына 5-6 миллион шамасында. Сонымен қатар Андрей Скабелка Батырлан Мұратовқа да ҚХЛ-да өзін көрсетуге мүмкіндік берген жоқ.

Осылайша, басшылықтан және бапкерлер құрамынан қолдау таппаған жас хоккейшілеріміз «Барыс» клубынан кетіп жатыр.